12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Төрт қыздың трагедиясы

Тергеуші, полиция майоры Бақытхан Бәйменов қылмыс болған жерге жеткенде, Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Тастемір Рахимов та келіп үлгерген екен. Оның тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Бақыт Көпенова, жедел істер жөніндегі орынбасары Сабыр Мұқтаров, криминалды полиция қызметінің бас­тығы Серікбол Тұңғышбаев, облыстық басқармаға қарасты қылмыс­ты іздестіру бөлімінің бастығы Алмас Ибраев, қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Мақсұт Нәлібаев, сот-медициналық сараптама бюросының бастығы Қамбар Сексенов те осында.

Бесінші қабаттағы үш бөлмелі пәтердің дәлізге жалғасқан қонақ бөлмесінде төрт қыз жайрап жатыр. Оң қол жақ бетте етпетінен түскен қыз пышақ жарақатынан өлген. Жасы шамамен 25-30 арасы. Сол жақта ондардағы кішкентай қыз, оймақтай аузын аңқайтып ашқан қалпы жан тапсырыпты. Одан әрі бойжетіп қалған тағы біреуі шашы қобырап шалқалай құлаған. Төрде бүк түскен қыздың бет-аузы күлтілдеген ісік. Құқық қорғау қызметкерлері куә болған сурет осы.

Өксігін баса алмай отырған пәтер иесі жас келіншекті Бақыт Қайыркешқызы жұбатып, мән-жайды сұрады. Оның үзіп-үзіп айтқанынан түсінгені мынау. Есімі – Жанат. Ажырасқан. Түнде, желтоқсанның 30-ында үйде болмапты. Жаңа жыл кешіне кеткен. Сол жақта жақын бір досының үйінде түнеп қалады. Соны алдын ала біліп, ағасының қызы, 11-сыныпта оқитын Бейбіткүлді үйге келіп қонуға шақыр­ған. Ал Бейбіткүл жиен сіңілісі Толғанайды ертіп алыпты. Ол он екі жаста. Ал пышаққа түсіп, етпетінен жығылған Майра үлкен апасының қызы. Қасындағысы оның қызметтес құрбысы, аты Алмагүл. Майра күйеуден қайтқан, қаланың шеткері жағында ата-анасымен бірге тұрады. Кейде жұмыстан кеш қайтқанда осында қонып кететіні бар. Жанат үйге таңертең сағат жетілерден өте келіп, есікті өз кілтімен ашқан. Жатын бөлмеге өтпек боп, залға бас сұққанда қанға бөккен қыздардың үстінен түседі. Зәресі ұшып тұра қашады. Көршілері болған істі полицияға хабарлайды.

– Бізге бұл да сын болғалы тұр, – деді Бақыт Қайыркешқызы аса маңызды істер бойынша аға тергеуші Бақытхан Төлегенұлына қарап. – Ал не дейсің, болжамың қалай?

– Жаңа сарапшы Қамбар Сексенов құлып өз кілтімен ашылған деді. Демек, келген адам бұларды таниды. Бұл – бір. Екіншіден, қылмыскер жас жігіт болар деп ойлаймын. Өйткені ол анау шалқасынан жатқан жас қызға барған. Сірә, мас болар. Мас болмаса үш қызды аттап бара ма? Бірақ оның қолында пышақ неге жүр? Осы жері түсініксіздеу.

– Егер қыз көнбесе, пышақ көрсетіп қорқытпақ болған шығар, – деді тергеу бөлімінің бастығы Сәбит Қармысұлы.

– Ол да мүмкін, – деп ойланып қалды Бақытхан. – Сөйтсе сөйткен шығар. Тамағының астын қараңыз. Мойын терісін пышақ сыдырып кете беріпті. Яғни… яғни сіз айтқандай, пышақты алқымына тақаған… Сонда қыз басын дамылсыз шайқай берген. Ал мына кішкентай қыз қылмыскерді таниды. Сондықтан айтып қоймасын деп, бұны да өлтірген. Жаңа криминалист-сарапшы жастықпен тұншықтырған тәрізді деді ғой. Бұл жерге бөтен емес, танитындар келген деген ойымды бұл да қуаттайды. Қылмыскер бір адам ба, әлде екі адам ба? Сол жағын болжай алмай тұрғаным.

– Майра ажырасқан келіншек екен. Соның күйеуі шығар келген? Ол да бұлардың танысы ғой, – деп, Бақыт Қайыркешқызы тағы бір болжамның ұштығын шығарды.

– Егер ол болса… Бірақ ол Майрамен басқа жерде де кездесе алады ғой. Мынаған қарайық, төрде жатқан қыздың аты Бейбіткүл дедіңіз бе? 11-класта оқитын қыз. Соның тырнағының асты толған адамның терісі мен қаны. Өзіне келген адамды тырнап тастаған. Майраның күйеуінің онда несі бар?

– Ол екі адам болып келген болар? Мүмкін сол шығар жас қызға секірген? – деп, болжам ұсынды Сәбит Қармысұлы. – Қысқасы, күдіктінің бәрінен түсінік алайық.

– Мен де осыны айтпақ едім. Әсіресе, беті тырналғандарды, – деді Бақытхан Төлегенұлы.

Пәтер иесі келіншек жылаудан тыйылса да, бұлаудай екі көзі қызарып, танауын ауық-ауық тартып қояды.

– Айналайын, заттарың түгел ме? Қарашы, жоғалған не бар екен? – деді Бақыт Қайыркешқызы пәтер иесіне.

– Шифонерде ақшам бар еді, қазір көрейін. – Зал арқылы баратын кішкене бөлмеге кіріп кетті де, кідірмей кері шықты. – Бар екен ақша. Күздік пәлтемнің қалтасында еді… Киімдеріме тимеген.

– Қыздардың бірінің мойнында алтын алқа көрдім, тағы біреуі алтын сақинасымен жатыр. Содан-ақ белгілі, тонауға келмеген, – деп қосты Бақытхан тергеуші басын шайқап.

– Ештеңеге тимеуі қалай? Пышағыңды түгендеші, – деді Бақыт Қайыркешқызы.

Пәтер иесі келіншек ас үйге барып келді де:

– Иә, жоқ екен, кәдімгі ағаш сапты, күнде пайдаланып жүрген, – деді. Ваннада ілулі тұрған үлкен сүлгі мен Бейбіткүлдің қара қолбағы да қолды болыпты.

– Мынаны қараңыздар, – деді Бақытхан Төлегенұлы ас бөлмені оң жағынан бастап солға қарай мұқият шолып тұрып. – Газ плитаның құлақтарын ашып кетіпті. Әдейі ашқан. Жарықты жағып қалғанда гүрс ете қалсын деген ғой. Құдай сақтағанда құбырда газ болмады.

Осы кез кухнядағы тоңазытқыш гүр етіп, іске қосылды. Жарық жанғаны сол екен, Бақыт Қайыркешқызының көзіне ағаш еденнің жарығынан жылт еткен сәуле байқалғаны. «Жаңа жылдық жылтырақ шығар» деп ойласа да, назарын тарта берген соң, еңкейіп, шанышқының ұшымен іліп алса, жоқ, жаңа жылдық жылтырақ емес, алқа. Жіңішке алтын алқа. Соның бір үзігі.

– Мәссаған, қыздар мына жерде де алысқан сияқты ғой.

Бақыт Қайыркешқызы шанышқы ұшына ілінген алтын алқаны жағалай көрсетіп шықты.

***

Іске қатысты топ күн сайын кешкілік мәжіліске жиналады. Кім не тындырды, қандай сыбыс бар, бәрі талқыланады. Соған байланысты болжамдар туындайды. Бүгінгі мәжіліске Тастемір Сауранбайұлы да келген.

– Ал кімде не бар? – деді ол сұрақты төтесінен қойып. –Төртінші күнге айналып барады ғой. Сөйлеңіз Сабыр Сыдықұлы.

– Мен айтсам –  деп ГОВД бастығы Мақсұт Ыбырайханұлының орынбасары, капитан Ибадолла Тоқтамысов күдікті адам туралы естіген ақпаратын  айтты. Ол сыбысты оларға бір агенті айтып, саудаласқан ғой. Сосын өз құлағыммен естиін деп, ол агентті алдырып мен өзім сөйлестім, – деді бірінші орынбасар Сабыр Сыдықұлы өзінің мінезіне тән байыппен асықпай сөйлеп. – Агент айтқан күдіктінің аты-жөні Талғат Мүсірепханұлы. Жасы жиырма екіде. Ол сол күні кешке әлгі үйдің маңында мас боп жүріпті. Оның алдында Мэлс, Бақытжан, Уәлихан деген балалармен бірге арақ ішкен. Олар бізге белгілі балалар.

