Сот саласында медиацияның қолданылуының көрсеткіші қазіргі таңда күннен-күнге өсуде. Бұл деген дауласушы тараптардың дау-дамайы ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылып, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізіп, бір мәмілеге, консенсуске, яғни екі жақтың жағымды және тиімді қанағаттанарлық шешімге келуі деген сөз.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жүгінген дауласушы тараптармен татуластыру рәсімдерін жүргізу, әсіресе азаматтық істер бойынша кең ауқымда жүргізілуде. Толығырақ айтсақ – алимент мөлшерін азайту, баланың тұрғылықты жерін анықтау және баламен кездесу уақытын белгілеу бойынша және т.б. санаттағы азаматтық істерді қарау барысында сот мейлінше тараптарды татуластыруға, бір мәмілеге келтіруге бар күшін салуда.
Осыған орай, статистикаға тоқталсақ — Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2023 жылдың 12 айында азаматтық істер бойынша 1254 іс қаралған, оның 84 іс бойынша татуластыру рәсімдерін қолдана отырып тоқтатылған.
Сонымен қатар, медиация арқылы тараптардың татуласуы судьяларға түсетін жүктеменің де төмендеуіне әсерін тигізетіні анық.
Ал қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған тұлғаның жәбірленушімен татуласуы жолымен реттелген келісімді білдіреді.
Келісім Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын немесе оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады. Ал дауды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді.
Қазіргі уақытта татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге қызықтыруға, қоғамдағы шиеленістерді азайтуға, төмендетуге оң ықпал ететін «Медиация туралы» заңының қарқынды жалғасуы қуантарлық жағдай.
Мысалы, егер тараптар арасында дауды реттеу туралы келісімге қол жеткізілсе татуластырушы судья тараптар қол қойған келісімді бекітіп, сот ұйғарымын шығарып, іс тоқтатылады.
Сол себептен, елдегі медиация институтының дамуына мемлекеттік билік органдары барынша қолдау көрсетіп, институттың жандандырылуына ықпал етсе — медиацияның біздің елімізде болашағы зор екендігінде күмәнім жоқ.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Н.Р.Умарова


