Кеше ғана біздің бабаларымыз жете алмай, сан жылдар армандап өткен еліміздің тәуелсіздігіне бүгінде біздің қолымыз жетіп отыр, бұл дегеніңіз тәуелсіздіктің құнын түсінген жанға жетерлік.
Тілдің тағдыры – елдің тағдыры, ол тек мемлекеттің саясатымен, мемлекеттік мекеменің ісімен шешілмейді. Мемлекеттік тілдің дамуы жолында қазақ халқының әр перзентінің атқаратын қызметі мен қосатын үлесі зор. Өйткені, тіл мәселесі өте маңызды мәселе, біріншіден, тіл – өзімізді ұлт ретінде сақтаудың қорғаны, екіншіден, барлық Қазақстандықтарды біріктіруші ортақ байлығымыз. Олай болса, мемлекеттік тілді білу – әр жанұяның, әр ұжымның негізгі мақсаты, біз тіл арқылы ғана ата-бабамыздан келе жатырған ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа аманаттай аламыз.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Н.Ә.Назарбаев: «Әрине, тіл мәселесі – уақыттың еншісінде. Санның артуы, сананың орнығуымен бәрі өз орнына келеді. Бұл орайда біздің басты байлығымыз – ел бірлігі екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек. Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да соншалықты шуақты болмақ. Дүниеде қазақ деген ел барда қазақ тілі мәңгі жасай береді» — деген терең ойлары бәрімізді ана тіліміздің уақыт өте келе дамып өсетінін білдірсе керек. Өйткені, осы тіл мәселесі мәжбүрлі емес, тек шынайы ынталылықпен ғана іске асырылуы тиіс.
Содан да болар осы күні тіл мәселесі қоғамда көп талқыланатын тақырыпқа айналып отыр. Себебі, тіл – тәуелсіздіктің тірегі. Ал, өз ұлтының тағдырына бей-жай қарамайтын кез келген адам мемлекеттік тілдің жайына алаңдайды.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың — «Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік… біз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстіндегі елге технология ауадай қажет. Сонда ғана әлемнің алып мемлекеттері мен төңірегіміздегі елдер бізбен санасады. Бұл орайда біз – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызуымыз қажет» – деп атап көрсеткені әрқайсымыздың күнделікті жұмысымыздың асыл арқауына айналуы керек.
Тіл – қатынастың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Өйткені, ана тілінің өмір сүру кеңістігін тілді сақтау, ал тілді сақтау ел тұтастығын сақтау.
Мен қазақ тілінің жанашыры ретінде қазіргі таңда мемлекеттік тілге толыққанды көшу үшін және қазақ тілінің беделін одан әрі нығайту үшін, ең алдымен, мемлекеттік тілді оқытудың мазмұны мен сапасына көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Өйткені, анамыздың сүтімен бойға даритын тілдің әр адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы орны ерекше. Бүгінгі қоғамның да алдымызға қойып отырған басты талаптарының бірі – өз ойы мен пікірін өз ана тілінде еркін жеткізе алатын, сол арқылы кез келген ортаға тез бейімделе білетін, сөйлеу тілі қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
Президентіміз Қ.К.Тоқаев қазақ тілі мәселесін шешудің төрт жолын айтқан болатын.
Біріншіден, мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек.
Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.
Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.
Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет.
Ата Заңымыздың 7-ші бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» — деп көрсетілген. Ендеше қазақпын деген қаны бар азамат тілім Тәуелсіздік тірегі, Тілім болашағым, Тілім мақтанышым деген биік сезімді мұрат етуі шарт.
Ел тәуелсіздігі – тіл тәуелсіздігі. Тіл – ұлттың төлқұжаты, мемлекеттің тұғыры. Сол болашақтың берік іргетасын бүгін қалауымыз қажет.
Ибрагимова Айгерим Теміровна, Ақтөбе қаласының мамандандырылған
тергеу сотының бас маманы- сот отырысының хатшысы