12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ШЕБЕРЛІГІН ШЫҢДАЙДЫ

Медициналық мекемелер мен ұйымдарда дәрігер мамандардың тапшылығы Ақмола облысында да аса өзекті мәселелердің біріне айналғалы қашан.

Өткен аптада облыс орталығы – Көкшетауда өткен «Жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өңірдің медицина саласына үлкен сілкініс жасап, тың серпін бергендей болды. Олай деуге себеп те жоқ емес. Есімдері тұтас ел аузында аңызға айналып үлгерген айтулы дәрігерлер арнайы шақыртумен келіп, күрделі оталар жасап, ауруханада жатқан науқастарға ауадай қажет боларлық кеңестерін берді. Жергілікті мамандар республикадағы ең мықты дәрігерлердің шеберлік сыныптарына қатысып, білім-біліктерін арттыруға мүмкіндік алды. Облыстың бірнеше аймағындағы елді мекендерді биыл тасқын су әбден әбігерге салған. Бес бірдей ауданда сондай-ақ, облыс орталығының өзінде төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған адам баспанасы мен бар дүние-мүлкінен айырылып, зор шығын шеккен еді. Материалдық шығыннан бөлек, топан судың салдарынан су басқан аймақтағы біраз тұрғынның денсаулығы да сыр берген. Сыз басқан үйлерден түрлі ауруға шалдыққандардың көбейгені туралы деректер жиілеген. Сондықтан ірі көлемдегі халықаралық медициналық ғылыми-практикалық конференцияның өткізілуі жергілікті медицина саласы мен тұрғындардың жанына шипа, көңіліне демеу болды. Облыстық көпбейінді аурухана ғимараты базасында ауыр оталар мен ондаған науқастарға кеңестерін берген дәрігерлермен кездескен өңір басшысы Марат Ахметжанов шақыртуға келіскен танымал дәрігерлерге шынайы алғысын білдірді. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академияcының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек ері, Қазақстан Республикасының бас нейрохирургі Серік Ақшолақов, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық хирург-гепатологтар қауымдастығының мүшесі, екі мәрте «Алтын скальпель» иегері Серік Тоқпанов, «Астана» медицина университетінің онкология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Абай Мәкішев сияқты атынан ат үркетін білікті дәрігерлер бар. Ел басына күн туған қиын шақта халық денсаулығына көңіл аударып, арнайы шақырту жасағанына ризашылықтарын жеткізді. Облыста медицина ахуалының айтарлықтай көтеріліп, дамып жатқанын атап өтті. – Өңірдің медицина саласында бүгін тарихи оқиға болып отыр. Есімі елімізде ғана емес, тұтас әлемге танымал дәрігерлер келіп, облыстық ауруханадағы дәрігерлерімізге шеберлік сыныптарын көрсетіп, күрделі оталар жасап, науқастарға қажет консультациялық кеңестерін айтып жатыр. Бұл біздің өңірдің медицинасына тың серпін бермек.

Жас мамандар Сіздерге қарап бой түзеп, болашақта қажет болар ақыл-кеңестеріңізді тыңдап, мықты маман атанар деген сеніміміз мол. Облыста медициналық мекемелерде жыл сайын құрал-жабдықтар жаңартылып, науқастарды емдеуде тың технологиялар қолданылып жатыр. Әрине, барлық жағдай жасалғанымен, сол заманауи құрылғылардың тілін біліп, жұмыс істейтін кадрлар болмаса, оның құны да бес тиын. Сондықтан білікті мамандарды алдырып, шеберлік сыныптарын өткізіп, өзара тәжірибе алмасуды көздеп отырмыз. Бұл мақсатта арнайы меморандумдар да жасалмақ,– деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов. Кездесуден соң іс-шараға қатысушылар облыстық көпбейінді аурухананың жүрек орталығында болып, заманауи технологиямен басқарылатын ангиограф аппараты орналасқан кабинетті көрді. Қондырғы облыстық ауруханаға былтыр сатып алынған. Жыл сайын мұнда 3,5 мыңға жуық азамат тексеріліп, 1,5 мың адамға тегін ота жасалып келеді. Сонымен қатар, қонақтар облыс орталығында салынатын 630 орындық заманауи аурухананың құрылыс макетімен танысты. Биыл қазығы қағылатын республикалық маңызға ие жаңа аурухана болашақта солтүстік облыстарға қызмет көрсететін ауқымды медициналық орталыққа айналмақ. Облыста аса күрделі жағдайдағы науқасқа ота жасаған екі мәрте алтын скальпель иегері Серік Тоқпанов өңір дәрігерлеріне жаңа әдістерді игеруіне көмек көрсеткісі келетінін жеткізді. Сондай-ақ, облыста хирургия саласының соңғы уақытта жақсы дамып келе жатқанын атап өтті. – Көкшетауға келгендегі мақсатымыз жергілікті хирургтардың жаңа технологиялармен жасалып жатқан оталарды игеруіне көмек беру болып отыр. Мұндай күрделі оталар мұнда сирек жасалады. Сондықтан өзіміздің әдістерімізді бөліскіміз келеді, – дейді алтын скальпел иегері Серік Тоқпанов.

