Ел Президенті өзінің халыққа арнаған әрбір жолдауында заң үстемдігін қамтамасыз етуге, сот төрелігінің сапасын арттыруға басымдық береді. Бұл ретте жұртшылықтың құқықтық сауатын көтерудің маңызы зор. Осы мақсатта мақалада талап қоюдың тәртібі түсіндіріледі. Себебі, азаматтардың соттарға жүгіну көрсеткіші жылдан-жылға өсуде. Азаматтық іс жүргізу сотқа талап арыз беруден басталады. Талап қоюшы жауапкердің тұрғылықты жеріндегі сотқа жүгінеді. Талап қою заңдылығы Азаматтық процестік кодекстің (АПК) 14-тарауымен айқындалған.
Талап арызды сотқа жазбаша немесе электронды түрде беруге болады. Онда соттың атауы, талап қоюшының аты-жөні, яғни, осы кодекстің 148, 149-бабымен айқындалған мәліметтер мен қажетті құжаттардың тізбесі көрсетілуі міндет.Талап қоюға талап қоюшы немесе оған өкілеттігі бар өкілі қол қояды. Ал электрондық нысанда берілген талап қою талап қоюшының немесе өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.
Заңға сәйкес берілген талап қою 150-баппен көрсетілгендей, бес жұмыс күні ішінде соттың іс жүргізуіне қабылданады. Татуласу рәсімдері жүргізілген жағдайда бұл мерзім он жұмыс күніне ұзартылады. Сотқа дейінгі хаттама осы кодекстің 73-бабының 1-2-бөліктеріне сай жасалған кезде талап қою он бес жұмыс күнінен кешіктірілмей қабылданады.
Татуласу рәсімдері АПК-нің 17-тарауында көзделген қағидалар негізінде жүргізіледі. Талап қою іс жүргізуге қабылданған соң іс жүргізу тілі көрсетіліп, соттың азаматтық іс қозғау туралы ұйғарымы шығарылады. Істі сот талқылауына дайындау кезінде тараптар өздерініңжазбаша өтінішхатымен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы.
Талап қоюды қабылдаудан бас тартылатын жағдайлар осы кодекстің 151-бабымен нақтыланған. Атап айтсақ, арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса, сондай-ақ, осы тараптар арасындағы, дәл сол нысана, сол негіздер жөнінде шығарылған дау бойынша, осы кодексте көзделген негіздермен іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы заңды күшіне енген сот шешімі немесе сот ұйғарымы болса қабылданбайды. Сонымен қатар, төреліктің тараптар арасындағы нақ сол нысана туралы және дәл сол негіздер жөніндегі дау бойынша қабылданған шешімі және осы бойынша жасалған атқарушылық жазба болса талап қоюды қабылдаудан бас тартылады.
Талап қоюды қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым ол келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде шығарылып, талап қоюға қоса берілген барлық құжаттармен бірге арыз берушіге жіберіледі. Мұндай ұйғарымға шағым берілуі, сондай-ақ, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
Осы соттың соттылығына жатпайтын іс, сондай-ақ, әрекетке қабілетсіз адам берген арыз, т.б. заң талабына қайшы келетін талап қоюлар қайтарылады. Талап қоюшы жіберілген қателікті жойған жағдайда сотқа қайта жүгіне алады. Талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарылған кезде азаматтық істі қозғауға кедергі келтіретін мән-жайларды жою жолдары көрсетіледі. Талап қоюды қайтару туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
Жауапкер істің сот талқылауына дайындалу кезеңі аяқталғанға дейін бастапқы талап қоюмен бірлесіп қарау үшін талап қоюшыға қарсы талап қоя алады. Қарсы талап қою, оны қайтару, қабылдаудан бас тарту АПК-нің 148, 151 және 152-баптарында көзделген қағидаларға сай жүзеге асырылады. Мәселен, жауапкер істің сот талқылауына дайындау уақыты мен орны туралы дер кезінде хабар алмауы себепті сот талқылауына қатыса алмай қалса, сот талқылауы барысында қарсы талап қою қабылдануы мүмкін.
Егер қарсы талап қою алғашқы талап қоюға бағытталып, оны қанағаттандыру бастапқы талап қоюды толық немесе ішінара қанағаттандыруды жоққа шығарса, сонымен қатар, қарсы талап қою мен бастапқы талап қою өзара байланысса әрі оларды біріктіре отырып қарау дауды неғұрлым жылдам және дұрыс қарауға мүмкіндік туғызса қарсы талап қою қабылданады.Бастапқы талап қоюдың сотқа дұрыс қойылып, қажетті құжаттармен қамтамасыз етілуі әуре-сарсаңның алдын алады.
Гүлмира Айтжанова,
Алматы қаласының
Алмалы аудандық №2 сотының судьясы