Сәт санап өзгеріп жатқан бүгінгі таңда мемлекеттің тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз ету, тәу еткен тәуел сіздігін көздің қарашығындай сақтау аса өткір мәселе. Елдің бірлігі мен ынтымағына қауіп төндіретін сан түрлі діни ағымдардың таралуы, ғаламтор бетін шырмауықтай торлап алған интернет алаяқтық, жүздеген отбасының ойранын шығарып, талай шаңырақты ортасына түсірген зорлық-зомбылық оқиғалары құқық қорғау органдарымен қатар жалпы қоғамнан да аса зор жауапкершілікті қажет етеді. Бұл орайда «Заң және тәртіп» қағидасы негізінде қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру – тек заңгерлердің ғана емес, әрбір саналы азаматтың борышы екенін атап өткен жөн. Өкінішке қарай, құқықтық білімнің жеткіліксіздігі немесе кәсіби заң көмегінің қолжетімсіздігі кейбір жандардың әділдікке қол жеткізуін қиындатып жатады. Осындай жағдайда мемлекет белгілі бір әлеуметтік топтарға тегін, яғни кепілдендірілген заң көмегін көрсетіп, олардың құқығы мен мүддесін қорғауға қолдау көрсетеді.
Осы орайда біз Ақмола облысы Әділет департаментінің заңды түсіндіру және заң көмегін көрсету бөлімінің басшысы Әділбай Ержановпен арнайы сұхбаттасып, аталмыш көмектің мазмұны мен тетіктері туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Әділбай Жарасбайұлы, ең алдымен мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін заң көмегі жайлы таратып айтып берсеңіз.
– ҚР Конституциясында əрбір азаматтың білікті заң көмегін алуға құқығы бары нақты жазылған. Ал заңда көзделген жағдайларда бұл көмек тегін көрсетіледі. Солардың бірі – кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегі. Ол азаматтарға, соның ішінде əлеуметтік осал топтарға заңмен белгіленген тəртіпте ұсынылады. Бұл көмек «Адвокаттық қызмет жəне заң көмегі туралы» заң мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер негізінде жүзеге асырылады. Тегін құқықтық заң көмегі əрі халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру күн тəртібіндегі аса өзекті мəселе. Бұл көмек үш түрде жүзеге асады. Біріншіден – құқықтық ақпарат беру, яғни азаматтың өз құқығы мен міндеттерін түсінікті тілмен жеткізуге бағытталады. Екіншіден – құқықтық кеңес беру, яғни нақты жағдайға байланысты кеңес ұсынуға баса назар аударылады. Үшіншіден – қорғау жəне өкілдік қызметтері, мұнда азаматтың мүддесі сотта немесе өзге де мемлекеттік жəне мемлекеттік емес ұйымдарда заң жүзінде қорғалатынын атап өткен жөн.
– Аталған көмекті кез келген азамат ала ма, әлде тек белгілі бір топтарға ғана арналған ба?
– Кепілдендірілген заң көмегін алу құқығы бəріне бірдей емес. Тек заңмен нақты белгіленген тұлғаларға ғана беріледі. Мəселен, алимент өндіру, зейнетақы мен жəрдемақы тағайындау, оңалту, қандас немесе босқын мəртебесін алу секілді мəселелер бойынша жүгінгендерге көрсетіледі. Сондай-ақ, атаана қамқорлығынсыз қалған балалар, сексуалды зорлық-зомбылыққа, терроризмге немесе адам саудасына ұшыраған жандар, денсаулығына зиян келтірілген азаматтар да осы құқықтық көмекті ала алады. Бұған қоса, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, көпбалалы аналар, бірінші жəне екінші топтағы мүгедектер, зейнеткерлер мен кедейлік шегінен төмен табысы бар отбасылар да кəсіпкерлікпен байланысты емес мəселелер бойынша тегін заң көмегіне жүгіне алатынын атап өткен жөн. Ең алдымен, олар заң көмегіне тепе-тең қол жеткізу құқығына ие. Сонымен қатар бұл азаматтарға өз құқықтары мен бұл көмектің шарттары туралы ақпарат алу, заң көмегін көрсететін тұлғаларға тікелей жүгіну, көмекті қабылдау не одан бас тарту, заңгердің əрекетіне не əрекетсіздігіне шағым түсіру мүмкіндігі берілген. Бұдан бөлек, заң көмегі көрсетілген мəселеге қатысты құпиялылық сақталуына да құқығы бар екенін атап өтпеске болмас.
– Қорғау және өкілдік қызметтері нақты қандай жағдайда көрсетілетінін айта кетсеңіз.
– Мұндай көмекті əкімшілік жауапкершілікке тартылып жатқан тұлғалар, сондай-ақ азаматтық немесе əкімшілік істерге қатысушылар, тіпті қылмыстық процестегі тараптар, яғни күдікті, айыпталушы, сотталушы, жəбірленуші сияқты тұлғалар да ала алатынын атап өткен жөн. Бұл көмек азаматтың тұрғылықты мекенжайына қарамастан, Қазақстан аумағындағы кез келген өңірде көрсетіледі.
– Бүгінде Әділет департаменті тарапынан осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Біз адвокаттар, заң кеңесшілері, жеке сот орындаушыларымен бірлесе отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Кепілдендірілген заң көмегінің маңызын ашып, халықты құқықтық сауаттылыққа баулу – басты мақсатымыздың бірі. Бұл бағытта облыстық жəне республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар, телерепортаждар, тікелей эфирлер үнемі жарияланып отырады.
– Тегін заң көмегін алу үшін қайда жүгінуге болады?
– Ақмола облысының тұрғындары облыстық адвокаттар алқасына, заң кеңесшілері палатасына немесе Əділет департаментіне жүгіне алады. Байланыс нөмірлері де қолжетімді. Сонымен қатар, «E-Заң көмегі» атты ақпараттық жүйе арқылы онлайн түрде де өтініш қалдыруға болады. Бұл жүйе – заң көмегін көрсету жəне алу процесін автоматтандыруға арналған бірыңғай платформа. Мұнда заңгерлер мен азаматтардың тікелей байланысқа шығып, онлайн немесе офлайн түрде қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Жүйе құқықтық көмекті оңтайлы əрі жедел форматта ұсынуға бағытталған.
– Облыс көлемінде қанша азаматқа заң көмегі көрсетілді?
– Тек жыл басынан бері ғана Ақмола облысында 6 322 азаматқа кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегі көрсетілді. Олардың ішінде 4092 қылмыстық іс бойынша, 90 азаматтық іс бойынша, 227 əкімшілік іс бойынша заң көмегі көрсетілсе, 1 913 жағдайда азаматтарға жалпы құқықтық кеңес берілді.
– Сұхбатыңызға рақмет. Еңбегіңіз жансын!
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы