12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Түнекке сіңген күн

2005 жылдың қарашасындағы суықтың үскірігінде Ақтөбе-Атырау трассасы бойынан табылған екі ГАИ қызметкерінің өлі денелері елді дүр сілкіндірді. Күздің тымызғы желі қар бетінде мұздақ тудырып, жол бойын тұмшалаған тұманды күндер ешқашан сейілмейтіндей. Сұп-суық жер, аспанға ілінген бұлттың сіңірген дымқылымен қалыңданып, жер бетіндегі қара жол қараңғылыққа сүңгігендей еді.

Жол-көлік полициясы әрбір бұрылыста, әр өткелде сақтықты күшейтіп, жоғарыдан келген бұйрық бойынша жолаушылар мен жүк көліктерін мұқият тексеріп тұрды. Батыстың жалғыз емес екені анық еді — бұл барлық өңірлерге ортақ үрейлі тапсырма болатын. Қылмыстың жүзі өңір таңдамайды, бірақ дәл осы жол бойында болған қатыгездік Алматыда отырған тәжірибелі тергеуші Абылайдың санасында ауыр бір сұрақ туғызды.

Абылай бірден іске кірісті. Әдетте суыққанды, сабырлы тергеуші бұл жолы оқиғаның артында әлдебір үлкен қауіптің тұрғанын сезді. Бұл тек кездейсоқ кісі өлтіру емес , оның артында үлкен бір жұмбақ жасырынып тұрғандай.

Кіруге боладыма, — деді арғы жақтан қолына құжат ұстаған жас жігіт.

  • Кіріп қойған соң несіне рұқсат сұрайсың, — деді тергеуші қатқыл үнмен.
  • Сіз сұратқан құжаттар, — деп жігіт қолындағы қағаздарын ұсынды.

Абылай дене бітімі шымыр, жасы 50-ге таяғанына қарамастан спортпен айналысуды тоқтатпаған. Жігіт кезінен-ақ кез келген мықтымын деген жігітті жамбастан лақтырып жіберетіндей айбынды еді. Жасы келгенін мойындағысы келмегенімен, уақыттың салдары көзінен байқалды — көру қабілеті нашарлағандықтан, көзілдірік тағуға мәжбүр болды. Ол көзілдірігін тағып, жігіт әкелген құжаттарды асықпай қарай бастады.

Әр параққа қадалған сайын оның жүзі сұрлана түсті, бірте-бірте өңі бозарып, ішіндегі бір сезім сыртқа шыққандай . Абылайдың ішкі сезімі құжаттардағы деректерді оқыған сайын арта берді. Қолындағы қағаздарда жазылған әрбір сөз оның күдігі мен сезіктенуін күшейтіп, әлдебір ауыр шындықтың жақындап келе жатқанын сездіргендей болды.

  • Жол қызметкерлерінің өліміне осылардың қатысы бар, ішім сезеді.
  • Абылай Әзімханұлы, біз қайдамыз, Ақтөбе қайда, — деді жігіт оның сөзін жоққа шығарып.
  • Қылмыскер ол айға барса да қылмыскер. Сондықтан бәрі мүмкін.

Бұл оқиғадан бірнеше күн бұрын Алматының Заречный түрмесінде үлкен өрт болып, алты тұтқын қашып шыққан еді. Олардың арасында ең қауіпті қылмыскер, «Атаман» деген лақап атымен белгілі адам да бар болатын. Осыдан он сегіз жыл бұрын Атаманның соңына түсіп, оны ұстап, темір тордың ар жағына қамаған тергеуші Қайсенов Абылай еді. Сол кез Абылайдың жасы небәрі отызда болатын, ал жанында ең сенімді досы, әрі әріптесі Нұрхан бар еді.

Екеуі бірнеше ай бойы Атаманның ізіне түскен. Операция табысты өтуге жақын қалған сәтте күтпеген оқиға орын алды. Қылмыскерді тұтқындау барысында досы Нұрхан қылмыскердің қолынан қаза тапты. Еңсесін енді көтеріп келе жатқан тергеуші  үшін бұл ең ауыр да, қиын кезең болды. Жас күнінен бірге жүрген досы көз алдында жан тапсырды. Бұл жағдайдан соң Абылай мүлдем қызметтен кеткісі келді.

Жігері мен рухы мықты адамды қиыншылық шыңдамаса сындыра алмайды. Содан бері өткен он сегіз жылдың ішінде ең ауыр қылмысты істерді ашып, қандықол қанышерлерді тұтқындады.  Бірер айдан соң зейнетке шығуды күтіп жүрген тергеуші  зейнеткерлік деген аты болмаса, құлаққа түрпідей тиетін бұл сөзді естігісі де келмейтін. Өз ісін адал атқарып, шын жүрегімен берілген адамға ешқашан зейнетке шықпайды. Болған  жағдайдан соң Абылайдың мүлдем мазасы кетті. Егер бұл расымен Атаманның ісі болса, онда жағдай мүлдем қиын. Он сегіз жыл бұрынғы оқиға Ақтөбе облысында болған еді, ендігі сол қайталанбаса деп алаңдады. Жүрегі әлденені сезгендей. Атаманның қашуы өткен күндердің жарасын қайта оятып, ескі кек қайта жандандырғандай.Абылай дәл сол оқиғадан бері өзінің жүрегіндегі ауыртпашылықты жеңуге тырысып келсе де, досының өлімі оның өміріндегі ең қаралы сәт болып қалды. Енді қылмыскердің бостандыққа шығуы оны бұрынғы жарасымен қайта  бетпе-бет келтіргендей.