– Ақмола облысында өткізіліп жатқан бұл конференция аса маңызды оқиға деп айта аламын. Өйткені, бүгін республиканың жетекші мамандары, ғылыми және жоғары медициналық оқу орындарының өкілдері, өңірлік хирург мамандар осы Көкшетауда жиналып, үлкен практикалық шеберлік сыныптары төрт бағытта өтті, атап айтқанда: онкологиялық, нейрохирургия, жалпы хирургия және видеоэндоскопия әдісіндегі сынып сағаттары жайлы консультациялар. Жергілікті мамандарға бұл үлкен серпін береді деп ойлаймын. Біріншіден – өзара тәжірибе алмасу, екіншіден – даму перспективаларын анықтауға, үшіншіден – жас мамандарды үйретуге зор септігін тигізеді. Көптеген өңірлік медициналық мәселелер қарастырылып, бүгін мұнда келген жүздеген мамандар практикалық шеберлік сыныптары мен консультациялар жүргізіп, ғылыми-практикалық конференцияда абдоминалды жедел хирургияның проблемаларына арналады, – деді Нұрлан Жаров. Екі күнге жоспарланған іргелі шара барысында елдің бас нейрохирургі Серік Ақшолақов облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесінде 20-ға жуық науқастың еміне қатысты құнды кеңестерімен бөліссе, белгілі онколог Абай Мәкішев обыр індетіне шалдыққан адамдарды емдеу жолдары туралы консультация берді. Белгілі хирургтер Серік Тоқпанов пен А.Сызғанов атындағы «Ұлттық ғылыми хирургия орталығының» хирургия және бауыр трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты хирург-дәрігер Мақсат Досханов хирургиялық ауруларға ұшыраған науқастарға кеңестерін беріп, жергілікті дәрігерлерге ем-дом жасаудың жолдарын көрсетті. Сайдың тасындай іріктелген білікті әрі тәжірибелі дәрігерлер бас қосқан шара барысында елдің жетекші хирург дәрігерлері аса күрделі оталар жасап жергілікті мамандарға хирургиялық ота жасаудың заманауи инновациялық әдіс-тәсілдерін көрсетті. Мәселен, медицина ғылымының докторы, профессор Серік Имақұлы өңеш қуысының саңылауын жою бойынша ота өткізсе, «Ұлттық ғылыми хирургия орталығының» бөлім меңгерушісі, жоғары санатты хирург дәрігер Мақсат Оңалбайұлы бауыр жылауығына ота жасады. Елордалық онколог дәрігер Абай Мұқышев аса күрделі саналатын асқазан ісігіне ота жасап, шеберлік сыныбын өткізді. Аталған отаға жергілікті мамандар дақатысып, операцияға кіре алмағандары отаны конференц-залдағы бейнебақылау арқылы бақылап отырды. – Мен ота жасаған науқас көптен ауырады екен. Бірақ өз дертін жақында ғана біліпті. Сондықтан ота өте күрделі болды. Оны тікелей трансляция кезінде барлық дәрігерлер көрді. Дәрігерлердің мұндай отаны қалай жасау қажеттігі жөнінде сауалдарына жауап бердім. Ота бір жарым сағатқа созылды. Аса күрделі болғанымен, операция сәтті өтті, – деді Абай Қайырғожаұлы.

– Бүгінгі жасалып жатқан күрделі оталар кезінде жергілікті мамандарымыз жетекші дәрігерлерден хирургиялық оталардың жаңа әдіс-тәсілдер меңгерді. Практикалық тұрғыда тәжірибе алмасу адам жанын арашалаушы дәрігерлер үшін аса маңызды. Су тасқыны кезінде өңірдің көп науқастары қажетті медициналық көмекті дер кезінде ала алмай қалған. Сондықтан оларды жоспарлы медициналық көмек алу үшін порталға қойдық, – дейді өңірдің бас дәрігері Нұрлан Ахылбеков. – Бүгінгі операциялар кезінде Ақмола дәрігерлері баға жетпес дағдыларды игеруде, сонымен қатар олар хирургиялық емнің жаңа әдістерін меңгерді. Практикалық тұрғыда тәжірибе алмасу бүгінде аса маңызды. Су тасқыны кезінде кей тұрғындар қажетті медициналық көмек ала алмады. Оларды жоспарлы медициналық көмек алу үшін арнайы порталға қойдық. Бүгінгі күні аталған науқастарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Ауруханаға жатқызылып, кеңестерін алуда, – дейді Нұрлан Ахылбеков.

Шараның келесі күні «Жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелері» деген тақырыпта өткен ғылыми-практикалық конференция Көкшетау қаласының 200 жылдығы мен Астана медициналық университетінің 60 жылдығы аясында ұйымдастырылыпты. «Болашақ сарайы» ғимаратында өткен конференцияның пленарлық мәжілісіне облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, елімізбен қатар алыс-жақын шетелдерден арнайы келген айтулы дәрігерлерге шынайы алғысын білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Ғылыми-практикалық конференцияға Ресей, Гермения, Түркия, Қырғызстан Өзбекстан, Әзірбайжан және еліміздің басқа да аймағынан келген өз ісінің майталман дәрігерлері қатысты. Конференция барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ұлықбек Медеубеков, еліміздің бас нейрохирургы Серік Ақшолақов, Қырғызстанның И.Ахунбаев атындағы медициналық академиясының проректоры Ниязбек Маматов, республикалық трансплантация орталығының басшысы Жақсылық Досқалиев, Ақмола облысы денсаулық сақтау саласының ардагері Болат Жанәділов конференцияның жас мамандар үшін аса тиімді екенін атап өтті. Пленарлық мәжіліс соңы дәрігерлердің білім көкжиегі мен тәжірибесін арттыруға мүмкіндік беретін арнайы секцияларда жалғасты.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам»...

Полицейлер дүкен кассасынан ақша ұрлығын тергеуде

Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында бөтеннің...

Жалған хабарлама: полиция жарылғыш зат туралы хабарлаған кәмелетке толмаған баланы тапты

Түркістан облысында полицияға белгісіз адамнан қоңырау келіп түсті. Онда...

В Алматинской области врачи из Турции провели мастер-класс

В Алматинской региональной многопрофильной клинике прошел мастер-класс, во время...