Биыл елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат — Конституциямыздың қабылданғанына 25 жыл! Осы жылдар ішінде тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң — мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Конституция тәуелсіз елдің дамуына сеп болып қана қойған жоқ, Құжаттың нормативтік әлеуеттері де халыққа талай қызмет етіп, демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің одан әрі беки түсуіндегі прогресс жолында мығым заңдық негіз болды.
Конституция жобасының осыдан 25 жыл бұрын бүкілхалықтық талқылаудан өтуінің өзі әрбір адамның жеке құқығына берілген еркіндік деп сезінген елдің жаңа Конституцияны үлкен ықыласпен қабылдағаны жадымызда. Осыған орай жаңа Конституцияда адам құқығы жөніндегі Бүкіләлемдік декларацияға сәйкестендіріліп, 30 баптан тұратын «Адам және азамат» атты жаңа бөлім қосылғанын, содан Конституциямызда қай салада да халықаралық нормаларға сай келетін ережелер белгіленгенін атап өтуге болады. Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.
Қазақстан Республикасының Конституциясы қазіргі кезеңде қазақ елінің бірден бір мызғымас бірлігінің символы және оның заңдық тұрғыдан алғандағы құқықтық қамтамасыз етуші құжаты болып отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар», демекші бұл дүниеде тату-тәтті тіршілікке, ынтымаққа жетер ештеңе де жоқ. Демократиялық құқықтық мемлекет құру жолындағы Конституцияның өміршең болатындығы ешқашан да күмән туғызбайды. Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту және экономикалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналған бұл Ата Заң адамдардың барлық азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, олардың өздерінің мемлекеттің сенімді қорғауында екенін терең сезінулеріне жағдай туғызды. Осы арқылы қазірде бүкіл қылмыстық-құқықтық саясатты ізгілендіру үрдісі де жүзеге асырылуда. Ата заң – еліміздегі бүкіл заңдардың түп негізі саналады. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Құқықтық саясатымызда Тәуелсiздiгiмiз бен Конституциямыз тайға таңба басқандай ажырамас егiз ұғымға айналған.
Бейбіт елдің бақытты халқы түпқазығымыз Ата Заңымызды ардақтасақ, еліміз әлі талай жетістіктерге жететіні сөзсіз.
Д.Н. Маукеев, Алматы қаласы Медеу ауданы №2 сотының судьясы