Бүгін 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім грантының нəтижесі жарияланады. Абитуриенті бар əр отбасының көңілі алаң. Мемлекеттің дамып көркеюіне, өзінің білімінің тереңдеп, көзқарас пайымының кеңеюіне үлес қосуға ниетті сан мыңдаған түлектің үміттерін үкілейтін жыл сайынғы осы алаңдаулы сəт санаулы уақыттардан кейін артта қалып, анық жүйрік алға шығады.
Мемлекет жыл сайын жоғары білімге қомақты қаржы бөліп келеді. Бұл – жастарға жасалған əлеуметтік қолдау ғана емес, Қазақстанның адами капиталына салынған стратегиялық инвестиция. Сондықтан гранттың тиімділігі оны қанша талапкер алғанымен емес, сол түлектердің қаншасы кəсіби маман болып қалыптасып, өз саласында еңбек еткенімен өлшенуі тиіс. Шыны керек, қоғамда грант көбіне «тегін оқу мүмкіндігі» ретінде қабылданады. Алайда мемлекет үшін гранттың мəні əлдеқайда терең. Егер жас маман өз кəсібінің шебері атанып, жаңа өндіріс ашса, ғылыми жаңалық енгізсе, ауыл мектебінде сапалы білім берсе немесе заманауи медицинаны дамытса – мемлекет салған инвестицияның ақталғаны. Ал диплом сөреде қалып, түлек өзге салаға кетсе немесе алған мамандығына сұраныс болмаса, бұл тек жеке адамның емес, мемлекеттік саясаттың да ойланатын мəселесіне айналады. 2026–2027 оқу жылына жоғары білім беруге 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініпті. Оның басым бөлігі бакалавриатқа арналса, қалғаны магистратура мен докторантураға қарастырылған. Мемлекет гранттарды бөлуде инженерлік бағыттарға, ақпараттық технологияларға, педагогикаға, жаратылыстану ғылымдарына, өңдеу өнеркəсібіне жəне басқа да экономика үшін маңызды салаларға басымдық беріп отыр. Бұл – еңбек нарығының бүгінгі жəне ертеңгі қажеттілігін ескерген дұрыс шешім. Елімізде жыл сайын ондаған мың түлек мемлекеттік грант иегері атанады. Бұл – білімге қолжетімділікті арттырудағы үлкен жетістік. Алайда осы түлектердің қаншасы өз мамандығы бойынша еңбек етеді? Өкінішке қарай, жоғары оқу орнын тəмамдаған жастардың бір бөлігі басқа салаға кетеді. Кейбірі еңбек нарығының талабына бейімделе алмайды. Бұл – тек университеттің ғана емес, мектептегі кəсіптік бағдар жұмысының, жұмыс берушілермен байланыстың жəне жалпы кадр даярлау жүйесінің ортақ мəселесі. Қазақстан соңғы жылдары жаңа өндірістерді іске қосып, цифрлық экономиканы дамытып, күрделі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып келеді. Осындай жобаларда мұнай-газ, тау-кен өндірісі, жоғары технологиялық өндірістер, цифрлық технологиялар, ғылыми зерттеулер мен күрделі медициналық бағыттар бойынша шетелдік мамандардың тəжірибесі пайдаланылып жүр. Бұл – жаһандану жағдайындағы қалыпты құбылыс. Əлемнің көптеген елдері халықаралық тəжірибеге сүйенеді. Бірақ осы жағдай мемлекет жыл сайын мыңдаған инженерді, ІТ маманын, дəрігерді, ғалымды даярлап отырған кезде, неге кейбір стратегиялық салаларда əлі де сырттан маман тартуға мəжбүрміз деген сұрақты алдыңа тартады. Жауабын іздесек, кейде мəселенің тəжірибеде, кейде білім сапасында, кейде өндіріс пен университет арасындағы байланыс тың əлсіздігінде жатқанын бағамдаймыз. Бұл бізге тек грант санын көбейтіп қана қоймай, оның қайтарымын арттыру бағытында жұмыс жүргізу қажеттігін ұқтырады. Шыны керек, көптеген талапкер мамандықты өз қабілеті мен қызығушылығына емес, ҰБТ нəтижесіне немесе грант көп бөлінген бағытқа қарап таңдайды. Кей жағдайда атаананың таңдауы баланың қалауынан басым түседі. Мұндай жағдайда төрт жылдан кейін қолында диплом болғанымен, жүрегі қаламаған мамандықтың иесі пайда болады. Сондықтан кəсіптік бағдар беру мектеп қабырғасынан басталып, оқушының қабілетін, қызығушылығын жəне еңбек нарығының сұранысын ұштастыруға бағытталуы қажет екені айқын көрініп тұр. Қарап отырсақ өзіміз үлгі тұтатын дамыған мемлекеттердің барлығы білім беру жүйесін еңбек нарығымен тығыз байланыстырған. Олар үшін университет диплом беретін мекеме ғана емес, экономиканы дамытатын кадрлар орталығы. Мəселен, Германия дуальды білім беру жүйесін қалыптастырыпты. Бұл елде студент оқу барысында аптаның бірнеше күнін кəсіпорында өткізіп, нақты өндірісте жұмыс істейді. Соның арқасында оқуын аяқтаған жас маманның теориялық білімі ғана емес, тəжірибесі де