12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Тіл мәселесіне қоғамның назарын аудартудың бір жолы…

Шындап ойлансақ, Мемлекеттік тіл мәселесіне қоғамның назарын аудартудың жолы көп. Біз, сол жолдың түр-түрін тауып, оларды орталық және жергілікті биліктің орындарына ұсынудамыз. Қазақтар «Ұлттың  уызы– тіл,  ұйытқысы – отбасы» деп бекер айтпаған.   Демек, әрбір отбасы, әрбір шаңырақ ана тіліміз – қазақ тілін қадір тұтып, жанұядағы әрбір ата-ана оған өздері ынталы да ықыласты болуы қажет. Осыған байланысты алдағы уақытта елімізде «Ана тілі және отбасы» жобасын қолға алу мәселесін қай тараптан да, қандай деңгейде де өткір  қоятын кез келді.

Жалпы алғанда, ұлт тарихы, тіл тағдыры – күрделі құбылыс. Әр ұлттың өзіне тән қайталанбас тарихы болады, оған ұлт тілінің тарихы да кіреді. Тіл ұлтпен бірге жасайды және өркендейді. Тіл мен тарих тамырлас деген тәмсіл де осыдан шықса керек!

Ғалымдар «Тіл дегеніміз не деген сұраққа, тіл – қарым-қатынас құралыжәне оның бес функциясы бар» дейді: 1-ші отбасы, ошақ қасы; 2-ші экономика; 3-ші саясат; 4-ші бизнес; 5-ші ғылым және технология.

Осылардың ішінде қазақ тілі үшін және басқа тілдер үшін де   маңыздысы отбасы деп есептеймін. Өйткені, барлық ұлт үшін туған тілді үйренетін жері отбасы екендігі анық. Шынтуайтына келгенде барлық мамандық иелерінің бизнесмен мен ғалым да, экономист пен саясаткердің, тағы басқалардың бәрі де алғашында тілді отбасында ата-анасынан үйренеді ғой. Баланың сәби кезінен бастап жанында анасы болғандықтан, оған кішкентайынан тіл үйрететін де анасы. Қазақтардың, Ата тіл демей, Ана тілі дейтіні де осыған байланысты. Ал, қазақтар жұрт, мекен, тек, дәстүрге келгенде Атажұрт, Атамекен, Ататек, Ата дәстүр дейді ғой.                                                

Шындығында да балаға кішкентай кезінде тіл үйретуде және оны қазақ немесе орыс балабақшасына немесе мектепеке апаруды, яғни тілді таңдау жағын анықтауда ананың рөлі айрықша екендігін күнделікті өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әрине әкенің рөлін де жоққа шығаруға болмайды десек те, көп жағдайда ұл-қызды қазақ немесе орыс балабақшасына беруді әкесі емес, шешесінің шешетіні анық нәрсе. Оның себептерінің қатарында әкелердің үйден гөрі түзде көп болатындығы және балаларымен көп сөйлесе бермейтіні сияқты түрлі жағдайлардың бар екендігі белгілі. Дегенмен, кейбір отбасыларда тілді таңдау мәселесінде, анаға қарағанда әкенің рөлі басым болатын жанұялар да баршылық.  

Сонымен қорыта айтсам, балаға тіл үйретуде және үйдегілермен өзара қай тілде қарым-қатынас жасау мәселесінде ата-ананың рөлі өте маңызды екендігі анық.

Жақында радиодан бір сұхбатты тыңдадым. Тілші жас жігіттің қалада өсіп, орыс мектебінде оқығанымен, қазақ тіліне жетік болуының себебін сұрады. Сонда ол жігіт, қазақ тілін отбасында кішкентай кезінде ата-анасынан үйренгенін айтты.

Одан әрі ол: «Мен мектепте орысша оқыдым, бірақ отбасымызда ата-анаммен, аға-әпкелерім және іні-қарындастарыммен тек қазақша сөйлесетінбіз. Анам ұлтжанды болғандықтан бізге қазақ тілін оқып-үйренуімізге күнделікті көңіл бөліп, бар күш-жігерін жұмсады. Менің мамандығым экономист, оқуды бітірген соң мен бизнеспен айналыстым. Бұл екі сала да орысшалау болғанымен, мен намысқа тырысып, бизнесімді қазақ тілінде жүргізуге тырыстым. Өзім шығарған тауарларымды мемлекеттік тілде жарнамалаймын» — деді.                              

Осы сұхбаттан менің түйгенім, шындығында, егер әрбір шаңырақ, әрбір отбасы қазақ тілін қадір тұтып, үйдегі әрбір баланың ана тілін оқып-үйренуіне және оны күнделікті қолдануға ынталы әрі ықыласты болуы керек деген ойға келдім.

