Сот – биліктің бір тармағы. Сот алаңындағы төреліктің туралығына қарап елдің әділдікке, қауіпсіздікке, құқықтық теңдікке, заңдылыққа қатысты сенімі мен көзқарасы орнығады. Ақ пен қара таразы басына салынып, адам тағдырына қатысты шешім шығарылатындықтан сот процесін жүргізудің, сот отырысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзіндік тәртібі бар. Сот отырысына қатысатын кез келген азамат осы ортақ тәртіпке бағынып, заңға қайшы әрекет жасамауы керек.
Сот отырысына қатысудағы алғашқы талап – қауіпсіздікті сақтаудан басталады. Кейде сот приставтарының ыждағатты тексеруіне көңілі толмай, наразылық танытып жататындар табылады. Сот приставының міндеті – сот отырысына қатысатын адамның залға суық қару, жарылғыш заттарды алып кіруіне жол бермеу, ортақ тәртіпті өзгелердің сақтауын қадағалау. Приставтар өз құзырынан тыс талаптар қоймайды. Сондықтан, азаматтар сот приставтарының талаптарына сөзсіз бағынып, олардың өз жұмысын атқаруына кедергі келтірмеуі тиіс.
Судья үшін ғана емес, тараптар үшін де сот процесінің өз уақытында басталып, өз ретімен жүргені тиімді. Алайда, бес саусақ бірдей емес. Кейбір азаматтар сот отырысының талапқа сай өтуіне кедергі келтіріп, сотқа қатысушылар сөзін бөліп, былапыт сөйлеп, төрағалық етуші судьяның өз жұмысын атқаруына кедергі келтіреді. Ал төрелік алаңындағы талап біреу. Мұндай азаматтар өзгелерді сыйлауы, судьяға құрметпен қарауы тиіс. Егер тәртіп бұзылған жағдайда судьяның өзінің заңдық құзыретін пайдаланып, тәртіптік шара қолдануына толық құқығы бар.
Азаматтық процестік кодекстің 188-бабында сот отырысындағы тәртiпті бұзушыларға қолданылатын шаралар реті дәйектелген. Соған сәйкес, істi талқылау кезiнде тәртiп бұзған адамға судья алдымен ескерту жасайды. Ал ескертуді елең қылмай, тәртiптi қайталап бұзған адамды судья сот ұйғарымы бойынша сот талқылауының барлық уақытына немесе оның бiр бөлiгiне сот отырысы залынан шығарып жiберiлуi мүмкiн. Әрине, сот отырысы залынан шығарылған азамат қайта келгенде судья ол болмаған кезде жасалған процестік әрекеттермен таныстырады. Бұл жерде соттың іс тараптарының эмоциялық ахуалын ескеретіні түсінікті.
Десек те, іске қатысы жоқ, сот отырысына жеке қызығушылықпен келіп қатысқан адамдар тәртіп бұзған жағдайда төрағалық етуші сот отырыс залынан шығарып жіберетінін ескерген жөн. Сондай-ақ, сот отырысында тараптар жаппай тәртіп бұзған кезде сот iске қатысы жоқ адамдардың барлығын сот отырысы залынан шығарып жіберіп, iстi жабық отырыста қарауға немесе процесті кейiнге қалдыруға толық құқылы. Бұған қса, сотты құрметтемеу фактісі анықталған кезде сот кінәлі адамға осы кодекстің 120-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолданатынын да қаперден шығармағанымыз жөн. Ал тәртіп бұзушы әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгісі болса, бұл адам осы кодекстің 120-бабында белгіленген тәртіппен қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.
Б.Ш.Журабаев,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы