Облыс басшысы Амандық Баталовтың аудан, қала әкімдеріне медициналық маскаларды тігуді жолға қою және өндіріс қарқынын арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыс орталығы Талдықорған қаласында медициналық бетперде тігетін жаңа цех ашылды.
«Техно Авиа Груп» ЖШС директоры Жарылқасын Болатұлының айтуынша, бұл цехта 50 тігінші күніне 30 мың бетперде тіге алады. Жалпы аумағы 490 шаршы метрді құрайтын өндіріс орнында құны 28 млн. теңгенің түрлі қалыңдықтағы материалдарды тігуге арналған электр қозғалтқышты жоғары жылдамдықты әмбебап тігін машиналары орнатылған. Олар ең көбі минутына 5000 рет айнала алатын тігіс жылдамдығына ие.
Қазіргі уақытта мұнда бір реттік қолданылатын 3 қабатты медициналық бетперделер тігілуде. Алдағы уақытта бірнеше рет пайдалануға болатын трикотажды маскалар, халаттар, комбинезондар, алжапқыштар, қолғаптар, жұмыс күртешелері және тапсырысқа байланысты тағы да басқа киім-кешек түрлерін тігу жоспары бар.