Осы орайда айтайын дегенім, мен 1996 жылы Шымкент қалалық Тіл басқармасында істеп жүргенімде бастама ретінде «Ана тілі және отбасы» жобасын әзірлеп, оны Оңтүстік Қазақстан облыстық Тіл басқарамасымен бірлесіп, жоба аясында бірқатар оңды істерді атқарған едік. Бұл жоба өздерінің отбасыларында ана тілінде сөйлемейтін, негізінен орыс тіліне бейімделіп кеткен, өз үйлерінде ғана емес, балабақшада, оқу орнында, жұмыста, мекеме мен ұйымдарда ана тілін қолданбайтын, қазақ тілін білмейтін немесе шорқақ, шала сөйлейтін, сөйлегісі, үйренгісі келгенмен, үйренудің жолын таппай жүрген қазақтар мен қазақ отбасыларына арналған тұғын.            

Жобаның мақсаты – қаламыздағы әрбір отбасын, қоғамымыздың әрбір мүшесін қазақ тілінің мерейлі мәртебесін қамтамасыз етуге, оқып-үйренуге және қолдануға, ұлттық тілімізді рухани қуат, мемлекетіміздің келешегі ретінде бағалай білуге жұмылдыру болды.

Жоба аясында «Ана тілі – арың бұл» деген тақырыппен телеарналар арқылы отбасына арналған бейнероликтер топтамасын көпшілікке ұсыныған едік. Кейін Тіл басқарамалары таратылған соң жобаның жұмысы да тоқтаған-ды. Болашақта осы бағыттағы жаңа жобалар мен тың ұсыныстар жалғасын тауып, Тіл туралы заңда, Мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей, мемлекеттік тілдің басымдығы көзделсе дұрыс болар еді.       

А.Байтұрсынұлы: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» — дей келіп, «баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең құл болмақшы», — деп ескерткен екен. Сондағы ұлша дегені, баланы өзінің ана тілімен оқытып, ұлттық салт-дәстүрде тәрбиелеу, ал құлша дегені, өзге ұлттың тілімен оқытып, өзге ұлттың психологиясымен, яғни құлдық психологиямен тәрбиелеу дегені болса керек.  Шындығында да ұл-қыздарымыз еліміздің нағыз отаншыл, ұлтжанды патриоты болып өсуі үшін отбасында немесе балабақша мен мектепте ана тілінде тәлім-тәрбие алуы қажет. Бұл көп елде сынақтан өткен, әбден дәлелденген ақиқат нәрсе, яғни аксиома!

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қазақ тілінің мәселесі жиі көтеріліп жүр. Айтылып, жазылып қана қоймай, нақты іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алғандар да бар. Бұл қазақ тілі мәселесінің шегіне жете бастағанын көрсетсе керек. Қазір мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінің жағдайын айтып жылаудың, зарлаудың қажеті жоқ. Бәрі де көз алдымызда. Енді азаматтар осы мәселені шешудің жолдарын іздеуге кірісті. Сіз бен біз болып, түрлі кедер-гілерді жеңуде бірлесіп, түсіністікпен жұмыс істесек жеңіске жетеміз.

Қазақ тілі – ұлттық құндылықтардың бірі деп, оны өзімізден және өзгелерден талап ету арқылы өзіміздің ғана емес, болашақ ұрпағымыздың да құқын қорғаймыз.

 Академик Асқар Жұмаділдаев өзі берген бір сұхбатында: «Соңғы кезде қазақтың тілі дамып келе жатыр. Біздің министр қазақ балаларының білімі төмен деп айтады. Бос сөз. Кешегі өткен ҰБТ-да ең жақсы нәтиже көрсеткен қазақ мектебінің балалары. Құдай біледі, «Болашақпен» шетелге оқуға кеткендердің 80 пайызы қазақ мектебін бітірген балалар. Қазақша мектепте оқу методикасы қалыптасты. Қазақ тілінде бастауышқа, орта мектепке лайық жеткілікті тіл бар. Біз қазақтың тілі бай дейміз. Сол бай тіліміз орта мектепке білім беруге жарамайтын болса, ол тілдің не керегі бар?! Министрліктің өкілдері «қазақ тарихын қазақ тілінде оқытатын болдық» деп жетістік ретінде айтып отыр. Бұл жетістік емес, күлкілі нәрсе. Бүкіл ғылымның барлығы ана тілінде оқытылуы керек» деген болатын.

Қазақ тілі – Қазақстанның мемлекеттік тілі. Өзінің және ұрпағы-ның келешегін Қазақстанмен байланыстырған әрбір қазақстандық оны мемлекеттік рәміздің бірі деп санап, қазақ тілін  білуге күш салуы тиіс.                

Осы ретте айтпағым, үйдің төрт қабырғасы, ошақтың төрт тағаны болатыны белгілі. Ендеше, мемлекеттің қазіргі үш рәмізіне Мемлекеттік тілді төртіншісі етіп қосып, рәмізді төртеу етсек, төбедегі төртеу түгелденер еді!  Мүмкін содан кейін, қазақ тілінің мәртебесі де өсіп, төрге шығар ма еді?! 

Біз халыққа ұлттың рухани тамыры бастауын тілден алатынын айтып, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» екенін насихаттап қазақстандық патриотизмді қалыптастыруымыз қажет. Әйтеуір ерте ме, кеш пе мемлекеттік тілдің қажеттілігін елімізде тұратын әр отандас-ымыз біліп, сезінетін болады. Осыны мемлекеттік тілді білмейтіндер терең түйсініп, содан кейін барлығы да қазақ тілін оқып-үйрену арқылы еліміздегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтсе, тіліміздің мәртебесі де жоғарылайтыны сөзсіз. 

Халқымыздың бірлігі және оған қалай жету туралы көп айтылады. Бұған жауап ретінде, тіл бірлігі арқылы ел бірлігіне жетуге болатынын айтқым келеді. Ол үшін ұлтты келешегін сақтап, ҰЛТТЫҚ САНАҒА жетуді мақсат етуіміз шарт. Оның алтын қазығы, адамзатқа үлгі етерліктей озық САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ қалпына келтіріп, жетілдіруіміз қажет. Оның тірегі – ҰЛТТЫҚ ТІЛІМІЗ! Сондықтан ҰЛТ ТАҒДЫРЫ – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ екенін ескеріп, өркениетті елдерден үлгі алғанымыз жөн!       

Және Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқан: «Біз әуелі өз тілімізбен оқытып, содан соң басқаша оқытуға тиіспіз» — деген өсиеті мен ақыл-кеңесін орындауымыз керек. Ана тіліміз бен балалардың болашағын ойласақ, бұған бәріміз болып атсалысқанымыз абзал.

Х.Есенжанов осыдан 56 жыл бұрын, «қорықсаң да орыстанған қазақтан қорық» деп, тура айтқан екен. Болашақта бұндайлардан қорықпау үшін оларды ана тілінде оқытуымыз қажет. Ал, қазақша оқыту үшін қазақ тіліне заңды түрде қажеттілік туғызуымыз керек.              

Сондықтан, «ҚР-сындағы Тіл туралы» заңның 23-бабында көрсетілген: – мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сай білуді қажет ететін кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін – белгілеу туралы заң жобасын тездетіп әзірлеп, оны қабылдауымыз бүгінгі қоғамның да, заңның да басты талабы болып отыр.                    

Жалпы, Тізбенің жобасы ертеректе жасалып, тиісті министрліктермен және облыстық әкімдіктермен келісілген болатын. Ендеше, Тізбені бұдан әрі кешіктіре біреудің реті де, тіпті жөні де жоқ.

Әлбетте, Қазақстанның алатын асулары әлі алда. Әзірге еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілін бәсекеге қабілетті тіл деп айтуға әлі ерте. Өйткені, қазақ тілі күні бүгінге дейін өзінің шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне жете алмай келеді. Бұл өз кезегінде, еліміздің тәуелсіздік элементтерінің бірі – мемлекеттік тілдің мемлекеттік сәйкестілік белгілеріне сай еместігін көрсетеді. Қоғамымызда азаматтық келісімді орнықтыру мен ұлтаралық татулықты сақтаудың негізгі алғышарттарының бірі, ол еліміздегі мемлекеттік тіл саясаты. Республикамыздағы мемлекеттік тіл саясаты Қазақстандағы тілдік ахуалды, тіл құрылысын қалыптастыру мен дамытудың негізгі факторы және ұлтаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді реттеудің негізгі тетігі әрі елімізде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық реформалардың құрамдас бөлшегі. Осыған байланысты мемлекеттік тіл саясатын іске асыру Қазақстанның ішкі саясатындағы маңызды бағыт. Сондықтан да, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін барша жұртқа балабақшадан, мектептен бастап оқытып-үйрету – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселесінің бірі.

 «Мені билік тарапының үнсіздігі қорқытады. Мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында сайратып қоятын тетіктер жеткілікті. Ең болмаса жемқорлықпен ұсталған қызметкер үшін оның басшысы жауап береді деген сияқты «мемлекеттік тілді білмейтін министр қызметінен кетеді» деген заң енгізілсе, қазақ тілінің дамуына тұсау болып отырған шенеуніктердің екі аяғы бір етікке тығылар еді. Жемқорлық – үлкен қылмыс, бұл халықтың ақшасын ұрлау деген сөз. Ал қазақ тілін білмейтін мемлекеттік қызметкерлер біздің сан ғасырлар бойы келе жатқан арман-мақсатымызды ұрлаушылар, болашағымызды бұзушы-лар, ұлтын сыйламаушылар емес пе?!» – дейді Дос КӨШІМ.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Заң факультетінде мықты маман дайындау-басты міндет

   Әділетті қоғам құрудың негізі-сапалы құқықтық жүйе, ал оның тірегі...

ҚазҰУ-білімнің биік шыңы

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі жоғары білім мен ғылымның флагманы,...

Аумақтан тыс соттылық

         Аумақтан тыс соттылық турасында Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексіне...

Сот тәртібімен банкрот деп тану ерекшеліктері

Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы...

Судьялыққа адал қызметтің айшықты үлгісі

  Биыл Қазақстан Республикасының сот жүйесінде абыройлы еңбек етіп,...