Тәуелсіз Ел болғанымызға 30 жылдан асып барады! Бұл мезгіл — тілді дамытуға біреулер үшін көп, қайсы біреулер үшін әлі де болса жеткіліксіз деп есептейді.
Сөйтіп тіл мәселесіне қатысты бұқара халықтың пікірі неге екіге бөлінуде. Дегенмен, тәуелсіздік алған кезден бастап осы уақытқа дейін күрделі мәселеге айналған сұрақтың бірі, әрі бірегейі болып күн тәртібінен түспей келеді.
Тіл мәселесін маған дейін көптеген тіл мамандары, ақын-жазушылар, жалпы тіл жанашырлары көтеріп жүр, көтере береді деп сенемін. Мен үшін тіліміздің қолданылуының өз деңгейінде болмауын қозғау ұят. Десекте, осы тақырыпта өз үнімді қосуды парызым деп білдім. Тіл саясаты кез келген мемлекеттің ұлттық тағдырын шешетін киелі құбылыс.
Бұны қолшоқпарға айналдыру еліміз үшін өте қауіпті. Тәуелсіздігі мен тілі үшін жер бетінен жоғалып кеткен ұлттар мен ұлыстардың барын тарих беттерінен білеміз.
Бір жапырақ жер үшін соғыс өртін тұтатуға дайын тұрған елдерді қолдауға, геосаяси жағдайды өз пайдасына ұтымды пайдаланғысы келетін алпауыт елдердің бар екенін мүлдем естен шығармауымыз керек. Әрине заңгер болғаннан кейін тіліміздің жағдайын заң тұрғысынан қарағанды жөн көрдім.
Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады.
Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 1- тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп нақты белгіленген. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып табылады.
Аталған Заңда қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істер бойынша сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп көрсетілген.
Елімізде мемлекеттік тілдің біреу ғана, яғни қазақ тілі екенін ескере отырып, оған басымдық беруіміз керек.
Ол үшін заң нормаларын басшылыққа ала отырып, істерді мемлекеттік тілде жүргізіп, бірлі-жарымды мемлекеттік тілді білмейтін іске қатысушылар үшін іс жүргізу тілін өзгертпей, олар үшін аудармашыны қатыстыру қажет деп есептеймін. Сонда ғана іс қазақша жүріп, қазақ тілімен (аудармашы арқылы) орыс немесе басқа тілдер қатарласып қолданылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық – процестік кодексінің 30–бабына сәйкес Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсi қазақ тілінде жүргiзiледi. Сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады. Ал, іс жүзінде жағдай басқаша.
2022 жылғы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты М.С.Нәрікбаев атындағы КазМЗУ-мен бірлесіп, «Құқық жүйесіндегі қазақ тілінің мәселелері және оларды шешу жолдары» деген тақырыпта конференция өткізді. Конференцияға қатысушылар 27 ұсыныс енгізген болатын. Бұл алқалы жиында сот істерін жүргізуде мемлекеттік тілдің үлесін арттыру да көтерілген болатын.
Жалпы әлемдік құндылықтардың бастауы ұлттық және адами құндылықтар екенін ескерсек, ғаламдық даму үдерісінде сөйлеушілердің саны жағынан әлем тілдері ішіндегі алдыңғы 70 тілдің санатына енетін қазақ тілі мен мәдениетінің орны бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Бұл ретте, айтқым келгені тілдік тәрбие, тілдік насихат жөнінде болып отыр.
Қазақстанның әр азаматы өзінің өмірдегі мұратына жетуі үшін мемлекеттік тілді білуі керек екеніне, онсыз мансабының өспейтініне, қазақ тілінсіз өз елінің толыққанды азаматы болып саналмайтынына көзі жеткенде ғана серпіліс болады деп есептеймін.
Бұл ретте, судья мен сот маманының күнделікті жұмыста атқарып отырған қызметінде ана тілінде іс жүргізіп, халыққа ана тілінде жауап беріп тұрса, ел қызығарлық тәрбие болар еді деп ойлаймын.
«Ұлттық руханиятымыздың өзегі – ана тілі»,- деп айтқан екен Әбіш Кекілбайдың сөзімен мақаламды қорытындылағым келіп отыр.
Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасына мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті.
Нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі, сот билігінің беделі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру арқылы артады.
Тіл болашағы мемлекет болашағы дейтін болсақ, мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын сот саласында Ата заңымыздың аясында барынша кеңейту әрбір судья мен сот қызметкерінің міндеті және парызы деп түсінуіміз керек.
Менің бұл мақаладағы басты мақсатым қалың оқырманға – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, сот істерін қарауда мемлекеттік тілдің үлесін арттыру арқылы сот жүйесінің имиджі көтерілетіні жөнінде айтқым келеді.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте…,- деген дарынды ақын Қадір Мырзалінің сөзімен өз ойымды аяқтағым келіп отыр.
Білдірмес Бағлан Бахыткерейұлы, Ақтөбе қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының аға сот приставы