қалыптасады. Сондықтан жұмыс берушіге қосымша уақыт жұмсаудың қажеті болмайды. Финляндияда кəсіптік бағдар беру мектептен басталады. Баланың қабілеті мен қызығушылығы бірнеше жыл бойы зерттеліп, оған болашақ мамандығын саналы таңдауға мүмкіндік беріледі. Бұл жастардың мамандығын ауыстыру көрсеткішін төмендетуге ықпал етеді. Сингапур кадр даярлауды ұлттық экономикалық стратегиямен ұштастырған. Мемлекет қай салаға инвестиция салынса, сол салаға қажетті мамандарды алдын ала даярлайды. Университеттер жұмыс берушілермен бірге білім бағдарламаларын əзірлейді. Оңтүстік Корея инженерлік білімге ерекше көңіл бөліп, ғылым мен өндірісті біріктірген екен. Нəтижесінде əлемдік нарықта бəсекеге қабілетті технологиялық компаниялар қалыптасты. Бұл тəжірибелердің барлығы білім беру жүйесі еңбек нарығынан бір қадам алда жүруі тиістігін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, жоғары оқу орындарының барлығы бірдей еңбек нарығымен тығыз байланыс орната алған жоқ. Сонымен қатар, кейбір білім бағдарламалары өндірістегі технологиялардың даму қарқынына ілесе алмай келеді. Үшіншіден, жұмыс берушілердің университеттермен серіктестігі жеткілікті деңгейде емес.Төртіншіден, түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуын тұрақты бағалайтын тиімді жүйе əлі де жетілдіруді қажет етеді. Алдағы жылдары елімізде жасанды интеллект жəне бағдарламалау, киберқауіпсіздік, энергетика жəне атом саласы, су ресурстарын басқару, агро өнеркəсіп, логистика саласына мамандар қажет. Бұл бағыттардың барлығы елдің тұрақты дамуына тікелей ықпал етеді. Қазақстанның білім беру саясаты жаңа кезеңге қадам басты. Ендігі міндет – гранттардың санын көбейту ғана емес, олардың тиімділігін арттыру. Бұл үшін еңбек нарығына ұзақ мерзімді болжам жасау, мектептерде кəсіптік бағдар беру жүйесін күшейту, университеттердің жауапкершілігін арттыру, жұмыс берушілерді білім бағдарламаларын əзірлеуге кеңінен тарту, ғылым мен өндірістің байланысын нығайту, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру қажет. Сонымен қатар, əрбір жоғары оқу орны өзінің түлектерінің тағдырына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Университеттің табысы диплом саны емес, мамандығы бойынша еңбек етіп жүрген түлектерінің үлесімен бағаланатын уақыт келді. Бүгінде мемлекет жоғары білімге мол қаржы бөліп отыр. Бұл – жастарға жасалған қамқорлық қана емес, елдің ертеңіне бағытталған стратегиялық шешім. Ендігі мақсат – осы инвестицияның толық қайтарымын қамтамасыз ету.
Рашид КЕМЕЛБЕК, Қазақстандағы қоғамдық даму инс титутының сарапшысы: «Басты мақсат — жастарды қабiлетiне сəйкес мамандыққа дұрыс бағдарлау»
Баласының грантқа түсуі – кез келген ата-ана үшін үлкен жетістік.Алайда бұл жерде ең маңызды мəселе – баланың сол мамандыққа шын мəнінде бейімі мен қызығушылығының бар-жоғын анықтау. Грантқа түсу – мақсаттың өзі емес. Ең бастысы жастардың таңдаған бағытына икемі болуы жəне болашақта сол салада өзін таба алуы маңызды. Мен өз тəжірибемнен де мысал келтіре аламын. Біздің буында физика немесе химия мамандығына түсіп, бір жылдан кейін оқуын тастап кеткен жастар аз болған жоқ. Себебі мамандық таңдауда адамның қабілеті мен қызығушылығы ескерілмеді. Сондықтан бүгінде əлемде кеңінен қолданылатын early intervention қағидаты өте маңызды. Оның мəні – баланы үш жасынан кейін-ақ (36 айдан бастап) қабілетін, бейімін, қызығушылығын байқап, сол бағытта дамыту. Ғылыми зерттеулер де мұндай ерте бағыт-бағдар берудің оң нəтиже көрсететінін дəлелдеп отыр. Бұл ретте ата-ананың, əсіресе əкенің баласының болашағына жауапкершілікпен қарауы аса маңызды. Əр баланың табиғи таланты əртүрлі. Бірі техникалық ғылымдарға бейім болса, енді бірі шығармашылыққа немесе гуманитарлық салаға жақын болуы мүмкін. Сондықтан баланы өз қабілетіне сай бағыттап өсіру қажет. Қазір кейбір мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік грант саны артқанымен, дəл сол мамандықтарды саналы түрде таңдайтын талапкерлер саны да сондай қарқынмен өсіп жатыр деу қиын. Сондықтан басты мақсат – грантты көбейту ғана емес, талантты жастарды өз қабілетіне сəйкес мамандыққа дұрыс бағдарлау.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


