«Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деген Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов. Сол айтпақшы, елдегі қабылданып, қолданысқа енгізілген барлық заңдық құжаттардың мақсаты мен міндеті біреу – ол азаматтардың мүддесі мен құқығын қорғау. Заң арқылы қоғамдағы тепе-теңдік сақталады, заңның көмегімен мемлекеттегі ортақ тәртіп қалыптасады. Бұл жеке тұлғаларға ғана емес, заңды тұлғаларға да қатысты заңдылық.
Айталық мамандандырылған экономикалық соттардың өндірісіне уәкілетті органның нұсқамасын орындауға міндеттеу туралы талаптар жиі түседі. Мұндай талап-арыздар бойынша сот практикасы көбінесе нұсқаманың заңға сәйкестігін тексеруге, оның заңдылығы мен негізділігін зерделеуге бағытталған. Талап-арыздарды таразылағанда адресат тарапынан міндеттерді орындамау белгілерінің болуы да жіті тексеріледі. Егер уәкілетті орган өз құзыреті шегінде ұйғарым шығарған болса, соттар, әдетте, мұндай талаптарды қанағаттандырады. Мұндай талаптың қойылуы орынды, өйткені ол заңнамаға қайшы келмейді. Ең бастысы мұнда азамат немесе ұйымның белгіленген талаптарды көзделген мерзімде орындамауы түрткі болған.
Іс барысында сот уәкілетті органның мұндай нұсқама шығаруға құқығы бар-жоғын және оның қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін тексереді. Осыған орай сот барысында талапкер (уәкілетті орган) жауапкер тарапынан нұсқаманың орындалмағандығын дәлелдеуге міндетті. Егер нұсқаманы орындамаудың уәжді себебі болса, ол міндетті түрде құжаттармен дәлелденуі тиіс. Яғни, жауапкер өзіне тәуелді емес объективті себептермен, мысалы, форс-мажор, үшінші тұлғалардың іс-әрекеттері салдарынан нұсқаманың орындалмау себептерін көрсетіп, өзінің әрекетінің негізділігін дәлелдей алады.
Сот талапты қанағаттандырған жағдайда жауапкер нұсқаманы орындауға міндеттеледі. Шешімде нұсқаманы орындалу мерзімі және оны орындамаудың салдары толық көрсетіледі. Егер сот талқылауы кезінде нұсқаманың заңсыз немесе негізсіз екендігі анықталса, сот оны толығымен немесе ішінара жою туралы шешім шығаруы мүмкін.
С.Нұрбек,
Алматы қаласы мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы