Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бурабай баурайындағы туризмнің дамуы мен инфрақұрылымының сапасы жөнінде нақты тапсырмалар жүктелгеннен кейін өңір экономикасының басты бағыттарының бірі – туризм саласына инвестиция тарту жобаларына баса назар аударыла бастады. Атап айтқанда туристік кластерді ілгерілету жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылған. Өңірде елдің туризм саласындағы брендіне айналуы тиіс – Щучинск-Бурабай курорттық аймағы бар. Табиғаты ерекше аймақты дамытуда инвестициялық жобалардың аса маңызы зор. Тек істің көзін тапса болғаны…
Жақында облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Бурабайда туристік операторлар мен кәсіпкерлердің қатысуымен Президент шегелеп тапсырған міндеттер жайлы келелі кездесу өткен еді. Облыс әкімі туризм саласын дамытуда бірлесе әрекет етудің маңыздылығын атады. Бурабай баурайындағы табиғаты ерекше сұлу аймақта туристік-рекреациялық кешенді дамытуға әлеуеті зор. Алайда, статистикалық деректерге сенсек өңір экономикасына туристік саладан түсетін қаражат көлемі небары 0,4 пайыздан аспайды. Сондықтан туристік өлкенің дамуына кең мүмкіндіктер туғызу үшін ішкі және сыртқы инвестициялық қаражатты тартуға баса назар аудару қажет. Облыстық туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурскийдің айтуынша қазіргі таңда туристік орындардағы статистика экономикалық қызметтің екі түрі – тамақтану мен мейманханаларда тұру мәліметтері бойынша ғана жүргізіледі. Дегенмен, туризм саласы көңіл көтеру, жолаушылар тасымалы, сауда-саттық басқа да қызмет көрсету салаларымен де тығыз байланысы өкінішке орай қараусыз қалған. Сонымен қатар, еліміздің басқа өңірлеріндегі кәсіпкерлерді тіркеу мен көлеңкелі экономиканың бақылаусыз күйінде қалуы да аймақтағы туризмнің дамуына кері ықпалын тигізген. Басқарма мәліметінше бүгінде Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы пәтерлердің 90 пайыздан астамы заңсыз түрде жалға беріледі. Орналасу нысандарының көптеген иелері салық төлемес үшін өз ғимараттарының құнын әдейі төмендетіп алған. Қызмет көрсету саласындағы әрбір үшінші жұмысшы жұмысқа заңсыз орналасқан. Осы сияқты басқа да себептер көлеңкелі экономиканың кең өрістеуіне жол ашқан. Сондықтан өткір мәселелерді бірлесе қарастыру әрі оның шешімін табу аса маңызды қадам екені айтылды. Туризмді дамыту үшін бірінші кезекте қаржылық мүмкіндігі мол инвесторларды тарту аса маңызды. Алайда облыстың көптеген аудандарында бос жер учаскелерінің актуальды картасы жоқ. Құзырлы мекемедегі қолда бар мәліметтер көптен бері түзетілмеген әрі жаңсақ болып шықты. Тіпті, жұмыс істеп жатқан көптеген нысандар елді мекендердің бас жоспарына енбеген, мақсатты арналуы әрі жете жобалау жоспары да жоқ. Ал мұндай бос жерлер инвесторлар үшін қызығушылығын тудыруы да екіталай. Сонымен қатар, жерді бөлудің жалғыз заңды нұсқасы тек аукцион болып табылады. Бірақ жетілдірілмеген рәсім бизнесті дамытуда жерді ұсынуға кепілдік те бермейді. Яғни жер учаскелерінің құжаттарының болмауы әлеуетті инвесторларды Қатаркөл және Жөкей көлдерінің жағалауын да дамыту күрделілік туғызған. Мұнда Discovery, «Звездный», «Орман және жұлдыздар», «Орбита» сияқты туристік нысандар дамудың даңғыл жолына түскенін атап өткен жөн. Сондай-ақ кездесу барысында көлік қатынасының туристік аймақтың тынысын кеңейтуге ықпалын жоғарылату мәселесі көтерілді. Бүгінде Көкшетау қаласындағы әуежай жүктемесі небары 2 пайызды ғана құрайды. Ал әуе айлағын тек жыл бойы туристер ағымын ұлғайту арқылы ғана толтыруға болады. Басқарма басшысы туризмнің адымын аштырмай тұрған көліктік қатынасты дамыту мақсатында көлік министрлігіне бірнеше мәрте қосымша субсидияланатын әуе рейстерін қосу қажеттігі туралы хаттар жолданғанын атап өтті. Қазіргі уақытта ведомстволық комиссия Көкшетау–Қызылорда, Көкшетау – Ақтөбе әуе рейстерін іске қосу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың үш кезеңді жоспары шеңберінде 2012 жылдан бастап инженерлік, көліктік және басқа да инфрақұрылымдық салаларды дамытуға республикалық бюджет қоржынынан 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгені белгілі. Біраз шаруа атқарылды десек те курорттық аймақта шешімін таппаған мәселелердің әлі де баршылық екенін Мемлекет басшысы еске салған. Президент жоспарға сәйкес 126 миллиард теңге бөлу жоспарланғанымен іс жүзінде тек 35 миллиард теңге ғана бөлінгенін атап өтті. «Бұл қарастырылған қаржының тек 28 пайызы ғана. Он жылдан астам уақыт ішінде курортты аймақта тазарту қондырғылары да орнатылмаған. Сонымен қатар су құбыры желілері мен жылу көздерінің құрылысы аяқталмаған», – деді Президент. Аталған мәселе жөнінде облыс әкімі Марат Ахметжанов та пікірін білдірді. Оның айтуынша 2017 жылы басталған су құбыры, су және электр желілерімен қамтамасыз ету нысандарының құрылысы басталғанымен аяқталмай қалған. Жобалық-сметалық құжаттамалар туристік бизнес инфрақұрылымының мұндай көлеміне шақталмаған. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жобалар түзетілгеннен кейін ауыр жүк облыс бюджетіне түскен. Бюджет қоржынында мұндай ірі көлемдегі қаржы болмағандықтан жасалған жұмыстарға тексеріс өткізіп, оның негізінде жаңа жобалар жасап, қатаң бақылау арқылы жүзеге асыруға шешім қабылданды. Өйткені, туристік саланы дамытуға бөлінген әрбір тиын тиімті жұмсалуы тиіс. – Тиісті бақылаудың болмауы кезінде осындай келеңсіз жағдайлардың туындауына әкеліп соқты. Әрине, мұның бәрі курорттық аймақтың тартымдылығына жағымсыз әсерін тигізбей қоймайды. Қазіргі уақытта тіршіліктің ең басты қажеттіліктері жарық пен судың да жиі істен шығып қалуы. Оны жергілікті тұрғындармен қатар мұнда келген демалушылар да сезінеді. Осы және өзге де міндеттер кешенді түрде шешімін табатын болады. Бізде өңірдің туристік-инвестициялық климатына жағымды ықпал ететін инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және жақсартуға арналған тетіктеріміз бар, – деді Марат Ахметжанов. Кездесу кезіндегі әңгіме барысында кәсіпкерлер де өз пікірлері мен ойларын білдірді. Бизнес өкілдері аймақтағы жер учаскелерін табыстау, бизнесті несиелеу, кадрлардың тапшылығы, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің туристік нысандармен өзара әрекеті және басқа да өзекті мәселелерді атап өтті. Атап айтқанда балалар мен жасөспірімдер туризмі және демалысы республикалық ассоциациясының төрағасы, кәсіпкер Қайрат Сұлтанов туристік операторларға делдалдардың араласуынсыз жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен азық-түлікті сатып алуға мүмкіндік беру туралы ұсынысын жеткізді. Қазақстан туризмінің құрметті қызметкері әрі Ақмола облысының туризм және демалыс индустриясы ассоциациясының президенті, профессор Шынарбек Батырхановтың айтуынша саладағы келелі мәселелер ең алдымен кадрларды даярлау, туризмді басқарудың бірыңғай құрылымына жүйелі тәсілдің болмауынан туындайды. Мәселен, облыс орталығындағы қос жоғары оқу орнындағы туризм факультеттерінде оқитын студенттер саны 100 студентке де жетпейді. – Меніңше өңірдегі туризм саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасқан нәтижелі әңгіме болды деп ойлаймын. Облыс әкімдігімен шешуге болатын мәселелер дереу қарастырылатын болады. Одан әрі бүгін құрылған жұмыс тобы өз жұмысын бастайды. Бір ай ішінде оның мүшелері нақты қорытынды шығарып оның негізінде қарастыру үшін ұсыныстар Үкіметке қажет болып жатса Мәжіліс депутаттарына да ұсынылады, – деп атап өтті Марат Ахметжанов. Бұл орайда туризм саласын дамытып өңір экономикасына сүбелі үлесін қосу үшін инвестициялық жобаларға барынша назар аудару қажеттігі де аталды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


