Атам қазақтың өткен тарихының қай кезін алсақта да, дала билер сотының негізгі мақсаты дауласқан тараптарды татуластыру, бітімгершілікке келтіру болған. Ата-бабаларымыздан қалған осы үрдіс қазіргі тәуелсіз Қазақстанда да өз жалғасын табуда.
Елімізде «Медиация туралы» Заңының қабылдануына байланысты азаматтық-құқықтық, қылмыстық-құқықтық және әкімшілік-құқықтық салаларда дауласқан тараптарды татуластыруға, бітімгершілік келісімге келтіруге бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп отыр.
Бұл шаралардың түпкі мақсаты басқалардың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен тұлғалардың материалдық және моральдық мүдделерін қорғап, оларға келген зиянның орнын «қағаз» жүзінде емес, нақты түрде толтыру, бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қайтадан қалпына келтіруде.
Қазіргі таңда, елімізде татуластыру рәсімдерін дамыту- дауларды шешудің және азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қорғаудың басым бағыттарының бірі және азаматтық-құқықтық саладағы жанжалдар мен дауларлы шешудегі маңызды рәсімдердің бірі болып табылады. Яғни, дауды бейбіт жолмен шешудің артықшылығын пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен, сотқа түскен талап қою арыздар бойынша тараптардың дауларын бейбіт жолмен аяқталынуына судья көп назар аударып, келісім рәсімін өткізеді.
2023 жылғы қыркүйектен бастап, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен ерлі-зайыптылардың араларындағы некені бұзу туралы талап қою бойынша азаматтық істер қаралады. Одан басқа осы сотпен мүлікті бөлу, жұбайын асырауына алимент өндіру, балдардың тұрғылықты жерін анықтау, балдардан бөлек тұратын ата-анасының, жақын туыстарының олармен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау, тағы да басқа кәмелетке толмаған балалармен қатысты азаматтық істер қаралады.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісіне түскен талап арыздардың басым бөлігі неке бұзу туралы арыздар болып табылады.
Неке бұзу туралы талап қою арыздар түскенде, келісім рәсімінде судьяның мақсаты — даудың себебін анықтау, ұрыстың басы неден басталғанын айқындау, татуласу амалын табу. Әртүрлі себептермен неке бұзу туралы талап арыздар беріледі. Татуластыру рәсімінде тараптардың ішіндегісін шығаруына мүмкіндік беріледі. Екі жақтың мәселелерін анықтау үшін сұрақтар қойылып, олардың ашылуына, мәселенің оң шешілуіне ықпал етіліп, отбасын сақтау үшін жұбайлық өмірде жақсы естеліктер, бақытты сәттерді немесе материалдық жағдайды жақсарту үшін сұрақтар мен жауаптарды таразылағанда, ерлі-зайыптылардың көбісі отбасыларын сақтауға тырысқысы келетіндерін білдіріп, бір-біріне өкпелерін ашық айтып, болған кемшіліктеріне кешірім сұрап, ажыраспауға бір мүмкіндік беруді сұрайды.
Сонымен, татауластыру кезінде, тұңғыш балаларының тағдырын ойлау үшін, сосын әңгіме барысында бір-біріне деген қарым-қатынасты өзгертуге ықпал етіліп, отбасын сақтап қалу үшін бітімгершілікке келіп, талап қоюшы арызын қараусыз қайтаруды өтінеді.
Қорытындылай келе, татуласу – дауды шешудің оңтайлы тәсілі, бұған екі тарап та өз еркімен келеді, сәйкесінше олар өз құқықтарының қалпына келгеніне көздері жетіп, соттың актісімен келісіледі немесе некені бұзу туралы талап қою арызы талап қоюшымен арызды қайтаруды сұрап, соттың ұйғарымымен арыз қайтарылады немесе қараусыз қалдырылады.
А.Е.Мусина
Ақтөбе облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының судьясы