Азаматтық процестік кодекстің 25-тарауында талап қою арызын қараусыз қалдырудың негіздері нақтыланған. Ел тұрғындарының құқықтық сауатын еселеу мақсатында осы заңдылыққа тоқтала кеткен артық болмас. Олай дейтініміз, азаматтық істерді қараусыз қалдыруда сотқа жүгінушілер арасында түсініспеушіліктер туындап жатады. Осы жағынан алғанда қандай жағдайлар талап арызды қараусыз қалдыруға негіз болады десек, оның жоғарыда аталған Кодекспен белгіленген бірнеше тәртібі, нақты айтсақ, 13 талабы бар. Бұл нормаларды басшылыққа алмай, талап арыздарды қараусыз қалдыруға болмайды.
Жоғарыда айтылғандар негізінде іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды екі топқа бөлуге болады. ҚР АПК-нің 277-бабының 1-3 тармақтарында көрсетілген мəн-жайлар, тап осы іс бойынша қуынушы жақтың сотқа жүгінуге құқығы болмайтындығын куəландырады, яғни талап қою құқығының жойылатындығына алғы шарт болады. Судья бұл жағдайлардан бас тартып, іс қозғамауы керек. ҚР АПК 277-бабының қалған тармақтарында жазылған мəн-жайлар, іс қозғалғаннан кейін пайда болады. Бұндай жағдайларда дау, талапкердің талаптан бас тартуы нəтижесінде, тараптардың татуласуы немесе тараптардың біреуінің қайтыс болуына байланысты жойылады.
Енді нормаларға келсек, АПК-нің 279-бабына сай, талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген немесе шартта көзделген дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтамаса, сондай-ақ, талап қою арызын әрекетке қабілетсіз адам берсе, талап қоюшы мәлімделген талапты қолдамаса, талап арызға қол қоюға, оны беруге өкілеттігі жоқ адам қол қойса немесе берсе арыз қараусыз қалдырылады.
Бұған қоса істі өзінің қатысуынсыз қарауды өтінбеген талап қоюшының екінші шақыртуда сотқа келмеуі, өзінің мүддесіне сай іс қозғалған тұлғаның мәлімделген талапты қолдамауы, талап қоюшының арызын қайтарып алу туралы арыз беруі, күші жойылған бағалы және ордерлі бағалы қағаздар бойынша құқықтарды қалпына келтіру туралы істер жөніндегі арыздың жарияланған күнінен үш ай мерзім аяқталғанға дейін берілуі, жылжымайтын затқа коммуналдық меншік құқығын тану туралы арыздың заңда белгіленген мерзімнен бұрын немесе жылжымайтын мүлікті иесіз деп тіркеу рәсімдері бұзыла отырып берілуі де арызды қараусыз қалдырады. Мемлекеттік баждың 105-баптың үшінші және 106-баптың екінші бөлігінде белгіленген тәртіппен төленбеуі, ерекше іс жүргізудегі істердің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны туралы мәліметтердің ұсынылмауы, істі ерекше іс жүргізуде қарау кезінде талап қою ісін жүргізуде қаралуға жататын соттың ведомстволығындағы құқық туралы даудың бар екенінің анықталуы да арыздың қараусыз қалдырылуының негізгі себептерінің бірі.
Талап қою арызын қараусыз қалдырудың тәртібі мен салдары АПК-нің 280-бабымен айқындалған. Мәселен, талап қою арызы қараусыз қалдырылуға жатса, сот ұйғарым шығарып, онда істі қарауға кедергі келтіретін мән-жайларды қалай жою керектігін көрсетеді. Айта кетерлігі, талап арызды қараусыз қалдыру туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
Талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар сот ұйғарымы заңды күшіне енгенге дейін өз күшін сақтайды. Ұйғарымның көшірмесі талап қою арызына қоса берілген материалдармен бірге талап қоюшыға беріледі. Ескерерлігі, талап қою арызын қарау үшін қалдыруға негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін мүдделі тұлға жалпы тәртіппен сотқа жүгіне алады. Бұдан әрі нақтыласақ, істі қараусыз қалдыру талап қоюшыға сондай талаптармен сотқа қайта жүгіну құқығынан айырмайды, ол үшін алдыңғы жіберілген олқылықтар түзетілуі тиіс.
Агедилова Жанар Бакытжановна, Ұлытау облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы