Қоғамда әділдік сұрап, дауласып жатқан адам көп. Тұрмыстық, отбасылық, еңбек даулары бойынша көптеген адамдар сотқа жүгінеді. Бұны азайтудың бірден бір жолы – медиация институттарын дамыту.
Медиацияны көп жағдайда алаш жұртында орын алған ежелгі билер сотымен салыстырады. Оған себеп – медиация бітімгершілік пен ымыраластыққа бағытталған. Медиацияны қолдану даулардың тез әрі тиімді, оңтайлы шешілуіне, тараптардың материалдық шығынының азаюына, адамның моральдық түрде шаршамауына, тараптардың бір-біріне кешірім жасауына, адамгершілік қасиетін арттыруға зор ықпалын тигізеді.
Бұл тәсіл сот жүйесіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болмақ, яғни, тараптарды қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың-медиатордың қатысуымен дау-жанжалды шешудің баламалы әрекеттерінің бірі. Ол еріктілік, құпиялылық, тараптардың тең құқылығы, бейтараптылық, процедураға араласуға жол бермеу принциптерімен негізделеді.
Әрине, істердің соттың құзырына жетпей, медиациялық жолмен шешілуі судьяларға тиімді екені рас. Сот жүктемесінің азаюы судьялардың уақытын үнемдеп, назарын неғұрлым күрделі істерге аударуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүктеменің төмендеуі қазылардың ізденуіне, жаңа заңдармен танысуына, қоғамдық мәселелерге үн қосуына жағдай туғызады.
Өркениетті елде заманның алға басуына байланысты халықтың мүддесі үшін қабылданған заңдардың маңыздылығы өте зор. Атап айтсақ, Азаматтық процестік кодекске егізілген өзгеріске сәйкес, судья талап қою келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді. Ал татуласу рәсімдері жүргізілген кезде талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Сот (судья) тараптарға татуласу рәсіміне қатысуы үшін шақыру жібере отырып, тараптардың татуласуына шаралар қабылдайды.
Шақыруда тараптар татуласу рәсімі (бітімгершілік келісім, медиация, партисипативтік рәсім) шеңберінде дауды (жанжалды) шешу құқығын түсіндіре отырып, сотқа талап қоюдың келіп түскені, татуласудың артықшылықтары туралы, сондай-ақ, осы кодекстің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес дәлелдемелерді өзара ашу және ұсыну құқығы туралы хабардар етіледі.
Бұл жерде, процессуалдық заңнамаға «сотқа дейінгі хаттама» түсінігі енгізілгенін атап өткен жөн. Судья дауды бітімгершілікпен аяқтау мақсатында тараптарды шақырып, оларға сотқа дейінгі хаттаманы толтыруды ұсынады. Бұл хаттамада екі тарап өздерінің сотқа ұсынатын дәлелдемелерін көрсете отырып, дауды қандай шарттарда бітімгершілікпен аяқтауға болатынын ұсынады. Соңынан екі тарап осы хаттамаға қол қояды, онда көрсетілген шарттармен келісетін болса іс бітімгершілікпен аяқталады.
Тараптар сотқа дейінгі хаттамамен танысу үстінде екінші тараптың дәлелдемелерін зерделеп, оларды өзінде бар дәлелдемелермен салыстыра отырып баға беріп, іс сотта қаралған жағдайда даудың кімнің пайдасына шешілуі мүмкін екенін болжай алады.
Сондықтан, әр тарап өз мүмкіндіктерін болжай отырып, дауды бітімгершілікпен аяқтаудың тиімділігін түсінетін болады. Осы әрекеттерді жүргізу арқылы дау сот өндірісіне қабылданғанға дейін судья татуластыру рәсімдерін жүргізетін болады.
Бұл әдістердің өмірге дендеп енуіне соттар жұмысының белсенділігі аса қажет екені белгілі.
Қазіргі таңда тараптар медиация заңын сотта біліп, дауға осы заң шеңберінде нүкте қойылуына ыңғай танытуда.
Медиация туралы заң өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін уақыт өткен сайын дәлелдеп келеді. Оны соңғы уақытта медиаторға жүгінушілердің артқанынан байқауға болады. Бұл билердің «Дау мұраты – бітім» ұстанымын бүгінгінің соттары жоғары деңгейде жалғастыруының жарқын көрінісі.
Жаңа заманда жүзеге асып жатқан медиация заңы біздің болмысымызға сәйкестендіріліп, азаматтардың мүдделерін аяққа таптамай, керісінше екі жақтың да ақ батасын алатындай дәрежеге жеткізді.
Еліміздің Жоғарғы Соты бабалардың осындай бай мұрасын заманға сай жаңғыртуда өлшеусіз еңбек етуде. Оған мысал, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен енгізілген толықтырулар «Медиация туралы» заңның аясын кеңейтті. Егер бұрын, медиация заңы тек, жеке және заңды тұлғалар қатысатын қатынастарда қолданылса, жаңа норма арқылы медиация енді әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын дауларда да қолданылатын болады.
Сондай-ақ, медиация – азаматтық, еңбек, отбасылық даулардан, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстардан бөлек, алдағы уақытта әкімшілік құқықтық қатынастардан, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу барысында, және де Қылмыстық кодекстің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастарда да қолданылады.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша соттарда қаралатын істер санаты ол отбасы-тұрмыстық қарым қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар. Олардың орасан зор үлесі құқық бұзушы мен жәбірленушінің татуласуы арқылы бітімгершілікпен аяқталатыны белгілі. Сондықтан, бұл санаттағы істерге де медиация заңының қолданылуын енгізу заңдылық.
Енгізілген жаңашылдық бойынша, медиатор кәсіби немесе қоғамдық негізде медиация жүргізу үшін тараптарды тартатын тәуелсіз жеке тұлға. Кәсіпқой медиаторлардың медиацияны жүзеге асыру рәсімдері белгілі болса, қоғамдық медиаторлар жергілікті атқарушы органдар айқындайтын тәртіпке сәйкес өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар тұрғындар арасынан жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) арқылы сайланады.
Ауылдық жерлерде медиацияны көбіне кәсіпқой емес медиаторлар жүзеге асыратыны, олардың жергілікті атқарушы органдар айқындайтын реестрлерге енгізілу тәртібінің мінсіз еместігі бұрыннан айтылып жүр.
Ендігі жерде кәсіби емес медиаторлар түсінігі жойылып, оның орнына жергілікті қоғамдастықтың жиналысында сайланатын қоғамдық медиатор түсінігі енгізілді.
Мұның барлығы қоғамдағы қарым-қатынастарда медиация заңын кеңінен қолдануға, медиаторлардың жұмысын жандандыруға, жүйелендіруге бағытталған үлкен жұмыстардың нәтижесі.
Сабыржан Есжанов,
Жаңақала аудандық сотының төрағасы
Батыс Қазақстан облысы