ТАЛАП ҚОЮДЫ ДҰРЫС РӘСІМДЕУ – СОТҚА ЖҮГІНУДІҢ МАҢЫЗДЫ КЕПІЛІ

Азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауы – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі. 

Осы ретте сотқа жолданатын талап қоюдың заң талаптарына сәйкес әрі сауатты рәсімделуі ерекше маңызға ие.

Қазақстан Республикасының Конституциясында әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бекітілген. Бұл құқықты жүзеге асырудың негізгі процессуалдық нысандарының бірі – сотқа талап қоюмен жүгіну.

Талап қою – азаматтық процестегі жай ғана құжат емес. Ол талап қоюшының бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы сотқа білдірген нақты талабы болып табылады. Сондықтан талап қоюды дайындау кезінде оның мазмұнына, заңдық негіздемесіне және қоса берілетін дәлелдемелерге жауапкершілікпен қарау қажет.

 

Талап қоюдың заң талаптарына сәйкестігі

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 148-бабында талап қоюдың нысаны мен мазмұнына қойылатын негізгі талаптар белгіленген.

Аталған бапқа сәйкес, талап қоюда талап қою берілетін соттың атауы, талап қоюшы мен жауапкер туралы мәліметтер, талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу немесе бұзылу қаупінің мәні, талап қоюшының талаптарын негіздейтін мән-жайлар және оларды растайтын дәлелдемелер көрсетілуге тиіс.

Сонымен қатар заңда немесе шартта көзделген жағдайларда дауды сотқа дейін реттеу тәртібінің сақталғаны туралы мәліметтер, талап қою бағасы және өндірілетін ақшалай соманың есебі көрсетіледі.

Талап қоюшының сотқа жүгіну кезінде өзінің талабын барынша нақты тұжырымдауы маңызды. Мысалы, ақшалай қаражатты өндіру туралы талап қойылған жағдайда, қарыздың пайда болу негізі, оның мөлшері, есептелу тәртібі, төлем мерзімі және талапты растайтын құжаттар нақты көрсетілуі қажет.

Бұл сотқа даудың мән-жайларын дұрыс айқындап, тараптардың құқықтары мен міндеттерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді.

 

Талап қоюда тараптар туралы мәліметтердің толық көрсетілуі

Сотқа берілетін талап қоюда тараптардың деректері толық әрі дұрыс көрсетілгені жөн.

Талап қоюшы жеке тұлға болған жағдайда оның тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, байланыс телефоны және электрондық пошта мекенжайы белгілі болған кезде көрсетіледі.

Жауапкерге қатысты да оның тегі, аты, әкесінің аты немесе заңды тұлғаның атауы, мекенжайы, жеке сәйкестендіру немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі белгілі болған жағдайда көрсетіледі.

Бұл мәліметтердің дұрыс берілуі сот құжаттарын тараптарға уақытылы жеткізу және істі тиісті тұлғалардың қатысуымен қарау үшін маңызды.

 

Талаптың мән-жайлары мен дәлелдемелері

Талап қоюдың маңызды бөлігі – даудың нақты мән-жайларын баяндау.

Талап қоюшы оқиғаның қашан және қандай жағдайда болғанын, тараптар арасында қандай құқықтық қатынас туындағанын, жауапкердің қандай әрекеті немесе әрекетсіздігі нәтижесінде оның құқығы бұзылғанын жүйелі түрде көрсетуі қажет.

Әрбір маңызды мән-жай тиісті дәлелдемелермен расталуға тиіс.

Мәселен, шарттық міндеттемеге байланысты дау туындаған жағдайда шарттың көшірмесі, төлем құжаттары, хат алмасулар, талап қоюға дейінгі талаптар және басқа да іске қатысты құжаттар ұсынылуы мүмкін.

Дәлелдемелердің толық ұсынылуы сотқа істің нақты мән-жайларын анықтауға және заңды әрі негізді шешім қабылдауға ықпал етеді.

 

Талап қоюға қоса берілетін құжаттар

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 149-бабында талап қоюға қоса берілетін құжаттарға қойылатын талаптар көзделген.

Атап айтқанда, талап қоюға заңда көзделген жағдайларда мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат, талап қоюшының талаптарын растайтын құжаттар, өкілдің өкілеттігін растайтын құжат және басқа да қажетті материалдар қоса беріледі.

Талап қоюшы ұсынатын әрбір құжат істің мән-жайына қатысы бар және өзінің талабын негіздеуге бағытталған болуы қажет.

Қазіргі уақытта сотқа талап қоюды электрондық нысанда да беруге мүмкіндік бар. Бұл сот төрелігіне қолжетімділікті арттырып, азаматтардың сотқа жүгіну рәсімін жеңілдетуге ықпал етеді.

 

Талап қоюды қайтару немесе қабылдаудан бас тартуға жол бермеу

Талап қоюды дайындау кезінде процессуалдық талаптарды сақтаудың маңызы зор.

Азаматтық процестік кодексте талап қоюды қайтарудың және оны қабылдаудан бас тартудың тиісті негіздері белгіленген.

Атап айтқанда, АПК-нің 152-бабында талап қоюды қайтару негіздері, ал 151-бабында талап қоюды қабылдау мәселелері реттеледі.

Сондықтан сотқа жүгінуші талап қоюды әзірлеу кезінде тек өзінің талаптарын баяндаумен шектелмей, процессуалдық заңнамада белгіленген барлық талаптарды сақтауы қажет.

Бұл, бір жағынан, азаматтың уақытын үнемдесе, екінші жағынан, сотқа істі уақтылы және тиімді қарауға мүмкіндік береді.

 

Сотқа сауатты жүгіну – құқықтық мәдениеттің көрсеткіші

Сотқа талап қоюмен жүгіну – адамның өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды қадамы.

Талап қоюдың сауатты әрі түсінікті жазылуы азаматтың құқықтық мәдениетінің ғана емес, сот төрелігіне деген жауапкершілігінің де көрінісі болып табылады.

Бұл ретте талап қоюды дайындау кезінде эмоциялық сипаттағы пікірлерден гөрі, нақты фактілерге, заң нормаларына және дәлелдемелерге сүйенген жөн.

Талап қоюшы өзінің талабын нақты, қысқа әрі түсінікті түрде тұжырымдап, соттан нақты қандай шешім қабылдауды сұрайтынын көрсетуі қажет.

 

Қорытынды

Қорытындылай келе, талап қоюды дұрыс рәсімдеу – азаматтық процестің маңызды бастапқы кезеңдерінің бірі.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 148-бабы талап қоюдың мазмұнына149-бабы оған қоса берілетін құжаттарға, ал 152-бабы талап қоюды қайтару негіздеріне қатысты негізгі процессуалдық талаптарды белгілейді.

Сондықтан сотқа жүгінетін әрбір азамат пен заңды тұлға өз талаптарын заң талаптарына сәйкес нақты әрі негізді түрде баяндауға, қажетті дәлелдемелерді ұсынуға және процессуалдық тәртіпті сақтауға ұмтылғаны жөн.

Сауатты рәсімделген талап қою – сот төрелігіне жүгінудің алғашқы қадамы ғана емес, сонымен бірге бұзылған құқықтарды тиімді қорғауға бағытталған маңызды құқықтық құрал.

Заң талаптарын білу және оны дұрыс қолдану – әр азаматтың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, сот төрелігінің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге де өз үлесін қосады.

ХАЛЫҚҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДЕГІ ЖҮЙЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ

Департаменттің негізгі бағыттарының бірі – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету...

Исследование КИОР: соцсети и телевидение остаются главными источниками информации для казахстанцев

Информационная среда Казахстана сохраняет многоканальный характер. Лидирующие позиции занимают...

Свыше 73% казахстанцев позитивно оценивают доступность детских садов – результаты соцопроса КИОР

Доступность школ, детских садов, учреждений культуры и спортивных объектов...

Қазақстандықтар әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін жоғары бағалайды

Қазақстанның қалалары мен ауылдық елді мекендерінде мектептердің, балабақшалардың, мәдениет мекемелері...

«Е-қызмет» – мемлекеттік қызметке кірудің жаңа мүмкіндігі

Мемлекеттік қызметке орналасу енді бұрынғыдан да ыңғайлы әрі ашық...