Қазақстан Республикасының егеменді, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын негізгі конституциялық құқық белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. Тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп анық жазылған. Барлық мемлекеттiк органдар мемлекеттiк тiлдi, яғни қазақ тiлiн барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға, ана тiлiн сақтауы мен дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi деп көрсетiлген. Аталған заң талаптары мемлекеттік тіліміздің пәрменін арттырып, оның қолдану аясын кеңейтуге зор септігін тигізуде.
Айта кетерлік жайт қазіргі таңда сот жүйесінде қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Мысалы, сот жүйесінде ресми құжаттар негізінен алдымен мемлекеттік тілде жазылып, кейін ресми тілде аудармасы болуы шарт. Сонымен қатар, сот ісін жүргізу тілі сотқа берілген құжаттардың берілуіне қарай жүргізіледі, әрбір азамат істі өзінің ана тілінде, немесе өзі білетін басқа тілде жүргізуді талап етуге құқылы және өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу және кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі, сол сияқты онымен қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік тілді жетік білу бүгінгі күні әр мемлекеттік қызметкердің алдына қойып отырған өзекті мәселесінің бірі болып табылады. Сондықтан, мемлекеттік тілді дамытуға әрбір мемлекеттік қызметкер өз үлесін қосуы міндетті. Қазіргі таңда әрбір мемлекеттік орган тарапынан халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ең алдымен мемлекеттік тілде жүзеге асыру міндет болып табылады.
Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату – әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дәстүріміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Тараз қаласының мамандандырылған
тергеу сотының бас маманы
А.Б. Толентаев


