«Темірқазық» қоғамдық қоры мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлесіп, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, жаңа құбылыстар мен заманауи ұғымдарға ұлттық сипаттағы балама табуды көздейтін «Жаңа сөз» жобасын іске қосты. Жоба туралы келісімге «Темірқазық» қорының төрағасы Әлихан Байменов пен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қол қойды.
Жобаның мақсаты – қазақ тілінің лексикалық қорына ұлттық сипаттағы жаңа сөздер мен салалық терминдердің ұтымды баламасын енгізу. Бұл бастама қазіргі жаһандану дәуірінде ерекше өзекті болып отыр. Себебі күн сайын тілімізге жаңа технологиялар, әлеуметтік құбылыстар мен тұрмыстық заттарға байланысты жаңа атаулар кіріп жатыр. Көп жағдайда ол сөздер мен ұғымдардың қазақша баламасы толық қалыптаспаған. Терминком бекіткен 140 мыңнан аса терминнің бір бөлігі халық арасында қолданысқа енбей қалғаны белгілі. Сол себепті «Жаңа сөз» жобасы сөздік қорды байытуға, сонымен қатар, халықтың өз әлеуеті арқылы тілімізге жаңа атауларды қосуға мүмкіндік береді.
«Жаңа сөз» – тілдің қолданыс өрісін кеңейтіп, тартымдылығын арттыруға арналған жалпыхалықтық жоба. Ұлт тілінің өміршеңдігі оның жаңа сөздер мен түрлі құбылыстарға атау беру қабілетіне байланысты. Осы жоба арқылы тек тіл мамандары ғана емес, қарапайым халық та сөз жасау процесіне қатысып, қазақ тілінің дамуына үлес қоса алады.
Жоба til.kz платформасында өтеді. Мұнда қолданушы өзге тілдегі сөздің қазақ тіліндегі баламасын іздей алады, егер дайын нұсқасы болмаса, өз ұсынысын енгізіп, қоғамдық талқыға шығарады. Сонымен қатар, қазақ тілінде баламасы жоқ ұғымның сипаттамасын мәтін, фото, аудио немесе бейне форматында жолдап, жаңа атау табуға мүмкіндік алады. Әрбір ұсыныс сараптамадан өтіп, көпшілік дауыс беру арқылы ең қолайлы нұсқа таңдалады. Жеңімпаздар арнайы марапатталады.
Жоба бірнеше кезеңде жүзеге асады. Алдымен жұмыс топтары құрылып, порталдың техникалық мүмкіндіктері жасақталды. Енді жаңа сөздерді жинақтау, байқау өткізу, сараптау және көпшілік талқысына ұсыну жалғасады. Алдағы уақытта арнайы экспедициялар ұйымдастырылып, аймақтардағы халықтық сөз қолданыстары зерттеледі. Шетелдегі қазақ диаспорасын да осы жұмысқа тарту жоспарланып отыр. Жиналған сөздер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Терминология комиссиясының қарауына жолданып, ресми бекітілу мүмкіндігі қарастырылады.
Жаңа сөздердің аудармасы жүйелі, құбылыстың мәнін ашуға барынша қабілетті, жазуға ыңғайлы болуы шарт. Бұл ретте мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы және сауда салаларындағы өзгерістер ескеріледі. Жоба барысында калькасыз, қазақ тілінің байырғы қорынан алынған атауларға басымдық беріледі, сондай-ақ, түркі тілдерімен салыстырмалы зерттеулер жасалып, ғылым тілін ана тілінде дамыту тәжірибесі қолданылмақ.
«Тілдің иесі – халық. Ендеше сөздік қорды молайтуда ұлттың өз әлеуетін толық пайдалану – өмір мен заман талабы. «Жаңа сөз» жобасы осы бағыттағы бастама», – деді «Темірқазық» қорының төрағасы Әлихан Байменов.
«Тіл – тірі организм. Ол үнемі өзгеріп отырады. Бұл тек қазақ тіліне ғана емес, жалпы тілге қатысты құбылыс. Себебі жаһандану процесі өте қарқынды жүріп жатыр. Жаһандану заманында жаңа құбылыстарға қазақы балама табу – сөздік қорды байытудың жолы. «Жаңа сөз» жобасы осыған үлес қосуды көздейді», – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Жаңа сөз, жаңа тіл ортасын қалыптастыруға қазақ тілін білетін кез келген жанашыр қатыса алады. Жоба туралы толық ақпаратты «Темірқазық» қоғамдық қорының ресми парақшаларынан және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының til.kz порталынан, сондай-ақ әлеуметтік желідегі qazaq.tili_qogamy парақшасынан табуға болады.
Анықтама
«Темірқазық» қоғамдық қоры – ұлттық зияткерлік пен мәдени-ағарту бағытындағы жобаларды жүзеге асырушы ұйым. Ұлттық әлеует пен бірегейлікті дамыту және сақтауға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырумен айналысады.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы – 35 жылдық тарихы бар еліміздегі іргелі қоғамдық ұйымдардың бірі. Қазақ тіліндегі мазмұн қорын арттыру, білім жүйесіне әдістемелік қолдау көрсету, тілді дамытуда IT-шешімдерді ұтымды қолдану бағыттарындағы жобалар мен іс-шараларды жүзеге асырады. 2024 жылы халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде 30-дан аса шара өткізді.