Сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған азаматтың тұрақты жұмыс орны немесе оқуы болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жылына 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылады. Жазаның қосымша бұл түрі – бас бостандығын шектеуге сотталған кәмелетке толмағандарға, жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдер немесе үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдарға, 58 жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, 63 жастағы және ол жастан асқан ер адамдарға, сонымен қатар І, ІІ топтағы мүгедектерге қолданылмайды.
Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады, мәжбүрлі еңбекке тарту күніне төрт сағатқа дейін, аптасына 20 сағаттан асырылмай өтеледi, – дейді Алматы қаласы Медеу аудандық пробация қызметінің бастығы әділет капитаны Жәнібек Телибаев.