ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЮ ЕРДІҢ ІСІ

Елдің әр түкпірінде еңбегімен елге жағып тынымсыз тірлігімен бақуатты тірлік кешіп жүрген азаматтар жетерлік. Биікке ұмтылмаса да қажыр-қайраты мен ерік-жігерін өзінің жылдар бойы машықтанған ісіне жұмсаған жандарға көптің де ықыласы ерекше. Адал кәсібінің арқасында елдің разылығына бөленген мұндай азаматтар болашақ ұрпаққа да мол үлгі-өнеге болары сөзсіз. Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында тұратын Юрий Антонов темірден түйін түйетін нағыз шебер маман. Кәсіби дәнекерлеуші техникалардан бастап металдан жасалған, тұрмысқа қажетті кез келген бұйымды сапалы түрде дәнекерлей алатын білікті маман.

Юрий Александрович Щучинск қаласының тумасы. Дегенмен, ата-анасының жұмысбастылығымен балалық шағының басым бөлігін Грузия астанасы Тбилиси қаласында өткізіпті. Балалары 16 жасқа жетіп орта мектепті аяқтаған соң отбасы Қазақстанға қайта оралады. Юрий өзі туып-өскен Щучинск қаласында бірден тіршілікке бел шеше араласып кетеді. Сан-салалы түрлі кәсіптерді көрсе де Юрий өз әкесінің ізін жалғап дәнекерлеуші кәсібімен айналысуға бел буады. Өмір жолын анықтауға әкесі – Александрдың көп септігі тиіпті. Өйткені, балалық шағынан әкесінің қасынан шықпайтын бала бұл кәсіпті бес саусағындай меңгеріп үлгерген еді. – Кәсіп таңдауда еш ойланудың да қажеті болмады. Бірден әкем өзі үйреткен дәнекерлеу ісіне ден қойдым. Бала кезімнен қызылды-жасылды болып ұшқын шашатын көздің жауын алатын әдемі көрініс мені қатты қызықтыратын. Әрине, көзге зиян тигізетінін әкем бірден түсіндіріп, арнайы шынысы бар бас киіммен темірді дәнекерлеп жатқанын көз алмай қарап отыратынмын. Кейінірек өсе келе әкемнің үйретуімен өзім де түрлі темір-терсектерді дәнекерлеп жасай бастадым. Бұл іс өзіме қатты ұнайтын. Содан елге келген соң ойланбастан жергілікті техникумға дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқуға түсіп, төртінші дәрежелі дәнекерлеуші болып бітіріп шықтым, – дейді Юрий Антонов. Оқу орнын аяқтаған соң Юрий Александровичтің кәсіби еңбек жолы Щучинск қаласындағы қазандықты-механикалық зауытта басталыпты. Өндіріс орнында ол кездері су жылытатын, сондай-ақ бу қазандықтары шығарылатын. Зауыттан шыққан барлық өнім түрлері аса сапалы болып, бірден Кеңес Одағының барлық республикаларына таралатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін тоқсаныншы жылдардағы тоқырау басталып байтал түгі бас қайғы болған тұста зауыт та ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, тұтас кәсіпорынның жұмысы ақыры тығырыққа тіреледі. Жұмыссыз қалған қарапайым жұмысшылардың әрқайсысы өз нәсібін таппақ болып жұмыс іздеп кетеді. Юрий Александрович те «Уютный дом» атты жаңадан ашылған фирмаға жұмысқа орналасып, мұнда дәнекерлеуші ісімен қатар ұсталық кәсіпті де меңгере бастайды. Гүрс-тарс еткен ұстаханада шойын балға мен болат төске қыздырылған темірді соғып түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдарды да жасау қолынан келген Юрий қасындағы әріптестерінің арқасында бұл кәсіпті де өз бетінше меңгеріп алады. Бірақ өзінің айтуынша көпшілік ойлайтындай темір-терсектің тілін табу аса оңай дүние емес. – Көп адамға темір-терсекті дәнекерлеу кәсібін үйрену оп-оңай сияқты болып көрінеді. Әрине, көптің көңілінен шығатын сапалы әрі әдемі дүние шығару аса оңай іс емес. Дегенмен, егер талмай үйреніп, көз майын тауысып техникалық түрлі негізгі ерекшеліктерді сезініп, қажетті білімді меңгеріп алған соң бәрі де ойдағыдай жүзеге аса бастайды. Қос металл бөлшектерді жігі білінбестей етіп бір-біріне біріктіріп қосудан артық қандай қиын шаруа болуы мүмкін? Дәнекерлеу ісінде күрделі шаруа шаш-етектен деуге де болады. Темірлерді бір-бірінен қосылған жерінен сөгіліп, ажырап кетпес үшін мықты әрі эстетикалық тұрғыдан әдемі етіп жасау қажет. Бұл асқан шеберлік пен мұқияттылықты қажет етеді. «Уютный дом» фирмасында жұмыс істеу кезінде өзім үшін көп нәрсені үйрендім. Әрине, бірталай нәрсені білгеніммен білмегенім әлі тоқсан тоғыз ғой. Барлығына қызығушылықпен қарап үйренуге деген құштарлығым бірден оянатын. Көп дүниені дәнекерлеп көргеніммен үлкен бұйымдарды дәнекерлеп көрмегенмін. Дәнекерлеу ісінің шеберлігіне ұзақ жылдар бойы талмай оқып үйренудің нәтижесінде жеттім. Өз қызметімнің басты бағытын айқындап алғаныма өте қуаныштымын. Маған металдан көлемді бөлшектер шығару, күрделі құрылымдар дайындау қатты ұнайды, – дейді Юрий Александрович. Кейіпкеріміздің айтуынша қазір дәнекерлеудің өте көп түрлері бар. Ал ең маңыздысы дәнекерлеу аппаратын дұрыс қолдануды, сонымен қатар қауіпсіздік техникасын барынша сақтауды үйренген жөн. Металды бір-біріне жай ғана дәнекерлеп қоса алмайсың. Бірінші кезекте газдар мен электротехника қасиеттерін бес саусақтай білу қажет. Бұл орайда физика, химия пәндерінен алған білім ауадай қажет. Өйткені, дәнекерлеуші кәсібі металдардың қалай еритіні мен тотығатыны туралы толымды түсінігі мен білімі болмаса бәрі бекершілік болады. Бұл әрине жақсы дәнекерлеушіге қажет болатын алғашқы базалық білім. Ал одан кейін металл әзірлемелердің қосылыстарында болатын жабдықтардың басқа да түрлерінің ерекшеліктерін меңгеру қажет, – дейді Юрий Антонов. Дәнекерлеушінің нақыштап тұрып істеген дүниелерінің сапасы да аса мықты. Өзінің қызығушылығы мен талмай еңбектенуінің арқасында кейіпкеріміз кез келген дәнекерлеу аппаратында жұмыс істей алатынын айтады. – Дәнекерлеушінің қандай дәрежелі болғаны да аса маңызды. Менің төртінші разрядым маған орташа күрделілікті құрылымды бөлшектерді жинауға құқық береді. Сонымен қатар, барлық жағдайдағы жоғары сапалы дәнекерлеуді жүргізе аламын. Бұл дегеніңіз менде қайта бұрылатын жері жоқ жіктері бар құбырларды үйлестіріп дәнекерлеуге рұқсат етеді. Мен электр дәнекерлегішпен де, газды дәнекерлегішпен де жартылай автоматты дәнекерлеу аппаратымен де жұмыс істей аламын. Кез келген өз болашағын дәнекерлеуші ісімен байланыстырғысы келген адам түрлі саладағы білімді игеруге дайын болуы тиіс. Онымен қоса бұл білімді үнемі жетілдіріп отыру, сондай-ақ тәжірибемен үйлестіре білу қажет. Өйткені теория тәжірибелік тұрғыда жұмыс жүргізусіз түрлі металдармен әрқалай жағдайда күрделілігі әртүрлі құрылымдармен тікелей өзара әрекеттескенде ешқандай мәні мен маңызы да болмайды, – дейді дәнекерлеуші шеберіміз. Қазір кейіпкеріміз өзіне-өзі қызмет етуге көшкен. Өзіне жүгінген клиенттеріне қазандықтардан бастап, металл құрылымдардың барлық түрлерін, темір қақпалар, күркелер, әткеншектер, есіктер мен шарбақтар сияқты дүниелердің бәрін жасайды.

– Дәнекерлеуші металлург болмаса да бұл жұмыс маңыздылығы одан еш кем емес. Бізсіз ешқандай өнеркәсіп орны жұмыс жүргізе алмайды, – деп сөзін түйіндеді Юрий Антонов. Өз ісіне шынайы берілген дәнекерлеуші болашақта әлі де талай жұрт көңілінен шығатын сапалы дүниелерді шығарып халықтың ықыласы мен құрметіне ие боларына сенім мол…

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Әлихан Бөкейханов және құқықтық мемлекет идеясы: тарихи мұра мен заманауи сабақтастық

Әлихан Бөкейханов – қазақ тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі,...

Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданылуын жетілдіру мәселелері туралы

Құрметті әріптестер, құрметті мемлекеттік тіл бойынша жауапты мамандар! Бүгінгі кездесудің...

Алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершіліктің өзекті мәселелері

Алаяқтық – қоғамдағы ең кең таралған әрі қауіпті қылмыстардың...

Almaty Half Marathon 

МАССОВЫЙ СПОРТ В АЛМАТЫ СТАНОВИТСЯ ХОРОШЕЙ НАЦИОНАЛЬНОЙ И КРЕАТИВНОЙ...

Согласно миссии ООН

В АЛМАТИНСКИЙ ВОЕННЫЙ ГАРНИЗОН С РАБОЧЕЙ ПОЕЗДКОЙ ПРИБЫЛ ЗАМЕСТИТЕЛЬ...