АҚТӨБЕДЕ БІРНЕШЕ ҚАРЖЫ ҰЙЫМЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТТЫ. ОҢАЙ ОЛЖАҒА КЕНЕЛМЕК БОЛҒАН МЫҢДАҒАН САЛЫМШЫ АҚШАCЫНАН, БАСПАНАCЫ МЕН КӨЛІГІНЕН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛДЫ. ПОЛИЦИЯ ЖҰРТТЫ АЛДАП, ІЗІН СУЫТҚАН КОМПАНИЯ БАСШЫЛАРЫН ІЗДЕСТІРІП ЖАТЫР.
Ақтөбеде «Гарант 24 ломбард» ЖШС-не қатысты шу шықты. 21 ақпан күні жүздеген салымшы қаржы ұйымының кеңсесіне басып кіріп, ақшаларын қайтаруды талап етті. Айтуларынша, олар тапқан-таянғанын қаржылық ұйымға құйып, еселеп пайдаға кенелмек болған. Әрқайсысы 300 мың теңгеден қаржы салған. Тіпті мініп жүрген көлігі мен басындағы баспанасын да өткізген. Алайда пайдаға қарық болудың орнына жер сипап қалған көрінеді.
– Күйеуім мініп жүрген көлігін 3 млн теңгеге тапсырған. Қолымызда келісімшарт бар. Бір айдан кейін оның үстіне 80 мың теңге қосып береміз деп уәде етті. Көліктің ақшасын 6 наурыз күні алуымыз керек еді. Әзірге полицияға арызданған жоқпыз. Бір хабары болар деген үмітпен осында жүрміз. Бұрын-соңды қаржы пирамидасына жолаған емеспіз. Туыстарымыздан естіп, осында келдік. Армениядан әкелінген көлік болғандықтан, сатуымыз қиын болды. Сол себепті осында тапсырып едік. Алайда қазір ақша да, көлік те жоқ, – дейді Айжан Жанғалиева.
Көлігін тіркеуден қашып, қаржы ұйымына өткізіп жіберген салымшы тек бұл емес. Қала тұрғыны Азамат Абашов Армениядан 1 млн теңгеге сатып алған көлігін қымбатқа сатпақ болған. Алайда ол да тақырға отырғанын енді біліп отыр.
– Көлігімді Армениядан 1 млн 600 мың теңгеге сатып алған едім. Шетелдік көлікті тіркеу көп қаржы талап етеді. Сондықтан оны ломбардқа салып, үш айдың ішінде 2 млн 300 мың теңге қылып қайтарып алғым келген. Бірінші ақшасын алуға бір аптадай уақыт қалған. Бірақ, бүгін ломбардтың жабылып қалғанын естіп, осында келдім. Ақшамды қайтарып бергенін қалаймын, – дейді Азамат Абашов. Кеңсеге баса-көктеп кірген салымшылар кұжат толы сейфті сыртқа алып шықпақшы болған. Ашынған халық полицейлердің тәртіпке шақырғанына да құлақ аспады. Ақтөбе облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының өкілі Евгений
Годлевскийдің айтуынша, қазір «Гарант 24 ломбард» компаниясына қатысты тексеру жұмыстары жүргізілуде.
– Тергеу жүріп жатыр. Әзірге оның нәтижесі жоқ. Егер қандай да бір талап болса, аудандық полиция бөліміне шағымданған жөн. Ал, компанияның жұмыс істеп-істемейтіндігі тергеу шараларынан кейін шешіледі, – деді ол.
«Гарант 24 ломбардтың» артында кім тұр?
Бұдан кейін полицейлер «Гарант 24 ломбард» ЖШС-не қатысты ресми ақпарат берді. Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың айтуынша, 20 ақпан күні «Гарант 24 ломбард» ЖШС өз салымшыларына ақша беруін тоқтатқан. Ал келесі күні кеңсе маңына жүзден аса адам жиналып, қаражаттарын қайтаруын талап еткен. Олар кеңсенің есігін сындырып, ғимаратқа баса-көктеп кірген. Алайда онда ақша болмаған, тек кассирлер ғана отырған. Полиция қызметкерлері салымшылармен алдын ала әңгіме жүргізіп, оқиға болған жерді қарап шыққан. Тінту кезінде оргтехника құралдары, сондай-ақ, қала тұрғындары мен «Гарант 24 ломбард» ЖШС арасында жасалған 11 мыңға жуық келісімшарт табылған. Қазір полиция «Гарант 24 ломбард» ЖШС-нің заңсыз әрекетіне қатысты ҚР ҚК-нің 217-бабының 3-бөлігіне сәйкес (Қаржы пирамидаларын құру және басқару) қылмыстық іс қозғады.
– Сотқа дейінгі тексеру барысында «Гарант 24 ломбард» ЖШС өз қызметін азаматтардың ақшасын тарту мақсатында жинап, кейіннен қайта бөлу арқылы жүзеге асыратыны анықталды. Яғни, нақты қаржылық (инвестициялық) пирамида болып табылады. Қолда бар мәлімет бойынша, тек Ақтөбе облысында шамамен 10 мың адам ақша салған. Белгілі болғандай, қаржылық ұйым өз салымшыларына «үстеме пайда» табуды ұсынады. Жылжымайтын мүлік пен автокөлікті нақты нарықтық құнынан 30%-ға дейінгі қымбат бағада сатып алып, кейіннен нарықтық бағадан дәл осы 30%-бен арзан бағада сатумен айналысты. Сонымен қатар, әрбір тартылған клиент үшін салымшыға салым сомасының 5%-на дейін төлем кепілдендірілді, – дейді Ерболат Сарқұлов.
Айта кетелік, «Гарант 24 ломбард «ЖШС Нұр-Сұлтан қаласында ҚР азаматының атына тіркелген. Ақтөбеден бөлек Қазақстанның бірнеше қаласында филиалдары бар. Қазір полиция «Гарант 24 ломбард» ЖШС Ақтөбе филиалы басшысының орналасқан жерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде.
«Арыз жазбасаңыздар, ақшаны қайтарамын!»
Тінту шаралары «Эстет-ломбард», «Выгодный займ» секілді компанияларда да жүріп жатыр. Белгілісі, «Гарант 24 ломбард» және «Выгодный займ» ұйымдарының директорлары әлеуметтік желіде салымшыларға үндеу жолдап, арыз жазбауға шақырған. Айтуларынша, қазір олар шетел асып кеткен. «Выгодный займ» ЖШС-нің директоры, ақтөбелік Жанболат Есіркепов салымшыларға алдағы екі аптаның ішінде ақшаларын қайтаруға дайын екендігін айтты.
– Теріс пиғылды компаниялардың кесірінен «Выгодный займ» ЖШС-ін бір күннің ішінде жауып тастады. Қазір бәрін арыз жазу үшін полиция департаментіне шақырып жатыр. Салымшыларды арыз жазбауға шақырамын. Өйткені бұл жұмысқа кедергі келтіреді. Екі аптаның ішінде барлық салымшылардың ақшасын пайызсыз төлеуге тырысамын. Қазір мен Қазақстаннан тыс жерде жүрмін. Өйткені мені жауып тастаса, ақшаларыңыздың қайтуы қиын. Менің ақшаны алып, қашып кететін ойым жоқ. Уақыт беріңіздер, – деді ол. Алайда полицейлер қылмыстық іс қозғау үшін салымшылардың арызы қажет еместігін алға тартады. Дегенмен олар кейіннен сотта жәбірленуші ретінде қатысу үшін шағым түсіргені жөн.
«Сенімдеріңіз үшін рақмет!»
Қаржы пирамидаларының кесірінен қазақстандықтар 5 миллиард 411 миллион теңгесінен айырылды. Polisia.kz сайтының хабарлауынша, өткен жылдың қазан айынан бастап Қазақстанның 13 өңірінде бұрыннан тіркелген «Гарант 24 Ломбард», «ЕЅТАТЕ Ломбард», «Выгодный займ» ЖШС өз қызметін жүргізе бастаған. Қаржы кәсіпорындарының негізін қалаушы және басшылары – Ақтөбе облысының тумалары. Олар аталған
компаниялардың заңсыз қызметін ұйымдастырған. Азаматтардың мүлкі мен ақшалай қаражатын алу схемасы кеңселерді жайластыру, қызметкерлер штатын жинау және кәсіпорындардың жалған директорларын тағайындап, өңірлік өкілдіктер ашу әрекеттерінен құрылған. Салымшыларды көбірек тарту үшін қазақстандық эстрада және спорт жұлдыздарының қатысуымен кең жарнамалық науқан жүргізген. «WhatsApp» мессенджерінде ЖШС басшылары чат құрып, оған барлық салымшылар кірген. Аталған ЖШС азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай
ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төлеп, ал, осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарықтық құнынан төмен сатқан. Бұдан басқа, аталған компаниялар өз клиенттерінен депозит ретінде ай сайынғы сомадан 30-дан 40%-ға дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, салымдар қабылдаған. Барлық ақшалай қаражат бас кеңсеге құйылатын. Ағымдағы жылдың 15 ақпанында серіктестіктер басшылары өз қызметін бір уақытта тоқтатып, ұрланған ақшамен бой тасалаған. 19 ақпан күні «Гарант 24 Ломбард» ЖШС құрылтайшысы, 1993 жылы туған Аслан Пазылжанұлы Мырзабеков «WhatsApp» чатында салымшыларға
«Мен сендердің ақшаларыңды қайтармаймын. Сенімдерің үшін рақмет! Тегін ақша әуесқойлары! Бәріңіз сау болыңыздар!» деген хабарлама қалдырды. Сол күні әр аймақтағы ішкі істер органдарына азаматтар жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ, ақша қаражаттарын заңсыз иеленуге байланысты шағым түсіре бастады. ІІМ тергеу департаментінің және аймақтық полиция департаменттерінің қызметкерлерінен тез арада жедел-тергеу тобы құрылды. Бүгінгі күні қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 2 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бүкіл республика бойынша компания кеңселерінде тінту жүргізілді, бірлескен қызмет туралы шарттар, бухгалтерлік құжаттама, ноутбуктер, оргтехникалар, зергерлік және басқа да бұйымдар алынды. Алынған құжаттарға қарағанда компаниялар 42 мыңнан астам адаммен шарт жасасқан. Алдын ала деректер бойынша келтірілген шығын мөлшері 5 миллиард 411 миллион теңгеге бағаланады. Аталған фактілер бойынша 190 (алаяқтық) және 217-бап (қаржы пирамидасы) негізінде 22 қылмыстық іс тіркелді.
