Шоқан – патшалық Ресей мемлекетінің қол астында қызмет еткенімен, өзінің туған халқының болашағын армандаумен өткен, оның өсіп өркендеуін бар жан тәнімен тілеген азамат. Сондықтан ол қандай қызмет атқарсын, қандай деңгейлі еңбек жазсын, үлкенді-кішілі зерттеу, мақаласының бәрінде өзінің халқы туралы орайын тауып, пікір білдіре кететін.
Ол әсіресе, туған елінің тәуелсіз өз заңы болуын, билер сотының озық дәстүрінің өлмеуін жүрегімен қалады. Халқының қалыптасқан қағидаларын ескермей, далаға үстемдік орнату мақсатымен қабылданған заңның ешбірі елінің дамып, ілгерілеуіне ықпал ете алмайтынын жақсы ұқты. «Сот реформасы туралы жазбалар» атты еңбегінің басты жазылу себебі осы ұлы мүддеден туындаған болатын.
Шоқан Уәлиханов осы еңбегіне кіріспес бұрын, үкімет басылымдарының біріне «Өзіне етене таныс, сонымен тәрбиеленіп, өсіп-өнген заң ғана халық үшін жайлы болмақ. Бұл заң қаншалық олпы-солпы болғанымен, сырттан телінген немесе жоғарыдан ұсынылған заңнан гөрі оған етене жақын, түсінікті де айқын екеніне ешқандай күмән жоқ» деген. Бірақ, патшалық үкімет өз ықпалдарында тәрбиеленіп, оқып, өсіп шыққан ғалымның саяси заңнамалық бағыттарға батыл қарсы шығады деп күтпегені анық. Олар жеме-жемге келгенде, жас ғалымның өздерін қолдайтынына сенді, сондықтан да, «дала заңдарын» дайындайтын, осы мақсатпен қазақ даласын барлап, жергілікті жұрт пікірімен танысатын комиссия құрамына Шоқан Уәлихановты бекітуді дұрыс көрді. Және қазақ ішінен одан артық кандидатура табылмасын да патшалық шенеуніктер жақсы білді.
Бірақ, Шоқанның осы комиссия жұмыс нәтижесін таразылайтын, сот реформасын қорытындылайтын «Сот реформасы туралы жазбасы» еңбегі олардың үмітін тас-талқан етті. Шоқан Уәлиханов өзін патшалық қоғамның адал қызметшісі тұрғысынан таныта отырып та, өз халқының мүддесін жоғары қойды, патша үкіметіне бұрынғы дала заңдарымен санасуды, негізгі бағыттарды сақтауды ұсынды. Әрине, қазақ ғалымдары Шоқанның бұл еңбегінің прогресшіл бағытын, туған елінің мүддесін батыл қорғағандығын бағалады. Академик Ә.Марғұлан, жазушы академик С.Мұқанов, шоқантанушы Ж.Бейсенбайұлы, Ш.Сәтбаева, М.Сәрсеке секілді ұлт зиялылары ұлы ғалымның азғантай ғұмырында туған жұрты үшін баға жетпес қазына қалдырып кеткенін асқан сүйіспеншілікпен жазады. Олардың әрқайсысы «Сот реформасы туралы жазба» еңбегінің қазақ халқы үшін терең маңызы барын баса атап өтеді.
Дей тұрсақ та, бізді бұл еңбекке орыс қоғамы қалай қарады деген сұрақтың жауабы қызықтырды. Шоқанның етене жақын араласқан орыс достары, әрі орыстың көрнекті ғалымдары Г.Потанин, Н.Ядринцев, Семенов Тян-Шанский, Н.Веселовский, жазушы Ф.Достоевскийлер өздерінің жас достарына сүйсінісін жасыра алмай, баспасөзде жоғары пікір білдіріп, жарыса құттықтаған. Бір жағынан, олардың өздері де халықшыл, прогрессивтік бағыттағы, патшалық саясаттың батыл сыншылары болғандықтан, Шоқанның еңбегіндегі сыншыл көзқарасты жабыла қолдады.
Соның ішінде орыс қоғамында Шоқан Уәлихановтың «Сот туралы жазба» еңбегін арнайы зерттеп, талдаған Санкт-Петербург университетінің профессоры, заң ғылымының докторы С.Ф.Ударцевтің пікірі назар аударуға, арнайы тоқтала кетуге тұрарлық құнды әрі маңызды еңбек. С.Ф.Ударцев Шоқанның бұл еңбегіндегі дала сотының жанашыры, арашашы бола білген халықшыл талабына назар аударады: «Ш. Уәлиханов – тарихи дамудың ең бір басты бағыты, ол қоғамның барлық мүшелерінің материалдық жағдайының өсуі. Бұған ең алғаш қызмет ететін экономикалық және әлеуметтік экономика болып табылады. Ол саяси және құқықтық реформа экономикалық жаңаруды іске асыруды қамтамасыз етсе, ол үшін, ең алдымен, халықтың тәжірибесі, оның дәстүрі мен мәдениеті ескерілуі тиіс деп есептеді. Шоқан Уәлихановтың пайымдауы бойынша, қандай жағдайда болмасын, қандай реформаны болмасын, оның пайдасы мен зиянының қаншалықты екендігін үнемі екшеп, анықтап отыру керек. Шоқан реформаны халықтың табиғи дамуын ескермей, күштеп енгізу халықтың наразылығын тудырып, кері әрекетке әкелуі мүмкін деген ой қалыптастырды», – деп жазды С.Ф. Ударцев.
Міне, орыс қоғамы да Шоқанның бұл еңбегін біржақты қабылдамай, оның өркениеттік даму бағытындағы прогресшіл ойларын, туған халқының көш соңында қалып қоймай, әлемдік өркениетке ілесуіне құлықты жанашыр ниетін әділ сараптап, өз бағасын беріп отырғанына көзіміз жетеді.
Ш.Уәлихановтың замандас достары, тілеулес болған ұстаздары оның туған халқы мәселелеріндегі, әсіресе, экономикалық, заң мен сот мәселелеріндегі консерваторлық тұрақтылығын мойындады. Яғни, оның консерваторлығы туған халқының дәстүрлі саяси-құқықтық заңдарының мәніне бойламай, бұзып бүлдіруден сақтауға, өз халқының көзі ашық азаматы ретінде араша тұрып, қорған болуға бағытталды.
Мақаламызды осылайша айдарлатып атауымыздың өз қисыны бар. Шынында да Шоқан дәл сол тұстағы көзқарас тұрғысынан алғанда заңнамалық төңкеріс жасады деуге болады.Өйткені, «Сот реформасы туралы жазбалары» бұрын-соңды болмаған, қазақ даласы түгілі, тап сол алып Ресей империясының ортасы үшін де үлкен серпіліс тудырған, айды аспаннан шығарғандай болған ұлы еңбек болатын.
Шоқан осы кезеңдерге дейін, жиһанкез саяхатшы ғалым ретінде танылып келсе, бұл мақаласы арқылы мүлде басқа қырынан танылды. Және ең бастысы, көзсіз ерліктей болып танылған мақаланы жазуға кездейсоқ нартәуекел еткен жоқ, үлкен дайындықпен келді. Ол бүкіл дүние жүзінің ірі мемлекеттерінің заңнамалық бағытын, құқықтану саласын түбегейлі тексерді. Әсіресе, сол тұстарда дүние жүзін дүр сілкіндірген француз революциясы заңдылықтарымен тиянақты танысып шықты. Өйткені, патшалық Ресей империясының заңнамалық реформасына батыл көзқарасын білдіру үшін, яғни, ашық талас тартысқа шақыру осыны талап етті. Шоқан қандай тәуекелге барғанын өте жақсы ұқты; мұндай батыл қадамы патша үкіметі тарапынан елеусіз қалмайтыны анық болатын. Сондықтан, ғалым ашық пікірталас- дискуссияға дайын болуы керектігін сезіне білді. Соған орай оған қазақтың билер институтының астамшыл империя көзінен таса болып келген қырларын, ежелгі заңдары мен кодекстерін жақсы білуі тиіс болатын.
Дегенмен осы арада біз ажыратып, байыптай үңілуге тиіс, салмақты зерделеуге тура келетін жағдайлар бар. Айталық Ресей географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданып, табысты, өнімді еңбегімен жарқырап танылып үлгерген жап-жас ғалымның қалыптасып қалған бағытынан айнып, өзі қызмет етіп жүрген алып империяға соқтығуына не себеп итермеледі деген заңды сұрақ көкейде оянады. Шоқан осы уақыттарға дейін Ресей патшалығына мұндай ашық наразылық танытып көрмегені рас. Және жан-жақты ізденімпаз ғалым еңбектерінің дені ел мен жерді географиялық тұрғыдан байыптау болды. Сол бағытының өзі Шоқанды ғажайып қырынан танытты: географ, өлкетанушы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, жазушы, суретші, қоғамтанушы, саясаткер Шоқан бейнесін орнықтырды. Ал бір бағытта бедерлі із қалыптастырған Шоқанның енді заңгерлік, тіпті ғылыми заңтанушылыққа талпынуы – төбеден жай түсіргендей үлкен құбылыс, бетбұрыс болған еді. Бұл оның мүмкіндік аясын тарылтқанымыз емес, онсыз да қыруар іс тындырып жүрген, шаруасы бастан асып жатқан ғалымның, қисынды ойға жүгінсек, өзі атқарып жүрген істерден мүлде басқа бағытқа – үкіметтің заң реформасы бағытындағы саяси ұстанымына араласып кетуінің үлкен бір себебі бары айқын аңғарылады. Сондықтан, оның «Сот реформасы туралы жазба» еңбегін өзге еңбектерінің қатарына қойып, зерделеу мүлде дұрыс болмас еді.
Мемлекеттің заңнамалық бағытына араласу – елдің саясатына араласу деген сөз. Ендеше бұл Шоқанның, бір жағынан, патшалық мемлекет алдындағы абырой-беделінің жоғарылап, өскенінің айғағы. Бұл арада Шоқан жай ғана ғалым емес, әрі заңтанушы, әрі заңгер-саясаткер, мемлекетшіл тұлға деңгейіне көтеріліп отыр. Ал патшалық үкімет өзінің заңнамалық саяси бағытын тас-талқан қылатын «ниеті теріс», өзгеше ойлайтын, «бүлікшіл пиғылды» ғалымды мұндай мемлекеттік маңызды іске тартпауға тиіс еді ғой. Енді Шоқанды зор тәуекел қадамға итермелеген, тіпті, аса қауіпті әрекетке мәжбүр еткен бұл мақаланың жазылу себебіне үңіліп көрейік.
Мақала жазылмас бұрын, бір жылдай уақыт ілгері, яғни, 1863 жылдың 13 мамыр күні Батыс Сібір генерал губернаторы А.Дюгамель әскери губернаторға штаб-ротмистр Ш.Уәлихановтың Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Баянауыл округтеріне қызметтік сот сапарына қатысуға шақыру қағазын жолдаған болатын. Шақырудың себебі 1862 жылы Орталық отарлаушы билік бастаған сот жүйесіне өзгертулер енгізу ісін өз аймағында уақытылы жүзеге асыру мақсатында Омбы билігіне ғалым Ш. Уәлихановтың білімі мен біліктілігі, әрі ел мен жер жағдайын жақсы білуі қажет болды. Әрі Ш.Уәлихановтан өзге қолайлы вариант таптырмасы да анық еді.
Бұл бағытта Шоқан қазақтың сот реформасының барлық мәселелері жөніндегі заң комиссиясының жұмысына қатыса отырып, халық үшін аса маңызды болатын өзекті мәселелерде айрықша ұстанымын білдірді. Даланың феодалдық-патриархалдық тәртібін сынай отырып, патшалық шенеуніктердің асыра сілтеушілігін де өткір айыптай білді. Сонымен бірге, Шоқан «Сот реформасы туралы жазба» еңбегінде өзінің бұрын танылмай келген бірнеше соны қырымен жарқ етіп көрінді. Яғни, ол мұнда заңгер-реформатор ғана емес, заңнамашы-аналитик, заңтанушы-сыншы әрі әлемдік қоғамтанушы-заңгер тұғырынан көрінді. Өз елінің заң тарихын, билер институтының рөлін өте жақсы білген Шоқан Ресей, еуропалық елдердің заңнамалық бағыттарымен жете танысты. Бұл еңбектің революциялық төңкеріске бара-бар болатын себебі, осы кезеңге дейін Ресей географиялық қоғамының толық мүшесі ретінде патшалық қоғамға қызмет еткен Шоқан Уәлиханов енді сол қолдап, мәртебесін асырған, лауазымды атақтар берген үкіметке – патшалық саясатқа ашық қарсы бағыт ұстанып, оның заңдарын сынады. Ал мұндай өткір пікірдің ең құрымаса, «ұлы» халық ішінен шықпай, өздерінің долбарлауынша, қайдағы бір бұратана жұрт санатындағы «киргиз кайсак» өкілінің аузынан шығуы – патша үкіметінің саясатын қорлау, елдің ең басты заңнамалық құжатын сыпайылап отырып, іске алғысыз еткендей қылу болып табылды.
Бірақ, еңбекті талдап таразылау барысында, сондай заңнамалық сыншылдық бағыт ұстанып отырса да, Шоқан асқан саясаткерлік этикетін жоғалтқан жоқ. Қазақша қалыппен байыптасақ, сыпайы түрде Ресейдің патшалық заңнамалық тұғырын мақтамен бауыздағандай етті. Сөзіміз дәлелсіз болмасын, ол бұл еңбегінде бір жағынан патшалық заңнамалық құжатты қолдап отырғандай ең әуелі емексітіп, сылап-сипай талдау жасап бастайды:
«Соңғы уақытта біздің үкіметіміз әкімшіліктерді, сот құрылымдарын қайта жаңғыртуға барынша ынта-жігермен кірісіп, халыққа білім беру мәселесіне баса назар аударды. Бұл реформалардың кейбіреулері, мысалы, сот реформасы сияқтылары біздің даламызға да қатысты болды. Сот саласындағы түбегейлі өзгерістер, шамасы, біздің аймағымыздағы бұрынғы әкімшілік құрылымдардың да өзгерістеріне алып келеді, және орыс үкіметі үшін де, сондай-ақ қырғыз халқы үшін де күрделі, ауыртпалығы көп бюрократтық хаостың орнына енді округтерде орыс ауылдық және қалалық қауымы үшін едәуір тиімді басқармалардың құрылатынына күмән жоқ. Менің отаныма қатысты дайындалып жатқан мұндай маңызды өзгерістер орын алып жатқанда, өзімнің сот әкімшілік реформаларға және жартылай халыққа білім беруге қатысты кейбір түсініктерім мен мақалаларымды алға тартуды міндетім деп есептеймін…» дейді ғалым.
Шоқанның осылайша сөз саптап, дипломатиялық шеберлікпен үйіріп әкеліп, арасында өзі құқығын қорғағалы отырған жұртты өткір сынаушы болып көрінуі де керемет. Ол мұнысымен, бір қарағанда, патшалықтың сот реформасын емес, өзінің жұртына шүйлігіп отырғандай: «Алайда, халық пікірі, әсіресе, жарым жартылай жабайы халықтың пікірі халық қажеттілігінің айқын көрінісі ретінде барлық кезде қабылданбауы мүмкін. Қоғамдағы дәрежесі биік таптың пікіріне халықтың шынайы қажеттілігін теріс бұрмалаушы ретінде қарау керек, өйткені, атақты немесе бай адамдардың мүддесі, тіпті, жоғары өркениетке қол жеткізгендер қоғамында да басым жағдайда көпшіліктің мүддесімен қастасып, қарсы келіп жатады. Халық тұрпайы әрі топас, соның салдарынан не нәрсеге де немқұрайлы, салғырт қарайды. Сондықтан, халық пікірінің уәжі мен бағыты мыңдаған кездейсоқ, сірә, ұсақ, аса маңызы жоқ, түкке тұрмайтын жағдайларға тәуелді…». (Ш.Уәлиханов. Көптомдық шығармалар жинағы. 4-том. «Сот реформасы туралы жазба». Алматы, 2010. 83-84 беттер).
Міне, тап осы арада Шоқанның ұшқыр саясаткерлігі айқын танылады. Ол, біріншіден, патшалық үкіметтің заңын сынағалы отырмағандай, мүлде басқа мәселеге назар аудартады, өз жұртының сыншысы секілді болып көрінеді. Шоқанның бұл ұстанымы оның үздік, өрелі саясаткер бола білгенінің айғағы. Өз халқына нендей жағдайдың қауіп төндіретінін жақсы білген ол, гуманистік, романтикалық, сонымен бірге, сауатты, ойшыл, консерваторлық бағыт ұстанды. Оның консерваторлығы, салыстырмалы ұғыммен өлшесек, жалған ұраншылдыққа, не болмаса, алды-артын өлшемейтін бюрократтық даңғаза прогресшіл реформашылдықтан мүлде аулақ. Әсіресе, осы сот реформасына қатысты ұстанымында қазақ қоғамының табиғи, дәстүрлі тәжірибесіне арқа сүйеді. Және мұны тіпті орыстың түрлі бағыттағы зиялы қауымы мойындап, бағалай білді.
Шоқанның «Сот реформасы туралы жазбасындағы» біздің айрықша мән беріп, дәлелдегіміз келіп отырған консерваторлық күш-қуаты неде? Оған нақты жауапты аталмыш еңбектің өз ішінен табамыз: «…Біздің пікірімізше, билер сотының басты артықшылығы – немқұрайдылық пен ресми керітартпалықтың жоқтығы. Бидің мәні беделге негізделген және бұл атақ сот практикасына деген патент тәрізді. Қазақтар соттың төрелігіне ие болған бидің кез келгеніне жүгінуге ерікті, бұл жағынан қарағанда, біздегі сырқат адамның медицинаның беделдісіне қаралуына, ал айыпкердің белгілі адвокатқа сүйенгісі келетіні сияқты. Ресми сайлау мұндай жағдайды қанағаттандыра алмайды. Ал біздің қырда рулық әдет-ғұрып заңының ықпалымен өтетін бүгінгі күндері рулық тартыспен ғана шектеліп, бай қазақтар даңққұмар, мансапқорлығын қанағаттандыруға, орыс шенеуніктерінің байлығын арттыруға қызмет етіп отыр…
Егер қазақ өз құлқынын, қара бастың қамын ойлаған шенеуніктердей, малды байлардың ырқымен би тағайындауды сайлау арқылы жүргізсе, онда сот әділеттігі деген кім көрінгеннің қолжаулығы болып, қазір де етек алып отырғандай ақшамен пұлдап, әртүрлі жылпостық жолмен, біздің сот тәртібінен, юстициялық құқықтың жөн-жосығынан бейхабар малды байлардың, атақты саудагерлердің қолына көшіп кетеді. Ынтық жұрт би атандырған адамдардың қалауынша сот таңдау – сайлау міндетін толық алмастырады, әуелі дауыспен сайланған соттан гөрі, нысанасына дөп түседі. Енді бізде билер өздерінің ықыласты мамандықтарымен айналысады, әрі өзінің билігін сақтап қалудың да себебі бар.
Билер сотының артықшылығы, ол істі некен саяқ болмаса, жалғыз шешпейді; оған қатысатын адамға шек қойылмайды, ал, тіпті, кейде олар ақтаушы да болып көрінеді және бидің шешіміне шағым жасауға да құқы бар. Бұл тараптан қарағанда, мировой судьяларға үлкен билік берілген, әрі көп жағдайда судья ешбір кепілдіксіз, бір ғана ардың заңын басшылыққа алып, шешім қабылдайды…». (Ш. Уәлиханов. «Сот реформасы туралы жазба». 64-65 беттер).
1867-1868 жылдары қазақ даласында билер сотына реформаның жасалуы Шоқан ұсыныстарының шындығын, нақтылықпен сипатталғанын дәлелдеп, бекіте түскендей болды. Халық өмірімен жете таныспай реформалау қауіпті екенін ескерткен ойшыл ғалымның тұжырымын жиырмасыншы ғасырдағы шұғыл жүргізілген реформалар толығымен дәлелдеді. Отырықшылықты күштеп енгізу, коллективтендіру, әйгілі кәмпескелеу саясаты, осылардың бәрі миллиондаған адамның аштан қырылуына әкеп соққаны белгілі. Тарихтың білгірі Ш.Уәлихановтың өз халқының тағдырына қатысты жүргізілетін реформалық саясаттан үлкен қауіп сезіп, еңбегінде баса айтып, дәлелдеуінің негізсіз болмағанын уақыт көрсетті. Бұл Шоқанның өз дәуірінен озып туған даралығының айқын көрінісі болатын.
Шоқандай дара тұлғаны зерттеу ғалымның өз заманында-ақ басталып кеткен. Сол үрдістің әлі күнге дейін толастамағанының бүгін біз куәгері болып отырмыз. Сондай көрнекті шоқантанушы ғалымдарымыздың бірі Марат Азбанбаев «Сот реформасы туралы жазба» еңбегін талдап, өрелеген мақаласында «Шоқан жазбасы – алты Алаштың алғашқы құқықтық петициясы» деп айшықтап, ұлы ғалымның төңкерісшіл еңбегіне зор баға беріп, әлеумет назарын аударды. Біз де замандас ғалымның батыл тұжырымдарына ризашылығымызды білдіре отырып, оның мына бір пікірінің төбеден дөп түсер әділ баға, жүректен шыққан көзқарас болғанын баса айтқымыз келеді:
«Қазақ елі Шоқанға «жат жұртқа бағынбай, өз елдігін сақтап қалып, іргесін бөлек салып келген бар тілектің басын бір жерге қосатын жалғыз тамырымыз – байырғы еркін билер соты институтын ежелгі қалпында сақтап қалу керек» деп талап қойды.
Қыр қазағы Шоқанға: «Қазаққа адал қызмет қылған Абылай бабаңды ұмытпа! Патша алдында еліңнің арын сақтап қал: барыңды сал, шыққан тамырыңды сақтап қал! Жаз! Жаһандық қаһан қаламыңнан қазақтың ойы түзу түссін ақ қағазға!» – деп ел тағдырын аманат қылып тапсырды. Ұлтының адал ұлы Шоқан ел талабын ақ патшаның Батыс Сібір жұртындағы бастығына таза, толық күйінде жеткізді. Ғылым көзімен барласаңыз, Шоқанның сот реформасы туралы жазбасы – Алты Алаштың алғашқы құқықтық петициясы. Әрі бұл ғалым Шоқанның арғы-бергі дала қазағының ар сотын қорғап сөйлеген таза адал жүрегінің үні еді. Және бұл – Шоқанның өз тағдырындай жарқ ете қалған соңғы тұяқ серпуі – өшпес ғылыми жаңалығы еді».
Тарихшы әрі шоқантанушы М.Азбанбаевтың Шоқанның аталмыш еңбегіне берген бағасында қазақтың көне мұраларындай романтикалық эмоционалды екпін де бар, сонымен бірге, ұлы перзентіміздің оқшау туындысына берілген әділетті турашыл тұжырымы да көрініс тапқан дер едік.
Орыстың көрнекті ғалымы, академик Н.Веселовский: «Шоқан отызға толмаған жасында басқалар бүкіл өмірін жұмсаса да жасай алмағанды жасады», – деген екен. Бұл өзге жұрт өкілінің шынайы мойындауы емес пе?! Ал қазақтың тағы бір дара перзенті Олжас Сүлейменов Шоқан туралы: «Ол өткен заманда өмір сүрген болашақтың адамы», – депті. Біздің ойымызша, осындай шынайы, оқшау пікірлер Шоқан Уәлихановтай қазақ ұланының данышпандық тұлғасын аша түсердей.
Досжан Әмір,
ҚР Судьялар одағының төрағасы