Әр жылы 8 наурыз мейрамы жақындаған сайын әрбір ер азамат әбігерге түседі. Бірі әжесі мен анасына, екіншісі әпкесі мен қарындасына, тағы бірі сүйіктісі немесе әріптес қыздарға сыйлығымен қатар, жан тербетер жылы сөз іздеп те әуре боп жатады.
Биыл осы мейрам алдында сот саласының үздігі, ҚР Судьялар одағының Алматы қаласы бойынша филиалы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлжаһан Мусина қоңырау шалып, жағдайымды сұрады. Гүлжаһанмен Алматы қалалық сотында жиырма жылға жуық қатарласа қызмет етіп, талай күрмеуі қиын, күрделі де шытырман істерді бірге шешкенбіз. Өз ісіне шынайы берілген, адал, білімді, жөнсіз ешкімге тиіспейтін, өзіне жөнсіз тиіскен адамды кім болса да аямайтын мінезді қыз. Зейнеткерлікке шықса да, судья шекпенін әлі шеше қойған жоқ. Қалалық сотта еңбек шартнамасына сәйкес судьялық жұмысын жалғастыруда.
Бірталай әңгіменің басын қайырып, Алматы қалалық сотының әйел судьялары туралы мақала дайындайтын болып келістік. Алматы қалалық соты – еліміздегі облыстық мәртебедегі соттардың ең үлкені, республикамыздың судьяларын және сот басшыларын дайындайтын шеберхана. Еліміздің облыстық сот, облыстық сот алқалары басшыларының көпшілігі, Жоғарғы Сот судьяларының біразы Алматы қалалық сотынан түлеп ұшқан тарландар.
Ал қыздардың жөні бір бөлек. Кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін жігерлі де білікті жандар. Алматы қаласы сот саласының ардагерлері филиалында есепте тұрған 98 зейнеткер судьяның 58-і әйел адамдар. Осы соттың өзінде жиырма жылға жуық тер төккен соң олардың баршасын бес саусақтай білем десем қателеспеймін.
Алматы қалалық сотында 1993 жылы судья қызметіне жаңадан сайланған жас мамандарға бағыт беріп, жөн-жосық көрсетіп отыратын ардақты апаларым болатын. Солардан Роза Сағынбайқызы, Зинаида Ахметжанқызы, Набат Ақынқызы, Сәуле Бозжігітқызы сияқты апаларым осы күнге дейін есімде. Жандары жаннатта болғырлар кілең көрікті, көпті көрген, білікті және мәдениетті жандар болатын. Әрбірі бір-бір тау сияқты, өздеріне тән мінездері бар аяулы апаларымды бүгін сағынышпен еске аламын. Әрине, олар туралы өткен шақта сөйлеу мен үшін ауыр.
Өзіммен қатарлас және тетелес аруларымызды еске алғанда, әрине, әрқашанда жарқырай көрініп жүретін Хайруллина Қания Үсенқызы ойыңа оралады. Университетті бітірмей жатып-ақ, аудандық соттың судьясы қызметіне сайланған қаршадай қыз – Қания, кейін республикамызға белгілі судья атанды. Тек қана судья деген кәсіппен еңбек кітапшасын ашып, осы қызметте жүріп көз жұмды. Құрмет орденінің иегері, сот саласының үздігі болды. Кімнің болса да кемшілігін бетіне айтатын, ешкімнен қаймықпайтын, үлкенді сыйлай білетін, кішіні демеп жүретін ақжарқын да адал, аяулы Қания әркімнің жүрегінде қалған болар.
Осы сот қабырғасында жүргенде, 8 наурыз мейрамы қарсаңында, 1995 жылдары, кәсіптес қыздарымызға арналған, мына бір өлең жолдары туған болатын.
Әсемдiкпен жаулап жүрген әлемдi,
Қай ақын бар жырламaған әйелдi.
Бөрiк киiп, кеуде соғып жүрсекте,
Ер азамат өздерiңе тәуелдi.
Қандай десе сұлулықтың өлшемi?
Әйел дер ем – болашақтың epтeңi…
Солар дер ем сыйға тapтқaн бiздерге,
Табиғаттың ең бiр әсем бөлшегi.
