spot_img
spot_img

Тіл мәселесі – ел мәселесі!

Тіл – ұлттың жаны және бойындағы рухы, яғни өмірі! Тіл – тәуелсіздігіміздің тірегі. Қазақ ұлты мен Қазақстан мемлекеті жер бетінде өмір сүруі үшін, мәңгіліктің мәңгілігі қазақ тілі екендігін ескерсек, еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттігін нығайтуда ана тілімізді сақтау мен дамытудың мәні мен маңызы арта түспек.       Демек, қазақ тілін – мемлекеттік тіл мәртебесіне жеткізу аса маңызды мемлекеттік және бүкілхалықтық іс! Сондықтан да тіл мәселесі – ел мәселесі деп қарап, қазақ тілін дамытуға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек! Сонда ғана ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртбесіне жетеді!

Кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуі мен мәдениетінің гүлденуі, ұлттық тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты екендігін қоғамның өзі күнделікті өмірде көрсетіп те, дәлелдеп те жүр.Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тіліне дамытуға қатысты атқарылған шаруа да, тындырылған тірлік те аз емес. Бірақ қанша әрекеттенсек те, қазақ тілін – мемлекеттік тіл мәртебесіне жеткізе алмағанымыз тағы анық. 1989 жылдан бері қазақ тілі – заң жүзінде мемлекеттік тіл. Алайда, іс жүзінде банк, байланыс, бизнес, қаржы, көлік, құқық, салық т.б. салаларда орыс тілінің үстемдігі басым. Оған кінәлі қазақтар десем, артық айтқандық болмас.

Бір ғана қарапайым мысал. Банкоматты қолданатын қазақтардың көпшілігі, неге екенін қайдам, қазақ тілін емес орыс тілін таңдайды. Сондай-ақ, базарда, сауда орындарында, көлікте, көшеде жүрген кейбір қазақтар бір-біріне орысша сөйлесіп және орысша жауап бергендерін байқаймын да, басымды шайқаймын.                  Айтпақшы, қазақтардың көпшілігі басшылардың аты-жөнін айтқанда, Әділ Оразбайұлы демей, Адил Оразбаевич дейді. Неге? Қазақша өтініш жаз десең, орысшалап заявление жазады. Мұндай қазақтарға неге мемлекеттік тілде сөйлемейсіз, жазбайсыз десем, «орысша оңай, қазақша қиын» деп жауап береді. Осындай оғаштау әрекеттерімен ана тілін тең тіл етпей, кем тіл етіп жүрген қазағымыз аз емес. Қазағы қалың деген Шымкенттің өзінде, кейбір қандастарымыздың қазақ тілін қалдырып, орыс тілін оздырып жүрген жағдайлары кездесіп қалады. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында, өз басым барлық кезде қолдан келген әрекеттерімді жасап, мейлінше қазақ тілін қолдап, қорғауға күш салып келемін.

Қазіргі уақытта жұрттың басым бөлігі интернетті пайдаланады. Менің де әлеуметтік желіде Фейсбуктен (бұдан әрі – ФБ) ашқан өзімнің жеке парақшам бар. Мен әрдайым өзімнің ФБ-дағы парақшам арқылы мемлекеттік тілдің мәселесін көтеріп отырамын және қазақ тілі туралы шыққан посттарды оқып, оларды қолдап ой-пікірімді жазып тұрамын.      

    Үстіміздегі жылдың 3-сәуірінде Тіл жанашыры ретінде Мемлекеттік тілді қолдайтын әр Қазаққа айтар ұсынысымды ФБ-ға пост етіп шығарған едім.      Содан кейін, маған көптеген азаматтар хабарласып және түрлі жиындарда немесе жол-жөнекей кездесіп қалған таныстарым, «Қазақ тіліне қатысты шығарған мынау жазбаңыз ұнады, өте орынды ұсыныстар екен» деп айтады. Соған қарағанда менің постымды бес мың досымның көпшілігі оқыған ғой деп қоямын.         Айтпақшы, ФБ-ға шығарған постыма 2-3 күннің ішінде 160 адам лайк басып, 27 адам пікір жазыпты және 2 досым оны бөлісіпті. Егер ФБ-дағы 189 досымның әрқайсысының мыңдаған досы бар десем, демек, оларды оқыған тағы да жүздеген адамдар бұдан қорытынды шығарса, бұл тілімізді төрге апаратын жол деп білемін!

03.04.2024 ж. Менің шығарған постым мынау

Тіл жанашыры ретінде Мемлекеттік тілді қолдайтын әр Қазаққа айтар ұсынысым:          

§ Ең алдымен ұялы телефоныңызға қазақ әріптерін орнатып алсаңыз, одан кейін әлеуметтік желіде мүмкіндігінше, қазақ тілінде сауатты жазуға және ана тілінде мәдениетті сөйлеуге тырыссаңыз бәрімізге жақсы болар еді.                                                                       

§ Банкоматты қолданатындар, міндетті түрде қазақ тілін таңдаса деймін.                                                                                                                      

§ Ата-аналарға өтінішім, ана тіліне деген құрмет үйдегілермен өз тіліңізде сөйлесуден және ұлдарыңыз бен қыздарыңызды 13 жасқа дейін қазақ тілінде оқытудан басталатынын есте ұстаңыздар!                         

§ Еліміздің қай жерінде (базарда, көшеде, көлікте немесе кез келген мекемеде) жүрсеңіз де, айналадағы қазақтарға ана тілінде сөйлеп, олардан қазақ тілінде жауап беруін мәдениетті түрде талап етіңіз.                                                                                                               

§ Халыққа қызмет көрсететін орындарға, кәсіпорын, мекеме, ұжымдарға жазатын өтініш, ұсыныс хатыңызды қазақ тілінде жазыңыз.       

§ Автокөлік айдайтындар, көлік ішінде Қазақ радиосын қосып қойса, ол да тілімізді қолдаудың бір жолы.                                                  

§ Қазақша кітап оқып, қазақ тілінде шығатын газет-журналдарға жазылсаңыз керемет болар еді!                                                                    

§ Сөз соңында айтарым, «Ел боламын десең, есіміңді түзе демекші», куәлікке өз аты-жөніңізді және ұл-қыздарыңызды да қазақша жаздыртсаңыз. Биыл  оны түзетудің реті келмесе, келесі жылы куәлікті ауыстыратын кезде «-ұлы» немесе «-қызы» деп жаздыртуға болады!

Қабыл ДҮЙСЕНБИ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Заң факультетінде мықты маман дайындау-басты міндет

   Әділетті қоғам құрудың негізі-сапалы құқықтық жүйе, ал оның тірегі...

ҚазҰУ-білімнің биік шыңы

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі жоғары білім мен ғылымның флагманы,...

Аумақтан тыс соттылық

         Аумақтан тыс соттылық турасында Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексіне...

Сот тәртібімен банкрот деп тану ерекшеліктері

Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы...

Судьялыққа адал қызметтің айшықты үлгісі

  Биыл Қазақстан Республикасының сот жүйесінде абыройлы еңбек етіп,...