13 адам қамауға алынды. Мемлекетаралық іздеудегі 9 күдікті анықталды, оның ішінде А.Мырзабеков бар. «Соңғы уақытта алаяқтық фактілер туралы өтініштердің саны артты. Қалыптасқан жағдай азаматтардың тез табысқа кенелгісі келетінін көрсетеді. Осы мақсатта олар күмәнді ұйымдармен ойланбастан мәмілелер жасайды, қысқа мерзімде үлкен сыйақы алудан үміттеніп, әлгіндей ұйымдарға жинақ салады. Мұны алаяқтар сәтімен пайдаланып, әр түрлі схемаларды қолдана отырып, қаржылық пирамидалар құрады», – деп атап өтті ІІМ тергеу департаменті.
Шикілікті шеру жасаумен шеше алмайсың
Айта кетелік, осыған дейін Ақтөбеде «Gold» және «Golden city» қаржы пирамидалары жабылған еді. Ұйым кеңселеріне Қылмыстық кодекстің 217-бабы, яғни, «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару» бойынша қылмыстық істі тергеу шеңберінде тінту жүргізілген. Осыдан кейін «Gold» компаниясынан 15 мыңға жуық ақтөбелік зардап шекті. Олар 300 мың теңгеден бастап 7 млн теңгеге дейін ақша салған. Қазір осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Ресей Федерациясының екі азаматы ұсталып, тергеліп жатыр. Қаржы ұйымы жабылғаннан кейін салымшылар жиналып, өз ақшаларын талап ете бастады. Қапыда қаржысынан айырылып, опық жегендер тіпті заң бұзуға дейін барған. 23 ақпан күні Ақтөбе қаласының әкімшілік соты «Gold» компаниясының салымшыларының бірі Асылхан Жаубатыровқа халықты заңсыз митингке шақырғаны үшін қомақты айыппұл салды. Сот материалдарына қарағанда, «WhatsApp» әлеуметтік желісіндегі «Gold Aktobe» тобының әкімшісі 2020 жылдың 15 ақпанында Ақтөбе тұрғындарын «Халва» ғимаратының маңында «Gold Company LTD» ЖШС-на салған ақшаларын қайтаруды талап ету үшін заңсыз жиынға қатысуға шақырған. Алайда митинг өткізуге жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алмаған. Сотта 44 жастағы белсенді өз кінәсін мойындаған жоқ. Айтуынша, ол 14 ақпан күні Ақтөбе облыстық сотына, 16 ақпанда «Халва» ғимаратының алдына барғанын жоққа шығармайды. Алайда ол халықты жиналысқа қатысуға үгіттемеген.
Әрі ұялы телефоны интернет желісіне қосылмағандықтан, сот құжаттарына тіркелген хабарламалар да оған тиесілі емес көрінеді. Сол себепті ол істі өндірістен қысқартуды сұрады. Ақтөбе қаласы әкімі орынбасарының 2020 жылғы 19 ақпандағы хатына қарағанда, Асылхан Жаубатыровтан пикет, шеру, митинг пен жиналыс өткізуге ешқандай өтініш түспеген. Іс құжаттарында «WhatsApp» желісіндегі хат алмасулар, бейнежазба мен полиция инспекторының түсініктемесі бар. Судья А.Еламанова осы дәлелдерге сүйене отырып, оны ҚР
ӘҚБтК-нің 488-бабы 3-бөлігі бойынша (ҚР бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) кінәлі деп таныды. Ақтөбе қаласының әкімшілік соты жұмыссыз ер адамға 50 АЕК көлемінде, яғни 132 мың 550 теңге айыппұл салды.
Айта кетелік, бұған дейін Асылхан Жаубатыров Астана қаласы атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне қарсылық білдіріп, әлеуметтік желілерде биліктің әрекетін жиі сынаған.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