Қазақстан экономикасының басты тіректерінің бірі – өнеркәсіп. Елде бұл секторды жаңғырту мен технологиялық жетілдіру бағытында жүйелі реформалар жүргізіліп жатыр. Өндірісті цифрландыру, инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске қосу және жоғары қайта өңделген өнімдер шығару – экономикалық өсім мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік беретін негізгі факторлар.
Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа мүмкіндіктер
Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібіндегі инвестиция көлемі айтарлықтай ұлғайды. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 34,3 пайызға өсіп, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңа зауыттар салуға серпін берді. Елде 16 арнайы экономикалық аймақ, 61 индустриялық және 34 шағын өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда 532 жоба іске асырылып, 449 жоба дайындық кезеңінде тұр. Арнайы экономикалық аймақтарға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар 925,3 млрд теңгеге жетті.
2025 жылы жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жоба іске қосылып, 22,6 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 838,1 млрд теңгеге 115 жоба табысты ұйымдастырылып, 13 384 адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 75 жоба пайдалануға беріледі. Жобалар толық қуатына шыққанда 2,3 трлн теңге көлемінде өнім шығарылып, оның 0,8 трлн теңгесі экспортқа бағытталып, 1,5 трлн теңге импорттың орнын алмастырады. Ауылдық жерлер мен моноқалаларда 7,5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болады.
Жасанды интеллект бағытындағы серпіліс
Экономиканы цифрландыру елдің әкімшілік процестерін жеңілдетуде. Бүгінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 90,4 пайызы онлайн форматта, оның 90,6 пайызы смартфон арқылы қолжетімді. 39 цифрлық құжат енгізіліп, қағаз құжаттарды толық алмастырып келеді. Бұл бизнеске рұқсат алу, тіркеу, есептілік жүргізу секілді процестердің тиімділігін арттырып, уақыт шығынын азайтты.
IT саласы ұлттық экономиканың жаңа драйверіне айналды. 2021 жылы IT-қызметтер нарығы 646 млрд теңгені құраса, 2024 жылы оның көлемі 1,74 трлн теңгеге жетті. Экспорттық табыс 690 млн АҚШ долларын құрады. Astana Hub платформасында 1832 компания жұмыс істейді, оның 465-і – шетелдік. inDrive, Telegram сияқты халықаралық алыптармен серіктестік орнатып, отандық IT-экожүйені жаһандық деңгейге шығару жұмыстары жалғасуда.
ЖИ технологияларын дамыту үшін құқықтық негіздер бекітіліп жатыр. Сенатта ЖИ туралы заң жобасы қаралып, 5 жылда 1 млн азаматты жасанды интеллект негіздеріне оқыту жоспарланған. Alem.AI халықаралық ЖИ орталығы мен Alem.cloud ұлттық суперкомпьютерін іске қосу арқылы мемлекеттік органдар мен бизнес үшін жасанды интеллектке негізделген шешімдер әзірлеу мүмкіндігі кеңейтілді. Ұлттық ЖИ платформасы іске қосылып, 14 пилоттық шешімдену бойынша сынақ жүргізілуде.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында 119 қала және 4 906 ауыл кеңжолақты интернетке қосылған. KazSat және OneWeb спутниктері арқылы шалғай елді мекендерге желі жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Starlink қызметі ресми түрде іске қосылып, қазіргі уақытта 1700-ден астам мектепте пайдаланылып отыр. 2027 жылға дейін тағы 2 689 ауылға жоғары жылдамдықты интернет жүргізу жоспарланған.
Қазақстан өнеркәсібі бір мезетте модернизацияланып, цифрлық технологиялармен күшейтіліп келеді. Инвестициялық серпін, жаңа өндірістердің іске қосылуы, экспорттық әлеуеттің артуы және жасанды интеллектіге негізделген шешімдердің дамуы – елдің экономикалық болашағын айқындайтын басты факторлар. Өнеркәсіп пен цифрландырудың үйлесімді дамуы Қазақстанды өңірдегі индустриялық және технологиялық көшбасшылардың қатарына шығарады.