Ол кездерде Алматы қалалық сотының судьялары бір-біріміздің жұмыс бөлмелерімізге кіріп, шәй ішіп отырып өзекті проблемеларды талқылап, жұмысымызды да қалт жібермеуші едік. Осындайда бәрімізге қамқор болып жүретін, кішкентай ғана кеудесінде адамгершілікке толы үлкен жүрегі атойлап тұратын Мадыбаева Зейнебикенің орны бөлек-тін.
1995 жылдары Алматы қалалық сотының судьясы қызметіне келген қыздарымыздың бірі, бірі болғанда да бірегейі Гүлжаһан Мәдиқызы Мусина болатын. Әрқашанда ізденісте болып, көргені мен оқығандарын көңіліне түйіп жүретін Гүлжаһан, әртүрлі жаңа бастамалардың ұшын шығарып, оларды сот саласына ендіруге жанын салатын. Осы мінезінен талай рет опық та жеген шығар. Себебі, бастаманы амалға асыру, әдетте, сол бастаманы көтерген адамға жүктелетіні анық. Алайда, Гүлжаһан осы мінезінен әлі күнге дейін айнымай келе жатыр. Еліміздегі сот реформасының қанат жаюында, оның ішінде кемелетке толмағандарға байланысты заңнамаларды реттеуде Гүлжаһанның еңбегі ерен. Елімізде қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қарау туралы заң күшіне енген соң, Алматы қалалық сотында осындай істерді бірінші болып қараған да Гүлжаһан болатын. Гүлжаһан туралы да талай өлең жолдары дүниеге келген. Соның бірі:
Саналы, жаның таза қазынасың,
Әрқашан уәдеңнен табыласың.
Бір сәт қана өзіңмен тілдескенде,
Жан жасарып, дертіңнен жазыласың.
Алматы қалалық соты аруларының тағы бірі – Азбаева Гүлстан Шаяхметқызы. Мына өлең жолдарынан Гүлстанның бірталай адамдық қасиеті мен болмысын байқауға болады.
Ханға да, ханшаға да жарасатын,
Талайды елеңдеткен парасатың.
Досқа адал, дұшпанына кешірімді,
Қасиетіңе ешкім жоқ таласатын.
1999 жылы жазда Алматы қалалық сотының 30 жылдығы республика деңгейінде атап өтіліп, бірталай шаралар ұйымдастырған болатынбыз. Сол кезде судья Әділ Құрықбаев (кейін ҚР Жоғарғы сотының судьясы қызметіне көтеріліп, жуырда құрметті демалысқа шықты) Ғ.Құрманғалиевтің «Он алты қыз» әуеніне салып әріптес қыз-келіншектерге менің жазған арнауымды орындаған еді. Зымырап өте шыққан уақыт-ай! Сол жылдары Алматы қалалық сотында қызмет еткен жиырма сегіз судья қызымыздың қазір екі-үшеуі ғана қызметте, қалғандары зейнетке шықса, кейбірі бақилыққа аттанған.
Ол кездері әріптестердің ауызбірлігі, бір-біріне деген құрметі ерекше болатын. 2000 жылдардың басында жоғарыдағы өлеңде аты аталған көркіне ақыл-парасаты сай қырғыз қызы Абсиметова Хадича (қалалық сотта осы күнге дейін еңбек етуде) автокөлік апатына ұшырап, бірталай уақыт төсек тартып жатып қалды. Емханадан шыққаннан кейін жұмысқа қатынауы қиын болды. Қалалық соттың жігіттері келісіп, кесте түзіп, бірнеше ай Хадичаны таңертең жұмысқа әкеліп, кеште үйіне апарып салушы едік.
