«Хан Тенгри Development LTD» ЖШС бас директоры, кәсіпкер Виктор Ли қаңтар оқиғасында қызметтік міндетін атқару барысында қаза болған әскери және полиция қызметкерлерінің отбасыларына пәтерлер кілттерін тапсырды,- деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қайырымдылық шарасына жиналғандар алдымен қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мерт болған азаматтардың жұбайлары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтқан облыс әкімі Қанат Бозымбаев қызмет бабында қаза тапқандардың отбасыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен барлық деңгейде қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.Төл міндеттерін атқару барысында өңірдегі күштік құрылымдардың қаза болған 8 қызметкеріне 5 млн. теңгеден материалдық көмек беріліп, екінші деңгейлі банктер олардың жалпы сомасы 12 млн. теңге болатын несиелерін толық жапқанын жеткізді.
-Сонымен қатар осы отбасыларына пәтерлер сатып алып беру туралы бастама көтеріп, игі істі атқарған «Хан Тенгри Development LTD» ЖШС басшысы Ли Виктор Васильевичке зор алғыс айтамын. Жаңа шаңырақта балаларыңыз бақытты ғұмыр кешсін. Біз азаматтардың ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз. Өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетеміз, — деді Қанат Бозымбаев.
Әрине, қаза болған азаматтардың орны бөлек. Отан алдындағы азаматтық парыздарын адал атқарып, өзгелерге үлгі боларлық қадамдары үшін бұл игілік қам көңілдерге демеу болары хақ. Алматы облысының ПД Жедел әрекет ету арнайы тобының инспекторы Дархан Барғанаевтың, ҚАЖД ЛА-155/16 мекемесінің қызметкері Ербол Ержановтың, Талдықорған қаласындағы №21751 әскери бөлімінің қызметкері Ғабдолла Смайылқановтың, №05232 әскери бөлімінің қызметкері Әділ Нұркеновтің отбасыларына бір және екі бөлмелі пәтерлер кілттері тапсырылды.
Өз тілшіміз.
Алматы облысы.