  • Қашқындар туралы бар ақпарат осыма? – деді жанындағы майорға.
  • Алты қашқынның екеуі ұсталды. Өрт қолдан жасалған деседі,  кім ұйымдастырғаны анықталуда.
  • Әдейі ұйымдастырылғаны айдан анық.  Маған қашқындар туралы толық ақпарат дайында, ертең Ақтөбеге ұшамын..

   Алматыда күн ашық. Әйтсе де рейстің не себепті кешігуі белгісіз. Мүмкін табиғаттың да адам санасы секілді қарапайым көзге көріне бермейтін жұмбақ қырлары бар шығар. Әкесіне алаңдай қараған баласының әлдене айта алмай тұрғанын сездіме, жоқ әлде ұлын тыныштандырғысы келдіме Абылай баласының иығынан қақты.

  • Анаңа ештеңе айтушы болма, оған алаңдауға болмайды.
  • Бірақ әке.. Бұл сапардың не қажеті бар..
  • Медғат, ұлым, әкеңнің жолын кеспе. Онсызда ұшақ кешігіп жатыр.
  • Мен тек сіз үшін алаңдаймын. Оның үстіне Нұрхан көкені өлтірген қылмыскер болса..
  • Мен барлығын реттеймін. Анаңа қамқор бол.

Медғат Абылайдың тұңғыш ұлы. Әкесі секілді ақылды, анасы секілді жұмсақ мінезді. Сол себепті ол әке салған жолмен жүрмей өз жолын аудармашылықтан тапты. Жасы жиырма төртте. Өзінен кейін ерген студен інісімен, кішкене қарындасы бар. Әкесі жоқ кезде үйдің үлкені ретінде отбасына қамқор боп қалады. Биыл ғана үйленіп, өз шаңырағын көтерді. Көп ұзамай Абылайды ата атандыратын күн де алыс емес. Медғат деп есімін Нұрхан қойған еді. Бала кезінен әкесінің жақын досын «көке» деп атап, қатты жақсы көретін. Қайғылы жағдайдан соң ол әкесінің жұмысының қаншалықты қауіпті екендігін түсініп, үнемі алаңдайтын болды. Бұл жолғы аяқ астынан шыққан іссапарды естігенде көңілі байыз таппады. Әкесін райынан қайтару мүмкін емес, сондықтан амандығын тілеп оны өзі шығарып салуға тура келді.

Алматы мен Ақтөбенің арасы ұшақпен тура екі жарым сағат еді. Екі жарым сағат дегенде ұшақ әуежайға қонды. Он сегіз жыл өтті, осы уақыттың ішінде бұл қалаға аяқ басып көрмеген Абылай өткеннің елесін қуалай ойға шомылды.

Ақтөбенің қыраулы, суық күзгі желі бет қариды. Қалаға тән сол бір желдің салқыны мен ызғары кеудесіне өтіп, өткен жылдардың мұңын қайта әкелгендей.

Абылай плащының жағасын құлағына көтеріп еді, тым жұқа киінгенін сонда ғана аңғарды. Бұл қала әрқашан да суық болатын, бірақ дәл қазір оның ішкі дүниесі мен сыртқы әлем бірдей мұздап тұрғандай. Қала көшелеріндегі қураған ағаштардың арасынан ызғарлы жел үзіліп соғып, жүрегіне дейін еніп кеткендей. Бұл тек табиғаттың суығы емес, жүрегінде қалған ескі жараның салқыны еді.

Жол көлік қызметкерлері Қарауылкелді деп аталатын станциядан жиырма шақырымдай жерде тұрған. Демек, қылмыскер қаладан шыққан соң осы жердегі кез келген ауылдан шығуы мүмкін. Тергеушінің түйсігі бірден сол ауылға баруды жөн көрді. Жол жөнекей күтіп алған әріптесі қысқаша іспен таныстырды. Қызметкердің біріне оқ атылған. Атылған оқ  калибрі 9мм дәл жүрек тұсына тиген. Екіншісін буындырып өлтірген, ешқандай саусақ іздері жоқ.

  • Оқиға орнын дұрыс тексердіңіздерме? Табылған зат, шылым, сіріңке, кез келген зат болсын.
  • Біз.. біз ондай  ештеңе таппадық.
  • Мені дереу оқиға болған жерге жеткізіңдер.

                                                  ***

Таңғы тұман айналаны тұмшалап, ешнәрсе анық көрінбеді. Сәту (шын аты Сәдірбек) мәшинесін тағы бір рет айналып шықты. Ауасы суық әрі дымқыл күннің ызғары оның бетіне тигенде, ол дір ете қалды. Мәшинені оталдырып, орындыққа жайғасқан сәтте денесі суықтан ба, әлде белгісіз бір қобалжудан ба өзі де білмеді, қайтадан дір етті.

Ауада бір ауырлық сезілді. Бұл сапар  оның кезекті тапсырмасынан бөлек, нәтижелі болса, олжасы көп болары анық, бірақ бойындағы түсініксіз сезім оны біраз ойға салды. Бір нәрсе ішінен мазалап, әр сәтте қателік жіберіп қоярдай күдік келтірді.

Сәту деп атап кеткен бұл жігіт жасы қырықты шамалаған, ес білгелі көлік айдап нәпақа тауып жүрген жөні бар. Бұрын соңды ауыр жүк көлігін айдап, алыс жолға сапарлататын. Бірнеше ай бойы үй көрмей, бала шағасын көрмей жүру есті еркекке оңай болмаған соң, жеңіл көлік алып, ауыл мен қала ортасында қатынауды қолға алды. Шағын ауылда арнайы такси қызметін тіркейтін диспечерлік  орталықта бар. Осы жолы Сәту  бұл сапарды тіркеуді жөн көрмеді. Көршісі Ақан есімді жігіт «Толықтай көлікті жалдайтын адамдар бар, айтқан жеріне жеткізсең үш есе төлейді» деген соң бірден келісе кеткен еді. Мұндай сапар үшін үш есе төлеу, оның бір айлық еңбегіне тең. Адамдарды айтқан жерінен алып кетіп, айтқан жеріне жеткізу. Кім адамдар, қайда барады, онымен Сәтудің ісі болмауы қажет. Әйтсе де неліктен алаңдағанын өзі де түсіне алмады, түнімен дөңбекши домалап, ұйқысы қашты. Кіші ұлы қызуладыма, балақайда әлдене сезгендей ұйықтамады. Не де болса шешінген судан тайынбас деп, ол көлігін реттеп, жолға дайындалды. Әдеттегіде жолаушылар Ақтөбе бағытына барса, бұл жолаушылар Атырауға дейін жеткізуді тапсырды.

Тұман сейілмесе жолға шығу да қауіпті. Бірнеше күн тұманнан адамдардың да еңсесі түсіп шаршап кеткендей. Белгісіз бір тылсым күштер оянғанып, адамға қорқыныш пен күдік ұялатады.

   Сағат таңғы жетілер шамасында айтылған жерге келді. Алты адамдық көліктің артқы жағына төрт адам жайғасты. Бір қызығы жолаушылардың ешқайсысы алдыңғы орынға отыруға ниет білдірмеді. Үш еркек, бір әйел. Өздері көп сөйлемейді. Жылы көлікке отырған соң  қанатын қаққан құс секілді тітіркеніп , маужырай бастады.

Күздің қоңыр салқын ауасы айналаны жұмбақ тыныштыққа орағандай. Ал тұман күздің ерекше салқын тынысына еніп, арасына енген адамды бейне бір тылсым әлемге енгізіп кететіндей. Кешеден бері жүрегінде пайда болған беймаза сезімді түсіне алмаған Сәту алыс сапарға жүрмес бұрын көлігін жанармаймен толтырып алуды ойлады. Мұнысы тек сылтау ғана, бойын билеген қорқынышты сәл де басу үшін аялдап, сыртқа шықты. Салқын ауамен терең тыныстап, өзін сабырға шақырды.

«Не күтіп тұрмыз, жүрмеймізбе» — деген дауыстан селт етті. Көлік ішінен ұсқыны сүйкімсіздеу келген еркек терезеден басын шығарып, өзіне өктем сөйледі. Ол лезде есін жиып жылдам көлігіне отырып оталдырды да, ауылды артқа тастап қалың қалың тұман ішіне ене берді.

    Жүргізуші де үнсіз, жолаушылар да үнсіз. Ұзаққа жалғасқан меңіреу тыныштық Сәтуді шаршатып жібергендей. Таң бозарып атқанымен, қараңғылық толық кетпеген еді. Күн сәулесін шашпаған соң еңсеңді түсіретін күзгі бұлт аса қатты жарығын бермеді. Көліктің алдыңғы айнасын түзеген болып артта отырғандарға көз салып еді, денесіне біреу суық су құйып жібергендей мұздап кетті. Түрлері тым суық көрінгені былай тұрсын, әлгі таңда әйел деп ойлағаны кәдімгі еркек. Тек басына жасанды шаш тағып, шұбатылған көйлекпен көрген кезде оның не әйел, не еркек екендігін ажырата алмай қалған. Енді көзі толық жетті, ер мінезді әйел болса да, дәл бұлай қорылдап ұйықтамасы анық. Ортада отырған еркек жүргізушінің әр қимылын аңдып келеді, жемтігін аңдыған құзғын секілді көздері көкірегіңді тесіп өтердей. Түрі тым суық, тым сүйкімсіз. Жанына жайғасқан жасы отыздарды шамалайтын жас жігіт. Ұлты таза қазаққа келіңкіремейді, мүмкін басқа ұлтпен шатысы бар . Алаңдаулы отырғаны белгілі, екі көзі жолда , әлдебіреуді көріп қаламынба деп отырғандай. Ең артқы орында жайғасқан, әйел киімін киген еркектің жанында отырған жасы алпысқа таяған басында бір тал шашы жоқ жылтыршеке. Шаш демекші Сәту енді ғана байқады, отырғандардың барлығының шаштары жоқ, әскердегі солдаттар секілді тықырлап алынған. Жолаушылардың әр қайсысына іштей мінездеме беріп болған соң үнсіздікті бірінші болып өзі бұзды.

  • Сіздерді бұрын соңды бұл жерден көрмедім, жөн айтып отырайық, қайдан келдіңіздер, кімнің үйіне келдіңіздер?

Ешқайсысы оның сұрағына жауап беруге асықпады. Біраз үнсіздіктен соң жігіт қысқаша жауап бергендей болды. «Қонақпыз». Сәту тағы да сұрақ қоюға оқталғаны сол, ортада отырған сұсты көз «Жолға қара, артық сөздің қажеті жоқ»-деп гүр етті. Оның көздері емес, дауысы да сондай қорқынышты көрінді.

 Тұман айналаныны тылсым тыныштыққа бөлеп тұрғандай. Көліктің гүрілі мен тыныстаған демнен басқа дыбыс жоқ. тек жүргізушінің қатты соққан жүрегі өзіне ғана естіледі. Қайдан шыққаны белгісіз, жолдың арғы бетінен біреу қол көтергендей болды. жүргізуші тоқтайынба әлде тоқтамайынба дегендей арттағы отырғандарға қарады.

  • Мынадай күні далада қалдырамызба, ала кетейік, сірә бос орын бар, -деді кенет үнсіз отырған жігіт.

Көлік жүріп барып кейін шегінді. Жүргізушінің терезесіне жас әрі сұлу қыз жақындады.

  • Аға жолда көлігім бұзылып қалды, ала кетесізбе?
  • Қай жерге дейін барасың?
  • Жеткізген жеріңізден түсемін. Далада тастамаңызшы..
  • Ала кетейік, — деген артқы жақтан дауыстар естілді.

Алдыңғы орынға жайғасқан қыз артқа көз жіберіп әлдекімдерді түгендеп шыққандай.

Солай көріндіме, жоқ әлде ішкі түйсігіме отырған жолаушылар мен қыздың байланысы бар секілді. Өз ауылын бес саусағындай білетін жігіт қызды да әңгімеге тартпақшы болып еді, әлгі сұсты көз оның тағы да ауызын тыйды.

«Сұрақ қоя бергенше жолыңа қара, біз уақытында жетуіміз қажет». Қорқыныш сезімі ашуға айналған Сәту бірнеше шақырымнан соң көлікті тоқтатты.

  • Не болды, неге тоқтадың?
  • Тұманнан ештеңе көрінбейді, кішкене сейілгенін күтейік.
  • Ақымақ, көрсеткен мінезіңбе, жүр қане..
  • Тшш, сабыр..-деді жігіт  араласып.
  • Бізге уақытында жетуіміз керек, асыққаныңыз жөн еді, -деді жігіт жәй ғана.
  • Тұманды көріп тұрсыз, жүру мүмкін емес, сейілген соң жүреміз, -деп қырсықты.

Шекесіне тиген мұздай темірді бастапқыда түсінбеді, кейін басын бұрған соң көрді, әлгі сұсты көз өзіне тапанша кезеніп тұр.

  • Қазір жүресің, болмаса осы жерде миыңды шашып жіберемін.

Сәту көлігін бірден оталдырды. Бойын түсініксіз сезім биледі, қорқыныш жоқ одан да сорақысы, орыстарда оны «шок» дейді. Ия, сондай сезім. Ол мүлдем сөз айтуға шамасы келмеді, көз алдына бірден отбасы, балалары келді. Кинопленка тәрізді өткен өмірі көз алдында жүгіріп өтті. Ал сұсты көз сұмырай қалжыңдап тұрған жоқ, тапанша да ойыншық емес. Ол үнсіз көлікті жүргізе берді, әлгінің тапаншасын жас жігіт қолымен ығыстырып әкетпегенде кім білсін, мүмкін атып жіберерме еді..

Маңдайдан суық тер бұрқ етті. «Бұлар кімдер, қайдан келген адамдар? Бұрын соңды ауылдан көрмедім. Ақан сенімді адамдар деді,  сонда кімдер? Бұл сапарды тіркеген де жоқпын. Егер мені өлтіріп кетсе ше? Жететін жеріне жеткен соң мені өлтірмесіне кім кепіл.. Құдайым өзің жар бола көр..»

Сәту іштей өзімен ойша сөйлесіп келеді, өзін жұбатуға тырысады.

Алыстан  сарылы қызылды жарық көрінді. Көлікте отырғандар алаңдай бір біріне қарасып, дауласа бастады.

  • Тоқтамай өтіп кет, — деді сұсты көз
  • Жоқ, болмайды,- деді деді жігіт. Мүмкін басқа жолға түсіп кетерсің, жоқ болмайды, олар бізді көрді. Не де болса алдарынан өтеміз.

     — Осыдан үніңді шығарсаң, ажалың менен болады,- деп тапаншасын кезенді.

Сәту қуанды. Тым болмағанда жол көлік қызметкерлерінен көмек сұрап үлгереді. Ол батылдана газға басып, жүре берді. Айтқандай көлікті тоқтатты.

  • Қайырлы күн! Капитан Ермеков, мынадай күні қайда жол тарттыңыздар?
  • Жолаушыларды шұғыл Атырауға дейін жеткізу қажет.

Қызметкер терезеден ішке бас сұға қарады да, алдымен жүргізушінің, сонан соң іште отырғандардың құжаттарын сұрады. Жүргізушімен қыздың құжаттарын қарап болған соң іште отырғандардың көліктен түсуін өтінді. Барлығы біртіндеп көліктен түсе бастады. Сол кезде ғана Сәту көлігінде отырғандарыдың бет бейнесін анықтап қарады.

  • Атырауға не мақсатпен барасыздар, құжаттарыңыз қайда?
  • Құжат  көліктің артында сөмкеде қалды, міне мына жақта..

Қас қағым сәтте көліктің артынан майорды қылғындыра мойнын бұрап жатқанын сыртқы айнадан көрді. Екінші қызметкер көмекке ұмтылғанда оған оқ атылды. Барлығы көз алдында. Есеңгіреген жүргізуші өз көзіне өзі сене алмады. Есін дереу жиып, көлікті оталдырды да әлгілерді қалдырып жүріп кетті.

  • Құдайым ай, қандай бәлеге тап болдым, қарындасым сіз қорықпаңыз, барлығы жақсы болады, тек…

Бұл жолы тапаншаны қыз кезенді.

  • Артқа қайт, болмаса ..
  • Сенде солармен бірге сыбайлас екеніңді сезіп едім, өтінемін менің бала шағам бар, өлтірмеңіздер. Көлігімді алыңыздар, бірақ өлтірмеңіздер..

Ол амалсыздан кері бұрылып қызметкерлерді өлтірген жерге қайта келді. Ештеңе болмағандай, әлгілер көлікке қайта отырды. Алдыңғы есікті ашқан сұсты көз жүргізушіні далаға сүйрелей шығарып жағасынан алып тепкіге салды. Жігіт араша болды.

  • Ол бізге әлі қажет болады.
  • Мен сені бәрібір өлтіремін, айтқаным айтқан, жексұрын..

Бүктетіліп жатқан Сәтудің қарсыласуға шамасы келмеді. Бойын билеген қорқыныш пен шарасыздық оның аяқ қолын тұсаулап тастағандай.  Орнынан тұрып, бетіндегі қанды алақанымен сүртті де, көлікке отырды. Қалтасынан тастамайтын баласының өз қолымен салған суретінің қалай түсіп қалғанын байқамады. Көлік орнынан қозғалған кезде, жеңіл қағазды жел ұшырып, алысқа әкетті.

                                                     ***

Оқиға орны қоршалған. Ешқандай саусақ ізі жоқ, қылмыскер немесе қылмыскерлер барлығын аса ұқыптылықпен ойластырған. Екі бірдей қызметкерді қатыгездікпен өлтірген жауыздар қалайда қолға түседі. Себебі бұл іске Абылай Әзімханұлының өзі кірісті. Ал ол тергеуге араласқан  ешбір  іс аяқсыз қалмаған.

Егер қылмыскер өзі ойлаған адам болса, онда жағдай қиын. Біріншіден оның жанында сыбайластары бар, ол анық. Екіншіден олар тұтқын алуы мүмкін. Ол өздерінің сақтықтары үшін қажет. Айналаға көз жіберіп, әр қимылды көз алдына елестетті. Екі адамды да өлтірген сол, Атаман. Көлік іздері әлі де болса жойыла қоймаған, ол анықтап жерді ұстап қарады. Сосын әрлі бері жүріп, алыстан әлдене көргендей болды. Біраз жүрген соң жаңбырға бояуы езілген параққа салынған сурет бұтаққа қыстырылып, желмен желбіреп тұрғанын байқады. Отбасы бейнеленген, бес алты жасар баланың салғаны болуы мүмкін. Суретте анасы екі баласы және әкесі. Жанында көлікті қоса салған. Ия, дәл сол Сәту өзі айдап жүрген көлік.

«Ауылда тіркелген алты адамдық көлік, олардың иелері. Сондай ақ Атырау бағытына екі күн бұрын шыққан көліктер тізімі. Ең бастысы мына суреттің иесін табу қажет»- деді тергеуші.

Алдына келген құжаттарды тексеру барысында бұл операцияның кімнің бастау алғаны түсінікті бола бастады. Заречный түрмесінен Атаман өзі қашып шыға алмайды, сондықтан олар қашқындардың жоспарын біліп сол адамдарға ілескен. Ілескені былай тұрсын, бостандыққа шыққан соң өзіне тәуелді етуі әбден мүмкін.

Басты рөлдегі адам ол жазасын он бес жылға өтеп жатқан бұрынғы шенеунік Шанов Андрей. Міне, басты қашқын осы. Жақында оның асқазанынан жара анықталып, ауруы асқынып, жаман ауруға айналғандығы белгілі болды. Санаулы күндерін абақтыда өткізгісі келмеген болар, әлі де болса ақшасы бар дөкей өзіне осындай «побег» яғни қашу операциясын ұйымдастырған. Оның өзі бұл операцияны жүзеге асыруға шамасы жетпейді, ол үшін осы түрменің барлық жерін жақсы білетін адам қажет. Үш ай бұрын  Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде адамға ауыр соққы беру және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру әрекеттерінің 106-бабы бойынша жиырма сегіз жасар Жеменей Хамза есімді жігіт түсті. Ұлты қазақ болғанымен сонау тоқсаныншы жылдары Ираннан қоныс аударған. Нағашы атасы Иранның түрмелерінің сызбасын сызған архитектор болған. Білігі жиен немересіне беріліп, кез келген жердің сызбасын жоспарлай алатын жігіт өз дарынын дұрыс мақсатқа пайдалана алмады. Қашуды ұйымдастырушы осы жігіт. Оны Шановтың әйелі немесе балалары жалдауы мүмкін. Шенеуніктің  ұлы әлдеқашан нашаға әуестеніп, қазіргі таңда ауруханада емделуде. Қызы  шет елде білім алған, елге әкесінің ауруын естіген соң оралған деседі.

Үшінші адам Адаев Әлібек, кезінде достарымен ішімдік ішіп төбелесте адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан жөні бар. Әлі он жыл өтеуі бар, ол қашу опрациясына мүлдем қатысы жоқ, алайда Шановпен бір камералас болған.

Төртінші қылмыскер Атаман. Бұл оның лақап аты болып кеткені сонша, ешкім оның шын есімін атамайды. Он жеті жасында өз әкесін пышақтап өлтірген. Содан бері адам өлтіру оның кәсібіне айналған. Қылмыскер бола тұра артынан із қалдырмайтын Атаманды ұстау өте қиынға соқты.

Бірнеше ай соңына түскен екі тергеуші оны қолға түсірдім деген кезде ол Ақтөбе арқылы Ресейге қашпақ болады. Сол кезде Абылайдың жан досы әрі әріптесі қылмыскердің қолынан қаза болады. Кейін тергеуші бастаған жасақ құрылып, Атаман тұтқынға алынады. Одан бері он сегіз жыл уақыт өткен. Егер ол жоспарын жүзеге асырып, Ресейге қашатын болса, оны қолға түсіру өте қиын. Сол себепті тергеуші Әзімханұлы қылмыскерді жіберіп алмас үшін  іске өзі кіріскен еді.

Тіркелген алты орындық жиырма көліктің барлығы ауылда немесе Атырау бағытына жол жүрмегендіктері анықталды. Сәту диспечерлікке тіркелмегендіктен оның бұл жорығы жөнінде ешкім білмейтін. Үйіндегі жұбайына біреулер сұраса «Шаруаларымен кетті, қайда кеткенімді айтпа» — деп ескерткен. Уақыт өтіп барады, көліктердің ешқайсысы жолға шықпаса, әлгілер немен кетуі мүмкін? Бұл жерде шикілік барын тергеуші сезе бастады. Тіркелген көлік иелерін жеке шақыртуды талап еткен соң, оның бұл сұрауы да дереу орындалды. 481 АЕД көлігінің иесі ауылда жоқ, жол жүріп кеткен көрінеді деген хабарды естігені сол, бірден сол жүргізушінің үйіне баруды жөн көрді. Есімі Сәдірбек, таныстары оны Сәту деп атап кеткен жігіттің үйінде не өзі жоқ, не көлігі жоқ. Тергеушінің сұрағына әйелі мардымды жауап бере алмады, күйеуінің айт деген сөздерін қайталап айтқаннан басқа амалы қалмады. Абылай даладан табылған суретті әйелдің алдына қойған кезде, оның көздерінен қорқынышты байқады.

  • Бұл менің баламның салған суретіғой, сізде қайдан жүр?
  • Сіздің жолдасыңыздың өміріне қауіп төніп тұр, егер сіз шындығыңызды айтпасаңыз кеш болуы мүмкін. Мына сурет қылмыс болған жерден табылды. Ол сол жерде болған, қылмыскерлер оны күштеп ұстауы мүмкін.

Әйел қорыққанынан көз жасына ерік берді.

  • Көрші Ақан.. Атырау бағытына адамдар бар, уақытында жеткізсең үш есе құнын төлейді деген соң ол ешкімге айтпастан солай жасады.

Оразбаев Ақан. Бір жыл бұрын Заречный түрмесінен жазасын өтеп келген. Атаманмен бір камерада болған. Аңқаулау, ақшаға жақын көршісіне ұсыныс айтқан кезінде ол ойланбастан келісетінін білген. Атаман Ақаннан Атырауға дейін жеткізуді ұйымдастыруды сұраған. Ол Атаманға қарыздар, себебі абақтының заңында қыз зорлау фактісі бойынша түскен адамды аямайды. Жас жігітті өз қанатының астына алып қорғаған қылмыскердің сөзін жігіт жерге тастай алмады.

Тергеуші жігіттен Атаманның жоспарларын сұрағанымен ол мардымды ештеңе айта алмады. Бар білетіні Атырау арқылы шекарадан өту. Олар құжатсыз ешқайда өте алмайды, оны алдын ала ұйымдастыру қажет.

«Атырау облысы бойынша тексеру күшейтілсін. 481 АЕД көлігі көзге түссе, міндетті түрде хабарлансын. Шекара, әуежай, теміржол бекеттерінде тексеру қатаң бақылауға алынсын. Қылмыскерлер өте қауіпті.»

Шановтың қызы Шанова Сәуле осыдан бірнеше күн бұрын Ақтөбе қаласына ұшаққа билет алғандығы анықталды. Абақтыдан қашуды ұйымдастырғанда осы қыздың ісі. Барлық радио, теледидардан қылмыскер, сыбайлас және тұтқынның аты-жөні аталып, суреттерімен көрсетілсен. Олар енді ешқайда кете алмайды. Дереу көлік дайындаңдар, Атырауға шығамыз, -деді тергеуші.

                                                          ***

Шарасыз күй кешкен жүргізуші қылмыскерлерге тап болғанын әлі де түсінбеді. Болған жағдайдан әлі өз-өзіне келе алмады.

  • Сендер кімсіңдер, мені де өлтіресіңдерме, — деді сенімсіз үнмен.

Бұл сұрақты кімге бағыттағанын өзі де түсінбеді.

  • Мүмкін өлтіреміз,мүмкін тірі қалдырамыз,- деді сұсты көз.

Тұман сейіліп, бұлт арасынан күннің көзі көріне бастады. Алыстан ауылдың шеті көрінді.

  • Әкемнің ауруы үдеп барады, бізге дәрі-дәрмек, тамақ алу қажет – деді қыз.

Әкем деп отырғаны жылтыршеке тақырбас болуы керек. Көлікке мінгеннен үні шықпай отырған, кейін терең тыныстап, бүктетіле бастады. Жолда өтірік тоқтатып мінген қыз соның қызы болу керек. Барлығы алдын ала ұйымдастырылған. Жас жігіт қыздың  сүйіктісі немесе досы, болмаса сыбайласы. Ал мына сұсты көз сүйкімсізбен, әйелдерше киінген еркек тым қатыгез, тым жауыз адамдарға ұқсайды. Бұл Сәтудің ойша тұжырымы.

  • Ешқайда тоқтамаймыз, тезірек жету қажет, — деді сұсты өктемсіп.
  • Осыдан кейін ауыл жоқ, біз әлденіп алуымыз қажет, неше күн тамақ ішпедік,-деді жігіт.

Кішкене ғана ауыл. Артық жүрген адам да, көлікте көрінбейді.  Көлікті  тасаға қойып, іштегілер сыртқа шыға бастады. Қыз дәріхана іздеп кетті, ал дүкеннен тамақ алуды Сәтуге тапсырды. Ол іштей бұл тапсырмаға қуанғанымен,  үміт жоқ екенін түсінді. Жанына жігіт ерді, қалған үшеуі күтіп көлікте қалды.

  • Сенің отбасың біздің бақылауымызда, егер артық сөз айтатын болсаң..
  • Мен барлығын түсіндім..

Жаңғырған дүкенге  жігіт екеуі кірді. Жігіт көзге түспес үшін бас киімін түсіріп, теріс айналып тұрды. Теледидардан көрсетіліп жатқан жаңалықтар Сәтудің еріксіз назарын аударды. «Алматы облысы Заречный түрмесінен қашқан қылмыскерлер әлі іздестірілуде. Егер ақпараттарыңыз болса төмендегі нөмірге хабар беріңіздер». Әр қылмыскер суретімен және аты жөндерімен көрсетілгенде, кімдерге жолыққанын енді түсінгендей болды. Мұны көрген жігіт Сәтуге тез дегендей белгі берді. Асығыс дүкеншіге ақшаны ұсынған сәтте «Қосарал» деп сыбырлап үлгерді. Дүкенші оның сөзін қайта сұрағанша олар дүкеннен жоқ боп кетті.

  • Бізді теледидардан көрсетіп жатыр, әрі қарай қалаға кіру қауіпті,- деді жігіт демін баса алмай.
  • Енді не істейміз, қайда барамыз?
  • Мен құжаттарды реттегенше ешкімнің көзіне түспейтін паналайтын жер керек. Барлық жерге  суреттеріңді іледі, сондықтан қала тым қауіпті.

Үнсіз отырған Сәту жігітке қарады.

  • Мен енді сендердің тұтқындарың емес, сыбайластарың болдым. Менде басқа амал да қалмады. Осы жерден қырық шақырым жерде Қосарал деген мал ұстайтын ферма бар. Күзде ол жерде малшы болмайды. Салқын болады демесеңдер, уақытша панаға жарап қалар.
  • Ей сүмелек, сен бізді ұстап бергің келіп тұрма..
  • Ол дұрыс айтады, біздің басқа амалымыз жоқ. Сәуле құжаттарға қалаға кетеді, біз сол жерден күтеміз.

Сәтудің  өзінше ойлап тапқан қулығы еді. Қылмыскерлерден қалайда құтылып, отбасына жету. Отбасың біздің бақылауымызда деген сөзден байыз таппай, қулық әрекет ойластыра бастады. Дүкенші әйел айтқан сөзін естідіме, естімедіме  нақты білмейді. Тәуекелге бел буды. Өзі білетін ауылға жақын жердегі фермаға жол тартты.

Қыз олармен бірге ілеспеді.Үш күннен соң осы уақытта құжаттармен, және жаңа киімдермен келетіндігін айтты.

                                                      ***

Атырауға бағыт алған тергеуші әр ауылға аялдап, қылмыскерлер туралы ақпарат жинауға тырысты. Алайда, жүргізуші немесе көлікті көрген бірде-бір адам жолықпады. Шөп арасынан ине іздегенмен бірдей, қылмыскерлерді қайдан іздеу керектігін өзі де білмеді. Тек түйсігі мен қайсарлығы оны алға жетелеп тұрды. Абылай ешқашан берілмейтін, үмітсіз жағдайдың өзінде бір жарық сәуле көретін.

  • Абеке осы соңғы дүкен, ешкім көлікті де, қашқындарды да көрмеген дейді.
  • Соңғысы болса көрейік,- деді тергеуші.

Дүкенші әйел бастапқыда суреттегі адамдардың барлығын танымайтындығын айтты да, Сәтудің суретіне ұзақ қарады.

  • Бұл адам дүкенге келді.
  • Сізге ештеңе айтпадыма?
  • Жоқ, жанында бас киімін төмен түсірген жігіт болды. Ол мына жігітті асықтыра берді. Тұра тұрыңыз.. Есіме түсті, ол ақша ұсынарда маған бір сөз айтты.
  • Не деді?
  • Қо.. Қо.. Таныс атау, есіме түспей тұрғаны..
  • Қосарал?
  • Ия, Қосарал!

Қосарал осы жерден елу шақырым жердегі мал ұстайтын ферма. Олар нақты сол жерде.

  • Не істеп тұрмыз, дереу кеттік. Тек үлгерсек болды..

                                                     ***

Айтылған жерге жеткен соң Атаман Сәтуден құтылудың жолын іздеді. Жігіттің «Ол бізге әлі қажет» болады деген сөздері де оған кедергі бола алмады. Ішінара жанжал туындады. Қыздың құжаттарды тек үш адамға ғана арнап жасағандығын білгенде Атаман қатты ашуланды. Әйелдерше киінген еркекке оқ атылды. Ал қыздың әкесінің халі мүлдем нашарлады. Сәту мен Хамзаны бір орындыққа байлап ұстап, өзі қыздың келуін күтті.

Келіскендей  құжат әкелетін күн де келді. Егер сонымен жоспарлары аяқталса көлік иесінің бұл адамдарға енді қажеті де болмас.

Қылмыскерлерден бөлектенген күннің ертесіне Шанова Сәуле ұсталды. Ол барлығын мойындады. Қазіргі таңда қылмыскерлердің Қосарал деген жерде жасырынып, өзінен хабар күтетіндігін, сонымен бірге жүргізуші жігіттің тұтқынға алынғандығы туралы да баяндады. Оперативтік топ құрылды.

Тергеуші Абылай Әзімханұлы қылмыскерлердің жасырынған жерлерін бір күн бойы бақылады. Атаман лақап атымен аталған қылмыскер өте қауіпті болғандықтан аса сақтықпен тұтқындау операциясын ұйымдастыру қажет.

   Алыстан көрінген көлікте қызбен бірге Абылай да жасырынған болатын.

Қылмыскер  әлденені сезгендей қызға тапанша кезеніп, жан жағына қарады. Үйге кірген соң, соңынан ілескен оперативтік топта жетті. Төрт адамды тұтқын етіп алған Атаман, бұл жолы да қан шығармай кетпейтіндігін айтты.

  • Мен сені ұмытқан жоқпын тергеуші Қасымов.. Сол кезде менің соңымнан түспегенде, досың да тірі боларма еді.. Енді сенің кесіріңнен тағы да жазықсыз адам өледі.
  • Ешкімнің қанын төгіп қажет емес, сен бәрібір құтыла алмайсың.

Үйдің айналасы қоршауға алынды. Бұл жолы Атаман қоршауда қалды. Тапаншасында қалған бір ғана оқты біресе қызға, біресе Хамзаға кезенді. Ол енді кімді өлтіретінін түсінді. Жазықсыз жүргізуші. Оның ойын түсінген тергеуші оның оқ атуына мүмкіндік бермей, тұтқиылдан шабуылдап үйге кірді. Қылмыскердің қолындағы тапаншасын қағып үлгеріп, екеуі алапат арпалысқа көшті. Тергеуші қарсыласынан әлдеқайда мықтырақ болса да, әртүрлі айла тәсіл қолданған Атаман оны итеріп жіберіп тапаншасын алып үлгереді. Кеудесімен Сәтуді жауып үлгерген Абылай жерге гүрс етіп құлайды.

                                                      ***

Бетіне түскен күннің көзінен сығырайта көзін ашқан тергеуші алдында отырған әйелі мен балаларын көріп қатты қуанды. Басын көтеруге оқталып еді, кеудесі зың еткізді. Оянғанын көрген әйелі, қуаныштың көз жасына ерік берді.

  • Бізді қатты қорқыттыңыз әке, — деді ұлы әкесіне.
  • Мен қайдамын?- деді Абылай жан жағына қарап.
  • Ауруханада, Ақтөбеде.
  • Сендер сонда осында келдіңдерме..Атаман, қалғандарын ұстадыма, не болды?
  • Алаңдамаңыз әке, қылмыскерлердің барлығы ұсталды. Сәл болмағанда сіз өмірмен қоштасар едіңіз.

Бөлмеге қолына пакет ұстаған ер адам кірді. Бұл Сәту болатын.

  • Егер сіз болмағанда мен бұл жерде болмас едім, сіз мен үшін оққа кеудеңізді тостыңыз, сізге өмір бойы қарыздармын.
  • О не дегенің, әр азаматтың қауіпсіздігі менің басты міндетім.
  • Мынаны сізге арнайы әкелдім, әйелім өз қолымен дайындады. Мен енді сізге күнде келетін боламын.

Жігіттің бұл сөзіне барлығы көңілдене күлді.

Үш күннен соң тергеуші Абылай Әзімханұлы ауруханадан шығарылып,Алматыға ұшты. Бір айдан соң оған ерлігі үшін «Еңбек ері» төсбелгісі тағылып, зейнеткерлікке шығарылды.

 Атаман тұтқынға алынды. Шанов Андрей және жанындағы Адаев Әлібек екеуі бірдей жан тапсырды. Жеменей Хамза және ұйымдастырғаны үшін Шанова Сәуле, қылмыскерлермен сыбайлас болғаны үшін Оразбаев Ақан тұтқынға алынды. Атаман абақтыға қайта оралды. Көп ұзамай абақтыда төбелес кезінде әлдекімнің қолынан қаза болғаны белгілі болды. Әрқашан әділдік жеңеді, зұлымдық жеңіледі. Әр адам өз істегені үшін заң алдында, ана өмірде құдайдың алдында жауап береді.

                                                    Бақыт Жалиева

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...