Айналайын, қыздар! Сендердің ажарларың мен адамдық келбеттерің өлеңге емес, дастанға арқау болатын, том-том кітапқа өзек болатын жансыңдар. Әрбіріңнің бойыңнан асыл қасиеттер мен дархан көңілді өлшеусіз мөлшерде табуға болады. Бір мақалада барша қызымыз туралы баяндау мүмкін емес. Олардың қай-қайсысында да әдемі қылықтар мен асыл қасиеттер жетіп артылады. Светлана Иванова, Людмила Вергун, Халбуви Шарифбаева, Светлана Баймуханова, Наталья Орлова, Гүлжаухар Шамчиева, Гүлнар Исаканова, Шамсиқамар Нұржанова бәрі-бәрі есімде. Салмақты да салиқалы қыздарымыз Анна Қуанышева, Татьяна Барнева, Мейрамкүл Бектасова, Лариса Матвиенко, Инесса Селицкая, Людмила Проскура, Ирина Федотова, Галина Чуракова, Қайынжамал Бухбанованы қалай ұмытарсың. Ұжым мүшелерінің қуанышында да, қайғылы күндерінде де қастарынан табылып, ұйымдастыру жұмысына кірісе кететін, қалалық соттың қара нары іспетті Светлана Қаракузиева барша судьялардың есінде болар. Қалалық соттың көркіне көрік қосатын күміс көмей Мариям Қарабаева, көріктеріне күн шағылысқан Елизавета Бегежанова, Сая Сеитова, Раушан Досмухамбетова, Гүлғаным Айтимова бәрі түгел ақылына көркі сай арулар.
Қалалық сотта бірталай уақыт еңбек етіп ҚР Жоғарғы Сотына жоғарылап, қазіргі кезде ол қызметті де ұршықша иіріп жүрген Елена Ақмолдаева, Лаура Ағыбаева, Зәуре Кейкібасованы да ешкім ұмыта қоймаған болар.
Кейбіріңді көптен көрмедім. Аяусыз уақыт мүмкін беттеріңе әжім де салған шығар, көздеріңнің нұры ортайған да болар. Бірақ, сендердің кеуделерің бұрынғыша адамгершілік пен мейірімге толы екендігіне, жақсылыққа ұмтылып тұратын жүректеріңнің жылулары әлі де сөнбегеніне кәміл сенемін. Бір ұжымда тонның ішкі бауындай араласып, өмірімнің ең бір қызықты күндерін сіздермен өткізгенімді мақтан етемін.
Өздеріңе деген осыбір лирикалық мақаламды мына бір кішкене аңызбен аяқтамақпын. Бірде гүл сатушы қыз қолындағы раушан гүлдерін түгел дерлік сатып болады да, қалған бір дана гүлді жақын маңда отырған қайыршыға бере салады. Өзі өз болғалы мұндай сый алып көрмеген қайыршы, ақмаңдай арудан мынадай сыйлық алғанына төбесі көкке жете қуанып, гүлді өз лашығына алып келіпті.
Үйінен құмыра тауып, оған су толтырып, гүлді салып қояды да үн-түнсіз гүлге қарап отырады. Қандай әдемі гүл! Бірақ, құмыра кір-кір. Кенет орнынан атып тұрып, құмыраны тазалап, мөп-мөлдір су құйып, гүлді қайта салып, гүлге тағы да құмарта қарайды. Аздан соң, гүлге жақындап, иіскемек болғанда, құмыра тұрған шаң тозаңға баттасқан столға көзі түсіп, «мынадай гүл тұрған құмыраға мына стол лайық емес» деп, столды да жуып айнадай етіп қояды.
Гүлге тағы да сүйсіне қарап отырып, «мынадай әдемі көріністің көркін мына үй қашырып тұр» деген ойға кетіп, үй ішін мұнтаздай етіп тазалайды.
Осы кезде үйіндегі айнадан алба-жұлба киім киген, сақал-мұрты өскен өз бейнесін көріп, шошып кетеді. Дереу соңғы ақшасына арзан болса да, жаңа киімдер алып, өз бойын тәртіпке салып, гүлге бір, айнадағы келісті жігітке бір қарап отырып, ойға кетеді.
«Мынадай келбетіммен, біршама біліміммен не үшін мен қайыршы болуым керек» деп ойлаған қайыршы аз-ақ күнде жұмысқа да орналасып, жағдайы түзеліп кетіпті.
Құрметті қыздар! Сіздер бізді, еркектерді үндемей жүріп-ақ гүл бейнелеріңмен тәртіпке салып, өмірімізге өзгеріс кіргізіп отырар едіңдер. Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурызбен шын жүрегіммен құттықтаймын! Жүздерің күндей күлімдеп, көңілдеріңнің көктемдей көрікті болуына тілектеспін. Бәріңе де бала-шағаларыңның қызығын көре жүріп, әдемі қартаюды нәсіп етсін.
Адайбек Беймбетов,
сот саласының ардагері