Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы ыстық су демалыс аймағында адам шошырлық қылмыс болды. Төрт күннен бері ақпарат жасырылып келген. Тиірмен ауылының тұрғыны «Ұлан»демалыс аймағында жұмыс істеуге кетіп қайта оралмаған.
Куәгерлер мен аудан тұрғындарының айтуынша, қайғылы жағдай «Ұлан» демалыс аймағының аумағында болған. Мәліметтерге сәйкес, қылмыс жасалғаннан кейін күдіктілер іздерін жасыруға әрекет жасап, марқұмның денесін жақын жерге көміп, ізін жасыру үшін жер үстін өртеген екен.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, жоғалған азаматты іздеуге құқық қорғау органдарымен қатар жергілікті тұрғындар да жұмылдырылған. Аумақты тексеру үшін дрон пайдаланылған. Нәтижесінде мәйіт табылып, жер астынан шығарылған.
Тұрғындардың мәліметінше, марқұм бірнеше күн бұрын көз жұмған, алайда ол туралы мәліметтер барынша жасырылған. Ал жерлеу рәсімі тек кеше 29 мамыр күні өткен.
Алдын ала ақпарат бойынша, қаза тапқан азамат 29 жастағы жігіт. Оның есімі — Айбол Қызайбаев. Ол Тиірмен ауылының тұрғыны болғаны хабарланды.
Халық арасында тергеу барысына қатысты наразылық күшейіп келеді. Тұрғындар құқық қорғау органдары мен Алматы облысының прокуратурасы тарапынан неғұрлым белсенді әрекет күтетінін, сондай-ақ тергеу жұмыстарының барысы жөнінде қоғамға ашық ақпарат берілуін талап етуде.
Жарияланған сәтте аталған оқиғаға байланысты құзырлы органдар тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.


