Тіл – қай ұлтың болмасын тарихы мен тағдыры, қарым — қатынас құралы. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, ана тілі болып табылады. Бұл туралы Конституциямыздың жетінші бабы бірінші тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі» — деп анық, әрі нақты көрсетілген. Сонымен қатар, Ата Заңымыздан туындаған «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында да толық қамтылған.
Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, таза, көркем тілдердің бірі. Ол туралы кезінде көптеген ақын, жазушылар, зерттеушілер, ғұламалар жазып кеткен. Соның бірі Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атамыз «Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл» деген екен. Расыменде, қазақ тіліміз сүбелі сөзге, мақал – мәтел, шешендік сөздерге өте бай тіл.
Тіл тұғырының биікке көтерілуі – еліміздің мәртебесінің жоғарылауы. Ана тіліміз – бұл біздің байлығымыз, ұрпақтан – ұрпаққа мұра болып қалып отырған баға жетпес асыл қазынамыз. Әрбір азамат өзінің ана тілін көзінің қарашығындай қарап, оның орынсыз шұбарлануына жол бермеуге тырысуы керек. Өкінішке орай, қазіргі таңда тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндер жиі кездеседі. Кейбір азаматтардың ана тілін білмеуі, білсе деп сөйлемеуі – қазіргі қоғамның дерті. Елінің болашағын ойлайтын әр азамат ана тілінің болашағына, ұмытылып кетпеуіне көмектесуі керек деп ойлаймын.
Қазіргі таңда сот жүйесінде ана тіліміздің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Ішкі, шығыс және кіріс құжат айналымының көп бөлігі мемлекеттік тілде жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, сот төрағасының шығарған өкімдері, бұйрықтар, сот жұмысы бойынша жоспарлар, жедел кеңес хаттамалары мен тоқсан сайын жүргіліп отыратын сот жұмысын қорытындылайтын анықтамалар, жолдама хаттар және тағы басқа да құжаттар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сотқа түскен кіріс құжаттары қай тілде түссе іс жүргізу тілі сол тілде қабылданады. Сондықтан, мемлекеттік тілде түсетін кіріс құжаттарының санын арттыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында түрлі іс – шаралар жиі жүргілуде. Тіл, ұлт, тәуелсіздік атаулары біз үшін қасиетті ұғымдар. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру арқылы халықтың сотқа деген сенімі де нығая түседі.
Ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтейік! Сонда ғана туған тіліміздің туы биікте желбіреп тұратын болады.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы сот отырысының хатшысы Кеңес Ақбота