Әлемді әбігерге салған коронавирус індеті Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Ел президентінің нұсқауымен мемлекетімізде төтенше жағдай ензіліп, азаматтардың қауіпсіздігін сақтаудың барлық амалы жасалды. Мұндай үрдістен сот құрылымы да сырт қалмады. Карантин кезінде сот отырыстары онлайн форматқа ауысып, істер қашықтан қарала бастады.
Жалпы пандемия сот отырысының сапасына айтарлықтай әсер етті деп айта алмаймыз. Өйткені, қазақстандық соттар электрондық технологияның тиімді тұстарын біраз уақыттан бері тәжірибеде тиімді пайдаланып келеді. Бүгінде сот құжаттарының айналымы, азаматтардың арыз-шағымдары «Сот кабинеті» сервисі арқылы реттеледі. Сервистің жұмысына сенгендіктен азаматтар арызын енді сот ғимаратына әкеліп әуре болмайды. Үйінде, кеңседе отырып-ақ құжаттарды жіберіп, өтінімдерін жолдай алады. Сонымен бірге сот кабинетінің ыңғайлы екенін, уақыт жағынан ұтымды болғанын адвокаттар да мойындап, жылы лебіздерін жолдауда.
Сот отырыстарына қашықтан қатысушылар жұмыстың тиімді ұйымдастырылғанына, сапалы атқарылғанына да көңілі толатындарын жеткізіп отыр. Бейнеконференц байланыс арқылы сот отырыстарын жүргізуге, ватсап желісінің көмегімен бір чатта сот отырысын таразылауға қатысқандар техникалық мүмкіндіктерді барынша пайдаланған сот ұжымына ризашылық білдіріп отыр.
Әлбетте, сот отырыстарының мәжіліс залдарында қаралғаны жақсы. Алайда, бүгінгідей қажеттілік сот жұмысын да басқаша үйлестіру керектігін алға шығарып отыр. Соттарда істерді қараудың заңмен бекітілген уақыты бар. Оны кейінге қалдыруға болмайды. Сондықтан, онлайн-отырыстар дауды шешудегі негізгі тетік. Мұндай шараға еліміз азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, індеттің кең таралып кетпеуіне жол бермеу мақсатыда барып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінгідей сындарлы сәтте қандай шешім қабылданса да адамның мүддесі, адамның денсаулығы, қауіпсіздігі басты назарда тұруы керек.
Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьялары да төтенше жағдай кезінде істердің уақытылы, сапалы қаралуына бар күшін салды. Тараптарға онлайн отырыстарға қатысудың тәртібі, шарттары тұрақты түсіндіріліп, сот отырысының өз дәрежесінде өтуіне мүмкіндік жасады. Яғни, төтенше жағдай сот жұмысының сапасына ешқандай кері әсерін тигізген жоқ.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты сот практикасының кейбір мәселелері бойынша берген №1 түсіндірмесінің судьяларға пайдасы зор. Онда ҚР Президенті еңгізген төтенше жағдай кезіндегі және одан кейінгі іс-әрекеттер, халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау бағытындағы нұсқаулар, COVID-19-дың таралуын шектеу жөніңдегі мәселелер назарға алынған. Аталмыш Түсіндірме сот жұмысының сапалы атқарылып, бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Ғалия Әбимұрат,
Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы