Алматы облысында «ANTIKOR ORTALYGY» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сервис орталығы ашылды. Жаңа нысан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық департаментінің жанынан құрылып отыр. Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов пен департамент басшысы Ернар Мақажанов қатысты.
Жаңадан ашылған нысанда облыстық департамент кеңсесі, алдын алу және парасаттылық басқармасы орналасады. Сонымен қатар, өтініш айтып келушілерді қабылдауға қажетті арнайы кабинеттер, демалыс орындары, балаларға арналған ойын бұрышы жұмыс істейді. Одан бөлек, департамент қызметкерлерінің баспасөз мәслихаты мен брифинг өткізуіне, онлайн-конференция өткізіп, тікелей эфирде хабар таратуына арналған мәжіліс залы бар.
Екі қабатты ғимаратты аралап көріп, онда отыратын мамандармен тілдескен Амандық Ғаббасұлы тұрғындармен талапқа сай жұмыс істеп, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру, мәдениетті қарым-қатынас жасау маңызды екенін айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаевтың айтуынша, фронт офис Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың бастамасымен қолға алынған. Елімізде 14-ші болып ашылып отырған «ANTIKOR ORTALYGY» ашық форматта жұмыс істейтін заманауи мекеме болмақ.
– Қоғам белсенділерімен, мемлекеттік қызметшілермен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жұмыстың бәрі осы ғимаратта өткізіледі, – деген департамент басшысының бірінші орынбасары жаңа нысанның жұмыс тәртібін таныстырып өтті. — Мұнда өз басындағы жағдайды айтып, толғандырған мәселесін талқылауға келетіндер мұң-мұқтажын жеткізе алады. Осы жұмыстардың барлығы «Жетісу – адалдық алаңы» аясында жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынаста жүргізіледі, — деді ол.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жаңа нысан қызметкерлері қазіргі кезде жұмыстарын қашықтықтан жүргізіп отыр.