Әр қоғамның халық болып қалыптаспас бұрын шежіресі мен тарихы болатыны анық. Ал халық болып құрылғаннан кейін әр ұлт өз алдына мәдениетін қалыптастыратыны тағы бар. Мұнымен ғана шектеліп қалмайды, әрине, әр ұлттың өз құқықтары, заңдары, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі және өзіндік наным-сенімдері болатыны анық. Ал осынау асқақ мұралардың нағыз жинақталған тұсы, яғни, баға жетпес ұлттық құндылықтарды біріктіруші күш — ана тілі. Ана тілі — бұл әр адамның жарық дүниеге келгелі бар болмысты бойына сіңіріп, жақсы мен жаманды, жалпы қоғамды, мына өмірді тануға негіз болған бірден-бір құрал емес пе?! Олай болса, бұл ана тілі біздің баға жетпес, ең құнды байлықтарымыздың бірі.
Ал біздің байлығымыз, яғни, ұлтымыздың жүрегі — қазақ тілі. Қазақ тілі өзіндік көркемділігіменен өзге тілдерден айрықша. Әсіресе, тілдің құндылығын бар жан-дүниелерімен ұғынып, артынан ерушілерге жиі аманаттаған ұлы тұлғалардың, ұлт зиялыларының көркем шығармаларынан ана тіліміздің ерекшелігін анық байқауға болады.
Біздің ана тіліміз ең бай тіл. Қай елдің болмасын негізгі мәселесі осы ана тілі болмақ. Мәселе туындаса бір ел мақтайды, біреуі даттайды. Қанша сөз айтылса да ол өзінің туған тілі емес пе?!
Тіл тұтастығын жоғалтып алсақ оны қайта құрастырушы халық. Қазақ тілі жеке бір қазақ адамның тілі емес, барша мемлекеттің ортақ тілі. Біз өз тіліміздің қаншалықты бай екендігін өзгелердің көзінше қиналмай-ақ жеткізе аламыз. Таза, мәнерлеп, сөздің майын тамыза сөйлеу арқылы сен өз тіліңді қандай дәрежеде құрметтейтініңді дәлелдей аласың. Тарихымыз, өткеніміз қаншалықты құнды болса, тіліміз де соншалықты құнды болмақ.
Тіл — біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда.
Тараз қаласының мамандандырылған
тергеу сотының бас маманы
М. Алтыбаев


