12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ БІРТАБАН ЖАҚЫНДАТҚАН ҚҰЖАТ

Қазақстанның барша жұртшылығы үшін, әсіресе, қазақ үшін, әрине, «тәуелсіздіктен» артық ұғым, одан ыстық сөз жоқ. Міне, «Тәуелсіз елміз!» деп кеуде керіп, мақтанышпен айта алатын, ата-бабаларымыз армандаған, алаш арыстары әзіз жанын осы азаттық жолында құрбан еткен аңсарлы күнімізге жеткенімізге көзді ашып-жұмғанша отыз жылдан астам уақыт өтіп те кетіпті.

Қазақы кеңқолтық өлшеммен асыра сөйлейтін әдетіміз, әйтпесе, бұл – өркениет зымырап алға шарықтап озып кеткен осынау заман үшін аз уақыт емес. Яғни, ақ түйенің қарны жарылған күн туған заманда дүниеге келген бала бұл күндері орда бұзар отызынан асып, бір отбасының немесе әулеттің емес, еліне бас болып, қауымына жол нұсқар шағына жетіп отыр. Ал мұндайда тәуелсіз мемлекетімізді әлі шикі, жас елдің қатарына жатқызу ағаттық болар еді. Оң-солымызды әлдеқашан айырған, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қатарынан орын алып үлгерген салиқалы, өрісті, іргелі елге айналып қалғанымызды жоққа шығаруға болмайды. Әрине, бұл жылдар ішінде қиындық-кедергілер тумай қалған жоқ, мұның бәрі заңдылық деп білеміз. Тәуелсіздіктің тұғырын бекіте түсу, баянды ету – аз жауапкершілік емес. Қазақ халқы үшін азаттық – әрқашан күрмеуі қиын мәселе болып келгені белгілі. Тәуелсіздікті ешкім бізге сыйлай салған жоқ, бұған жеткенге дейін де біраз соқпақты-соқтықпалы, шырмауықты жолдарды бастан кешкеніміз белгілі. Бұл тарихтың сабағын ұмытуға болмайды, қайталап сүзгіден өткізіп, жақсылы-жаманды күндерімізді екшеп, қорытындылап отыру – саналы қоғам азаматтарының бір парызы деп ұққанымыз ләзім. Кеңестік коммунистік жүйе жетпіс жыл бойы қанша жауырды жаба тоқып, жасырып, бүркемелеуге тырысып келгенімен, дүниежүзіне өздерін одақтас елдердің еркіндігі мен бірлігін, әсіресе, теңдігі мен бостандығын сақтайтын мемлекет ретінде танытуға жанын салғанымен, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, жалғандыққа, алдап-арбауға, күштеу мен зорлық-зомбылыққа негізделген империялық саясат жиырмасыншы ғасырдың соңына қарай өзінің шынайы бет-пердесін ашты. Яғни, бұрынғы патшалық империяны орнынан тайдырып, «байшыл-буржуазияшыл үстемдікке жол жоқ, біз дүниежүзі халықтарын бір тудың астына біріктіретін мемлекет құрамыз, біздің ұранымыз бен мақсатымыз – бостандық пен теңдік» деп әлемге жар салғанымен, іс жүзінде тонын теріс айналдырып киіп, сол империялық отарлау саясатын жалғастыра бергені, тіпті, шектен шығып, кеңестер елін – түрмелер лагеріне айналдырғаны бұл күнде ешкімге құпия емес. Осыншалық өрескел жүргізілген, әрі қысым-қиянатшылдықпен іске асырылып келе жатқан саясаттың ұзаққа бармайтынын саналы қоғам өткен ғасырдың сексенінші жылдары сезіне бастады. Наразы үндер одақтың әр тұсынан естілгенімен, үлкен мемлекеттік іс-әрекеттер діттеген мақсатына жете алмай жатты. Дүниені дүр сілкіндіріп, әлем елдерінің назарын аудару үшін бір кесек әрекеттің қажеттілігі – заман талабы болатын. Өйткені, отыз жылдық сталиндік қанқұйлы режим, қолдан жасалған ашаршылық, репрессия тудыру, әділетсіз соғыстар, жалпы, кеңестік коллективтендіру, бесжылдықтар, тың игеру саясатының дөрекілікпен жүргізілуі – халықтардың ашу-ызасын тудырмауы мүлде мүмкін емес еді. Және жасыратыны жоқ, осы зорлық-зомбылығы басым саяси шаралардың баршасының ауыртпалығы қазақтың елі мен жеріне қатты батқандығы тағы белгілі. Сондықтан, бұрынғы кеңестік республикалар ішіндегі ең үлкен наразылықтың Қазақстанда көрініс табуын заңдылық деп қабылдаймыз. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жетпіс жыл бойы тұншығып келген халықтың бір лап етіп еркіндікке шыққан сипаты болатын. Міне, біздің айтып отырған халықтың ең үлкен наразылығы, кесек әрекеті осы болатын. Қазір әлдекімдер «Қазақстан – он бес республиканың ішінде өз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялаған ел» деп, тәуелсіздікке ұмтылысты жоққа шығарғысы келеді. Немесе, құжат жүзінде бекітілген күнмен тәуелсіздігіміздің қадірін түсіргісі келеді. Мен мұны түбегейлі қате пікір деп есептеймін. Өйткені, анық ақиқаты сол, бүкіл бұрынғы одаққа біріктірілген республикалар ішінде кеңестік билік жүйесіне осыншалық батыл наразылық осыған дейін болып көрмеген. Яғни, Қазақстанның желтоқсаншыл жастары сол қаһарлы кезеңде нағыз демократияның құдіретін дүниежүзіне танытты. Мәселе тек орнынан алынған Д.А.Қонаевтың орнына Г.Колбиннің тағайындалуымен байланысты емес болатын. Бұл – жетпіс жыл бойы елде орын алған сансыз әділетсіздіктерге халықтың көкірегінде жиналған ашу-ызаның лап етіп лықсып сыртқа шығуы еді. Және жоғарыда айтқанымыздай, нақ осы наразылық шеруінің Қазақстанда тұтануы заңдылық болатын. Сондықтан да барлық бұрынғы одақтас республика өкілдерінің көзі ашық, көкірегі ояу қауымы қазақ жастарының 1986 жылғы көтерілісін – империялық коммунистік жүйеге наразылықтың басы, алғашқы қарлығашы деп қабылдағаны әділеттілік. Тәуелсіздік тарихы дегенде, ең алдымен ауызға аларымыз, елдігіміздің сипаты, мақтанышымыз – осы тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамымыз және өзге елдерге танытқан үлкен өнегеміз 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі болып, тарихымызда мәңгілікке таңбаланары сөзсіз. Бұдан артық қандай елдік мақтаныш, тарих ұлағаты болуы мүмкін?! Сондықтан да, осынау 25 қазан – Республика күні ретінде аталып өтілер қарсаңда, әрі еліміздің ең алғашқы Декларациясы қабылданған атаулы мерекесі қарсаңында біз империялық күштердің жанталасқан қарсылығына қарамастан, халықтың тәуелсіздікке деген арман-тілегіне жету үшін басына төніп тұрған қауіп-қатерге қарамастан жасқанбай, ойын еркін жеткізген жастардың ұлы ерлігінің алдында басымызды июге тиіспіз. Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің империялық отаршылдық жүйені құлатуда ықпалды рөл атқарғанын сенімді түрде айтамыз. Себебі, осыған дейін одақтың тарауы жайында, жалпы коммунистік режимнің ақырына жақындағаны туралы сөз қозғалмай келген, нақ осы оқиғадан кейін ғана басқа республикалардан наразылық үндер жиі естіліп, бара-бара бел ала бастағаны белгілі. Тіпті, қазақ жастарының осы батыл наразылық қозғалысына бірнеше жыл өткеннен кейін аңысын аңдап барып, одақтың ыдырауы жөнінде әңгімелер туындай бастаған. Сол кездегі тарихи маңызы жоғары ақпараттарға үңілсек, бұл сөздерімізге дәлелдер жеткілікті. …1989 жылы КСРО-ны конфедерация қағидалары негізінде өзгертудің нақты көріністері байқалды. 1986 жылғы жастардың алаңға шығуына себеп болған Г.Колбин Қазақстаннан Мәскеуге ауысып, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Н.Назарбаев сайланды. Қазақстан Республикасының үкіметін Ұ.Қараманов басқарды. Міне, дәл осы уақыттардан бастап ел өмірінде із қалдырған тарихи өзгерістер белең алды. 1989 жылы мамыр-маусым айларында өткен КСРО халық депутаттарының І сьезінде ел саясаты мен экономикасындағы және қоғамдық өмірдің әлеуметтік-рухани салаларындағы жағдайларға өткір сын айтылып, коммунистік партия жұмысына талдау жасалды. Кеңес қоғамына төнген дағдарыстың себептері іздестірілді. Қоғамдық-саяси өмірдің аса маңызды мәселелері төңірегіндегі тартыс бір-біріне қарама-қарсы ұстанымдағы депутаттар топтарының құрылуына алып келді. Осыған орай аймақаралық депутаттар тобы құрылып, әр жерден партия жұмысын сынаған наразы үндер көбейді. Бұл кеңестік коммунистік партия тарихында ешқашан орын алып көрмеген көлденең жағдай еді. Партия билігінің күннен-күнге әлсіреп бара жатқаны айқын болды. Ешкімнің тісі батпай келген партия басшылығы өткір сынала бастады. КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы М.Горбачевтан бастап, ірі партия қайраткерлері Е.Лигачев, П.Соломенцев, т.б. қызметтерінде кеткен кемшіліктер туралы ашық айтылды. Міне, осындай өткір сынның өрши түсуі бұрынғы режим шаңырағының шайқалуына аз қалғанын айқын байқатты. Демократиялық қоғамға өтудің басталуы одақтас республикалар мен олардың мемлекеттік құқықтық формациялар арасындағы қатынастардың қалыптасқан практикасын қайта қарауға әкелді. Жаңа Одақтық келісімшарттың жасалу мүмкіндігі жайлы мәселені 1988 жылы, ең алдымен Балтық жағалауы республикалары ұлттық-демократиялық қозғалысының өкілдері көтере бастаған болатын… Осыдан соң республикалар өздерінің бөлінетіндігі туралы батыл мәлімдеді. Оларға қарсы көптеген ақпарат құралдары, теледидар, «Правда», «Современный Россия» газеттері материалдар ұйымдастырып, адам құқығының бұзылғандығы туралы байбалам салғанымен, Кеңестер Одағының сақталып қалуы мүмкін еместігі айқын аңғарылды. Сонымен, КСРО-ны жайлаған саяси дағдарыс одақтың ыдырау үдерісіне алып келді. Дағдарыстан шығудың бір жолы – Президенттік қызметті жүйеге енгізу болатын. 1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдап, Қазақ КСР Президенті қызметін бекітті. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылымында тарихи құжат «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Қабылданған Декларация негізгі 17 тармақтан тұрды. Декларациядағы ең негізгі маңызды тармақтар мыналар болатын: Декларация алғаш рет басқа егемен республикалармен ерікті түрде одаққа бірігіп, олармен келісімшарт негізінде кеңес құратын Қазақ КСР-нің егемен мемлекеті мәртебесін жариялады. Декларацияда Қазақстан халқы Қазақ КСР-індегі егемендіктің жалғыз иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі деп жарияланды. Ал өз кезегінде Қазақстан халқына республиканың барлық ұлттарының құрамы жатқызылды. Декларация республиканың барлық азаматтары үшін лайықты және тең өмір сүру жағдайларын жасауға ұмтылысты көрсетті, экономикалық қауіптіліктің қайнар көзі болып табылатын обьектілердің қызметіне және жұмыстарына тыйым салатын экологиялық қауіпсіздік қағидатын негіздеді. Декларацияда Қазақ КСР-інің маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті қорғау және нығайту, төл мәдениетті, салт-дәстүрлерді, тілді жаңғырту мен дамыту және қазақ ұлтының, Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту біріктірілді. Сондай-ақ, Қазақ КСР-інің аумағы бөлінбейтін және қол сұғылмайтын болып жарияланды әрі оның келісімінсіз пайдалануға болмайтындығы жария етілді. Алғаш рет Декларация мемлекеттік биліктің үстемдігін, оның республика ішіндегі тәуелсіздігі мен толықтығын, сондай-ақ, сыртқы қатынастарда өзінің аумағында КСРО-ның жоғарғы органдарының республикалық егемендік құқығын бұзатын әрекеттерін тоқтату құқығын қамтамасыз етті. Мемлекеттік билікте – заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу принциптері жарияланды. Қазақ КСР Президенті республика басшысы болды және жоғары әлеуметтік атқарушы билікке ие болды. Заң шығарушы билікті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жүзеге асырды, ал сот билігі Қазақ КСР Жоғарғы Сотына тиесілі болды. Декларацияда алғаш рет конституциялық маңызы бар негізгі мемлекеттік құқықтық нормалар анықталды. Құжатта Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің барлық атрибуттары, оның өз тармағы мен азаматтығы, азаматтық және ұлттық теңдік, республикадағы мемлекеттік биліктің үстемдігі, тәуелсіздігі мен толықтығы, Конституция мен заңдардың үстемдігі, меншіктің алуан түрі, өзінің жеке мемлекеттік бюджеті және қаржы-несие жүйесі, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарындағы халықаралық қатынастардың тәуелсіз субьектісінің құқығы, сондай-ақ, мемлекеттік егемендік нышандары – Елтаңба, Ту және Әнұран болуы бекітілді. Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация Қазақстанды тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде анықтаған қазіргі ұлттық тарихтағы алғашқы конституциялық маңызы бар акт болды. Ол егеменді қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру процесінің басталуын белгіледі және ұлттық заңнаманы құрудың негізі болды. Міне, осылайша Қазақстанның қасиетті тәуелсіздікке жетер жолындағы маңызды қадамын бекіткен, егемендікке бір қадам жақындатқан халық үшін зор маңызы бар құжат – Декларацияның біздің халқымыз үшін қадір-қасиеті осындай. Әрқашан есімізде ұстауға тиіс, тәуелсіз елдің азаматы ретіндегі қасиет тұтар парызымыз осы.

Досжан ӘМІР, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы

Судья көмекшілерінің көмегі көп

Сот жұмысын жандандыратын, судьялар жұмысын оңтайландыратын бастамалар аз емес....

Медиацияның тиімді тұсы көп

Елде даудың көбеюі халықтың бірлігіне салқынын тигізеді. Дау артқан...

Дербес кассациялық соттар – азаматтар сенімінің кепілі

Азаматтар өз құқығы мен бостандығының мінсіз қорғалғанын, сапалы қаралғанын...

Медиация әділ шешім негізі

Соңғы жылдары еліміздің сот жүйесінде медиация кеңінен қолданыла бастады....