– Бүгін кешкілік сол үйдің тұрғындарын араладым, – деп, сөз бастады Бақыт Қайыркешқызы. – Менің де білгенім сол Талғат Мүсірепханұлы деген бала. Екінші қабатта тұратын Лариса деген орыс әйел оны сол күні кешкілік сағат сегіздерде көріпті. Мас дейді. Айқайлап подъездге кірді дейді. Бір пәтердің есігін тепкілегенін естідім дейді. Қай пәтерге барғанын айта алмады. Ал түнде шыңғыр­ған дауыстан шошып ояныпты. Қыздың дауысы дейді. Қайтып естілмеген. Түсім шығар деп ойладым дейді. Екіншісі Нина деген әйел. Бірінші қабатта тұрады. Ол да мас боп жүрген Талғат дейді. Мен де сол баладан күдіктенем. Бірақ жалғыз өзі төрт қызға қалай әлі келеді?

– Ал сенде не бар, – деп, Тастемір Сауранбайұлы тергеуші Бақытхан Төлегенұлына бұрылды.

– Сол маңда тұратын жігіттерден түсінік алдық. Көршілерден тағы кім бар келмеген деп сұрағанымда олардың атағаны екі фамилия. Біреуі Алмасов, екіншісі әлгі… Мүсірепханұлы. Алмасовтан бүгін жауап алдым. Ол желтоқсанның жиырма сегізінде Шиеліге кетіп, содан бүгін келіпті. Таза сияқты. Ал анау… жоқ. Мамасына қоңырау шалсам, мамасы «Шаңхайдағы атасының үйіне кетті» дейді. Ол үйге опер жіберсем, атасы айтыпты «жаңа ғана шешесіне кетті» деп. Бірақ өз үйіне бармаған. Анасымен сөйлестім. «Қазір қайда өзі» десем, «білмеймін, үйге келмеді» деді. Үйінен шыққанда үстінде көк спорттық шалбар мен күртесі болыпты. Бірақ мамасының айтуынша, ертеңіне оны киіп келмеген. «Төбелестім, жыртылып қалды, сосын шешіп тастадым» депті. Оперлерге, учаскелік инспекторларға тапсырма берілді, көк шалбар мен күртені іздеп табуға.

– Олай болса, оған қазірден бастап іздеу салынсын, – деді Тастемір Сауранбайұлы.

***

…Арада аттай екі апта уақыт өтті. Қалалық ішкі істер бөлімі патрулдік тексерісті сонда да саябырсытқан емес. Қылмыскер не де болса, қала ішінде. Тығылып жатыр. Бір күні болмаса, бір күні құлағы қылтиятыны анық. Полиция біткеннің арманы соны ұстау. Сержанттар Рүстемов пен Савинков те солай. Қаңтардың 13-інен 14-іне қараған түні олар Панфилов көшесін бойлап, жүргінші жұртқа назар салып келе жатты. Жапалақтап қар жауып тұрған. Сол сәт алдынан шыға келген бозбала бұларды көре сала, бір жағына тайқып, жылыстап ала жөнелсін. Сержанттар оның бұл қылығынан күдіктеніп, соңына түсті. Анау жалтақ-жалтақ артына қарап қойып, жүрісін жылдамдатып, дедектеп барады. Сірә, ұсақ карманшиктердің бірі болар. Әлде құлақшын алып қашатындардың сорты ма? Үйді айнала бере тұра жүгірді. Екі сержант екі жақтап қуып берген. Қойсын ба? Бұрышқа қамалап ұстап, жарыққа алып келді. Сөйтсе, құрықтағандары – Талғат Мүсірепханұлы. Жер-көктен табылмай іздеуде жүрген адам.

***

Бақыт Қайыркешқызы, Сәбит Қармысұлы мен Болатхан Төлегенұлы, үшеулеп күдікті жігітті сол түні-ақ ортаға алған.

– Ал айта ғой, қанша іздедік. Үйіңнен безіп қайда жүрсің?

– Біреуге ақша қарыз едім, содан қашып жүрдім. Ол аямайды мені.

– Декабрьдің 30-ы күнін еске түсірші.

– Мен… мен о күні мас боп қаппын. Білмеймін.

– Есіңді жиғанда қай жерде жатыр екенсің? Подвалда ма?

– Иә, иә. Жо-жоқ.

– Асықпа. Есіңе түсір. Қорықпа. Айта бер. Есіңді үйде жидың ба?

– Иә, иә.

– Үстіңдегі киімдерді есіңді жиған соң үйден алып кидің ғой.

– Иә, иә. Жо-жоқ.

– Сенің үстіңде көк спорт шалбары мен күртесі болды. Қайда ол киімің?

Мүсірепханұлы біршама уақыт тілсіз қалды.

– Білмеймін, – деді сонан соң. Дауысы жердің астынан естілгендей құмығып шықты. – Есімде жоқ.

– Майраны, Бейбіткүлді, Толғанайды танисың ғой.

– Танимын. Досымның туыстары.

– Сол қыздарды біреу өлтіріп кетіпті. Естіген шығарсың?

Күдікті жігіт қалшылдап кетті.

– Неге қалшылдайсың?

– Аяп кеттім.

– Сол үйге түнде сен барыпсың.

– Барғам жоқ.

– Бармасаң неге тығыласың?

– Айттым ғой, біреуге қарызбын деп.

Мүсірепханұлымен алғашқы түнгі сұрақ-жауап осылай өрбіген. Келесі күні күндіз жауапқа тағы да әкелінді. Өңінде қан-сөл жоқ, құп-қу болып бозарып отыр. Жақ жүні үрпиіп кеткен.

– Майраға еріп келген қызды танисың ғой?

– Алмагүл ма? Танимын.

– Бейбіткүл сүйкімді қыз. Жігіттер қызықса қызығатындай ғой. Иә, оны сосын… Қайда іштіңдер?

Сол күні кімдермен қанша ішкенін біртіндеп есіне түсірді. Наша да шеккен. Екі мәрте. Тергеуші есептей келе:

Жеті жүз грамм ішіпсің. Мысалы мен үш жүз грамм ішсем әжептәуір боп қалам. Сен қайта… маладес, – деді тергеуші Бақытхан басын шайқап. – Бөлмеде бірінші кім жатты? Алмагүл ма, әлде Майра ма? Ұйықтағанда.

– Бірінші Майра…

Мүсірепханұлы осыны айтып, тілін тістей алды.

– Талғатжан, айналайын, жас кезде адамның бәрі қателеседі. Біз бәріміз де қателестік. Сен де жассың, қателессең қателескен шығарсың. Біз саған көмектескіміз келеді. Оперлерге сол үшін бермей отырмыз. Оперлер сенімен біз сияқты сөйлеспейді. Олар сені сайратады. Біреуге қарыз ем, содан қашып жүрмін дегенді қой. Ол бос әңгіме. Кімге қарызсың деп сұрасам да айта алмайсың. Уақытты созбай өзің мойындасаң, жазаң жеңілдеу болады. Сенің оларға қастығың болған жоқ қой. Мастықпен білмей қалдың ғой, – деді Бақыт Қайыркешқызы.

Мүсірепханұлы басы салбырап, бірауық үнсіз қалды да, кенет солқылдап жылап жіберді.

– Мен қателестім… мен мастықпен есімді білмей қаппын… – деп еңіреді.

***

Сараптама қорытындысы қолына тиісімен Алматы-Ақтөбе пойызына шығып кеткен. Тәулік бойы вагонда тербетіліп, Қызылордаға түскені жаңа. Басқарма ғимаратына келсе, Бақыт Қайыркешқызы жұмыста екен, ол бұның сәлемін алар-алмастан:

– Экспертиза не болды? – деді. Алматыдағы сараптамаға кеткен Бақытханның оралуын асыға күткені жүзінен аңғарылып тұр. Бұл жауап берудің орнына сараптама қорытындысы жазылған қағазды қолына ұстата қойсын. Қағазға асығыс көз жүгірткен Бақыт Қайыркешқызының жанары жалт етіп, күліп жіберді.

– Тамаша!

– Осымен-ақ істі бітіре салуға болатын сияқты.

Деуін десе де, сол айтқанына өзі ұялыс тапқан. Өлім жазасына кесілуге тиісті айыпкерге бұл айғақтың тым аздық ететінін білмейді емес. Біледі ғой. Бақыт Қайыркешқызы оның бұл сөзіне мән бермей:

– Бізде әлі алтын алқа бар ғой. Соны анықтайық, – деді.

Бақытхан Төлегенұлы үйге қайтып келе жатып, үзілген алтын алқа туралы ойға кетсін. «Қыздардың алқасы емес. Ата-аналары, туған туысқандары солай деп отыр. Пәтер иесі келіншекте де болмаған. Демек Мүсірепханұлының алқасы. Басқа не? Бірақ оның алқасы екенін қалай дәлелдейсің? Үйден алқа табылғанын ол әлі білмейді. Білмей тұра тұрғаны дұрыс. Менікі емес дейтіні сөзсіз. Оған оңтайлы ілік табу керек». Бейбіткүлдің тырнағы астынан алынған қырындыға Мүсірепханұлының бет терісі мен қаны сәйкес келді. Алматыдан көңілді қайту себебі сол. Ал мына бір алқа…

Әуелгі барғанда есікті Бейбіткүл ашқан-тұғын. «Қайрат үйде жоқ» дегесін, сөзге келмей, бұрылып жүре берген. Есікті екінші рет қай уақытта ұрғаны есінде емес. Жанжалдасқан жігіттерден таяқ жеп қалғанын біледі. Іші қазандай қайнағаны содан. Кек алмай қалай тыншиды? Тыншу жоқ қой. Олардың бетін бір қайырса, Қайрат досы қайырар еді. Осы оймен пәтерге алқынып жеткен. Алқынып жетсе де, есін тез жиып, есікті ақырын тықылдатты. «Бұл кім?» деген дауыс шықты іштен.

– Мен, Талғат!

– Қайрат жоқ. Бүгін келмейді!

– Келем деген, ашыңызшы.

Қызыл гүлді халат киген Майра көрінді.

– Бір жерге ұйықтайыншы, а. Қайрат келгесін кетем, – деді жалынғандай.

– Спальныйда диван тұр. Соған барып ұйықта! Тықырлата берме, – деді Майра нағашы ағасының досына кеңшілік жасап.

– Иә, иә, ұйықтаймын. Тықырлата бермеймін, – деді бұл басын шұлғып.

Қыздар жатқан залдың төріндегі екі есік – екі жатын бөлме. Майра нұсқаған сол жақтағысына бұрыла беріп қаз-қатар тізіліп жатқан қыздарға көзін салып өтті. Диванға сұлқ құлаған бойда, көзі ілініп бара жатты да, селк етіп оянып, көзін ашып алды. Бейбіткүлді ойлады. Әдемі қыз. Бұрын қалай байқамаған. Бағана маған қарап жымиды ғой… Орнынан жылдам тұрып, есікке таяу барды. Аяғының ұшымен басып, тықыр­латпай жүруге тырысқан, бірақ бір жағына ауып кетіп, қабырғаны сүзіп өтті. Құлағын төсеп, тың тыңдады. Тым-тырыс. Бәрі ұйқыда.

«Оянып кетсе су ішуге бара жатыр­мын дей салам» деп ойлады. Еппен басып, ас бөлмеге өтті. Су ішті. Су ішіп тұрып есіне Бейбіткүлді алды. Төсегі төрде екені есінде. «Жанына барып жата тұрайын». Есіл-дертін шырмап алған осы ой шыдатпай оны Бейбіткүлге қарай итермелей берген. Кухняға көше жарығы өлімсіреп жетіп тұр. Қыз­дар жатқан бөлме қараңғы. Ас бөлмеден қолына пышақ ұстай шықты. Неге алды? Білмейді. Мастығы тарқамаған. Қабырғаны сүйкеп Бейбіткүлге жетті. Жанына қисайып, аз-кем тың-тыңдады. Дем алысы білінбейді. Қызық. Қыз­дар қалай тым-тырыс ұйықтайды, а? Жантайып жатқан күйі көрпе астына сұққан қолы Бейбіткүлдің бұлтиған кеудесін тапты. Ерніне ерні тақалғанда, ып-ыстық демі бетін шарпыды. Былдыр­лап әлдене дейтіндей. Сөзі анық емес. Түсінбеді. Сірә, жанына жағып жатыр-ау. Бөксесіне аяғын артып, кеудесіне қарай өрмеледі. Сол сәт қыз селк етіп оянып кетіп, бұлқынып берсін. Айқайлауға үлгертпей, кеудесіне мініп алып, аузын алақанымен жаба қойды. Тыныштала ма деп еді, анау қоятын емес, «жат тыныш… өлтірем» деді құлағына сыбырлап. Сол қолы қыздың аузында, екінші қолындағы пышақты алқымына батыра тіреді. Қыз болса, босанып кеткісі келіп, басын шайқай берді. Сол сәт есік жақтан «Әй, не істеп жатсың?» деген ащы айқай шаңқ етіп оқыс шықсын. Осы айқай тұла бойындағы долы мінезін оятып жіберіп, еңсесін тіктеп алды. Өзіне қарай қабыланша атылған қарайғанға жан дәрменімен пышақты сілтеп қалды. Қара қабылан ах деп, бір дыбыс шығарып жығылып түсті. Тақымының астында бұлқынып жатқан тазы боп сезілгені. Тұншыға қыңсылап, шеңгелін салып аяусыз тырналап жатыр. Босап кетсе талап тастары анық. Жанталасып басынан ұра беріпті, ұра беріпті. Ол қимылсыз қалып еді, жанына қарауытқан әлдене жақын кеп қалғанын байқады. Жағасынан ала кетіп, баспен соқты. Өзінің де көзінен ұшқын төгіліп, шөгіп отыра кеткен екен, дәл жанынан шыңғырған тосын дауыстан шайтаны шошынып, басы шыр көбелек айналды. Бір бүйірге қисайып құлап бара жатып қолына былқ етіп, әлдене ілікті. Соны ала салып, шыңғырып жатқан түсініксіз мақұлықтың үстіне жығыла кетті. Оның қалжасы шағын көрінді, бірер әлсіз бұлқынып барып тыншыды. Одан арғысы бұлыңғыр.

***

Б

ір мезгілде есін жиса, бет-аузы дуылдап ашып барады. Оң қолының алақаны да шым-шым сыз­дайды. Өзінің қайда жатқанын білмей, бірауық аңтарылып, түкті де түсінбей отырып қалды. Басы істеп тұрған жоқ. Жан-жағына үңіліп қараса, мәссаған… шошып кетті. Қайраттың үйі! Сипалап жүріп түймені тапты да, сырт еткізіп еді, жарық жанбады. Қалтасында газды шақпақ бары есіне түсіп шақпақтың жыланкөз фонарын жағып кеп қалғанда Бейбіткүлдің қан-қан болған бетін көрді. Көзі аларып қатып қалыпты. Сасқалақтап, айналдыра түсірген жарығы әр қыздың жүзіне бір-бір аялдады. Көкірегі суынып бара жатты. Өліп қалған. Төртеуі де. Өзінің де үсті-басы қан-қан. Төбе шашы тік тұрды. Зәресі ұшып, жүрегі қалтырап кетті. «Қайрат өлтіреді! Турап тастайды!» Басына алғаш келгені осы ой. Арақ ішсе есінен танып қалатыны бұл бір емес, талай болған. Талай рет төбелес шығарған, талай рет өзі де өліп қала жаздаған. Ақыры мынау…

Қайтерін білмей, ақылы алжасып, отырып қалыпты. Таң жақын қалғаны терезеден түскен сәуледен аңғарып, бұл арадан қарасын тезірек батыру керегін ұққан.

***

М

үсірепханұлының қаны мен бет терісінен үлгі алып Төлегенұлының Алматыға аттанғаны алғашқы тергеуден кейін. Бұның алдында оның жақын-жуығын, көрші-көлемін, бірге жүрген дос-жарандарын, мектепте сабақ берген мұғалімдерін, бірге оқыған кластастарын сұраққа тартып, оның әлеуметтік, мінез-құлық портретін жасаған-тұған. Сонда білгені, бұған жастай таңылған лақап ат – Деспот. Мысық-күшіктің мойнын бұрап, қан қақсататын қылығына бола солай атапты. Төбелестен қайтпайды. Кекшіл. Мектепті орташа үлгеріммен аяқтаған. Ұрлық жасап, алты ай түрмеде отыр­ған. Әкесіз өскен. Шешесі мұғалім. Отбасында өзінен төрт жас үлкен әпкесі ғана бар.

Шешесімен де сөйлесті. Ол алға­шын­да ұлына шаң жуытпап еді. Кейін мінезі тентек екенін мойындады. Бірақ, төрт қызды өлтірді дегенге еш сене алмайды. Өйткені, ол әулетпен қарым-қатынасы жақсы, қыздардың нағашы ағасы Қайратпен дос.

– Мүмкін емес… өз бауыры сияқты ғой бұл қыздар, – деді анасы дес бермей. Әпкесі Әсия да илана алмайды. Оның да алға тартатыны мамасы айтқан уәж. Тергеуге Бақыт Қайыркешқызы да қатысып отырған. Ол:

– Талғат мойнындағы алтын алқаны қашаннан бері тағатын еді? – деп сұрады. Осы сұрақты қалай қоюды алдын ала қатты ойланған. Өйткені «Ұлыңызда алтын алқа бар ма еді?» деп шешесінен сұрағанда, «жоқ» деген жауап алған. «Қап, – деп сонда қатты өкінген-ді. – Тәжірибелі тергеуші де солай сұрай ма екен? Жоқ деген жауапты тілеп тұрған сұрақты қоймау керегін білмейтін шөже тергеуші ме ем! Әттеген-ай!» Осылай деп өзіне-өзі кейіген. Енді әпкесі де «онда алтын алқа болған жоқ» дей ме деп, іштей қылпылдап-ақ отыр.

– Туған күніне жездесі екеуміз сыйлап едік, – деді Әсия бөгелмей.

– И-йи, айналайын-ай, қыз деген осы ғой, туған бауырды ойлап жүретін, – деді Бақыт Қайыркешқызы өзін жайбарақат ұстауға тырысып. Әйтсе де жүрегі жарылардай қуанып бара жатты. Әсияның алдына дайындап әкелген төрт алтын алқаны қойды. – Мыналардың қайсысы Талғаттікі?

Әсия көп ойланбай, үзілген жіңішке алқаны көрсетті.

***

С

от-биологиялық сараптамаға тапсырылған алқаға сіңген тер-май бөліністерінің Мүсірепханұлына тән екені анықталды. Бұл айыпталушының сол үйде болғанының дәлелі. Оны өзі де мойындады. Үйден шыққан соң дария жаққа барған. Ал киімін қайда тастағанын айта алмайды. Сол арасы есінде емес. Білмейді. Күмәнданайын десе, бұдан басқасының бәрін өз аузымен айтып отыр. Ал өңгесін білгенде осы жерін ұмытып қалғаны қалай? Мүмкін емес. Әйтеуір күндердің бір күнінде айтатын сияқты. Тергеуші Бақытханның ішкі түйсігі солай дейді. Кезекті тергеуді сеніммен бастағаны содан. «Мұғалімдерің сені мақтап жатыр» деді әңгіме ауанын жайма шуақ бастап. Бос әңгіме тәрізді, әрине. Осы бос әңгіменің кейде құпия ақпаратқа алып баратын кезі болады. Кеше махаббат құрып жүрген медбике қызың мақтаған: «Әдемі, қылықты қыз екен. Жұріс-тұрысы ұнады» деп. Мұндай әңгіме айыпкер жігіттің жүрек қылын қозғайтыны анық. Айдан астам тас қапаста отырған адамға еркін өмірдің әңгімесі қалай әсер етеді десеңші.

– Айтпақшы, сен сол күні дария жаққа бардым дедің. Есіңе түсірші, киіміңді қайда шешіп тастадың? – деп енді Бақытхан негізгі тақырыпқа ойыса бастады. Бір ай бойы айтқыза алмай келе жатқан жалғыз сұрақ осы.

Адам деген қара тас емес, ет пен сүйектен жаралған тірі жан. Оған бәрі әсер етеді. Әсіресе, еркіндігі шектелгенде жүйкесі жүндей түтіледі. Бір сұрақты әңгіме арасында ұмыттырып барып әлденеше мәрте қойғанда оған берілген жауаптар әртүрлі болса, онда айыпкер шындықты жасырып отырғаны. Бір өтірігін ұмытып, екінші бір өтірікке көшкені. Адамның басында шындық қана тұрақтай алады. Өтіріктің табаны қашан да тайғанақ. Осы қағидаға сүйенсе, Мүсірепханұлының анық айта алмай отырғанының жаны бар сияқты. Егер олай болса, жадын жаңғырту қажет.

Бірақ қалай? Бұл енді кез келген тергеушінің қолынан келе бермейді. Айыпталушыны қылмыс жасаған кездегі психологиялық қалпына жеткізе алса, біраз нәрсе есіне түсуі тиіс. Ол үшін ұйықтатпай шаршатса, жүйкесін шиыршық аттырса, бір нәтижеге жетуі мүмкін.

Түнгі сағат төрт болып қалған екен. Өзі де, айыпкер де қалжырады.

– Саған мыналар шәй берді ме бүгін? – деп қамқорси тіл қатты. – Жігіттер, шәй беріңдерші, шөлдедік.

Абақты қызметкерлерін жұмсап алды.

– Күні бойы жұмыс… кешкі асымды іше сала саған келдім. Ертең тағы қағаз қарауым керек. Есіңе түсіруге тырыссай. Жарайды, мә шәйіңді ішіп ал.

Мүсірепханұлы тіл қатпады. Алайып бір қарады да, қолын күрешкіге созды.

– Сен сол күні жеті жүз грамм арақ ішкенсің, таңертең басың ауырған шығар, ә? – деді тергеуші алыстан орағытып.

– Ауырды. Басым да, ішім де ауырды, – деді ол.

– Ішіңе соққы тиіп пе еді?

– Жоқ, ішім өтті. Самопал жақпады-ау.

– Сол пәтердің дәретханасына шықтың ба? – деді тергеуші елеңдей қалып. Унитазды сот-биологиялық сараптамаға тапсырса деген ой келді басына. «Пәтер жабық. Адам жоқ. Жуылып кете қоймаған шығар».

– Жоқ, даладағы… жер туалетке бардым.

– Қай жердегі?

– Білмеймін. Әйтеуір туалет.

Бақытхан Төлегенұлы әңгімені аяқтап, тысқа шықса, таң хабары білініп, шығыс жақ бозара бастапты. Дария беттен мешіт мұнарасы ағараңдап көзге шалынды. Бұл бағыт кіл бес қабатты үй, дәретхана болуы мүмкін емес.

– Кеше шаршап, ұйқым кеп отырып дұрыс тыңдамаппын. Сонда не дедің, ішім ауырғасын бір туалетке бардым деп едің ғой. Қай жерде ол? – деді тергеуші Төлегенұлы келесі күнгі тергеу соңында. Қан болған киімдерін сонда тастады ма екен деп ойлап.

– Ол… ол…

– Сен адамды адастырып, жынды ғып тұрсың? Этаж үйлердің арасында қайдағы туалет?

– Бір көшеден өттім. Алдымда бір үй тұрды. Қорасы бар. Со жерде.

Тысқа шықты. Дала ағарып қалған. Маңайы анық көрінеді. Міне қылмыс болған үй. Көшеден өтсе мұғалімдердің білім жетілдіру институты. Дуалмен қоршаған. Қораның бұрышы үңірейіп құлап қалған, жаяу соқпақ үстімен өтеді. Соқпақ бойымен инс­титут үйін айналғанда тал арасынан қарауытып ағаш дәретхана көрінді. Жүрегі лүпілдеп, аузына тығылды. Сол… сол шығар?! Аяғын жедел басып жетті. Титімдей фонарын жағып, төменге жарық түсірді де, қалт тұрып қалды. Көзі бұлдырап кетті ме немене… үңіліп қайта қарады… рас… сол. Соның дәл өзі! Ораулы жатқан үлкен сүлгі. Көк түсті киімнің шеті көрінеді. Сынған пышақтың сабы сусып шығып қалған. Міне, саған вещдок! Қуанышы қойнына сыймай, көзінен жас ыршып кетті. Басқарма ғимаратына қарай тұра жүгірсін. Жас парлаған көзін жеңімен әлсін-әлсін сүртеді. Екі айға жуықтап қалды, осы іс жатса-тұрса ойынан кетпегелі. Іс қағаздары том-том болып қалыңдап барады. Бітпейтіндей, өмірі ашылмайтындай көрінген. Жүйкесі қанша жұқарды. Алматыға қанша қатынады.

Кабинетке келе сала табылған заттарды алу қағазын толтыра бастап еді, есік шалқасынан ашылып, біреу кіріп келді. Мүсірепханұлының шешесі! Түрі өрт сөндіргендей. Соңынан қуып келгені көрініп тұр.

– Айналайын, өтінем… аяғыңа жығылайын… – деді алқынып. Көзінде жас. Басына салған орамалы желкесіне қарай ысырылып кеткен, шашы қобырап тұр. Екі қолын алға созып, кемсең-кемсең етеді.

– Апай…

– Анамын ғой… сенің де анаң бар шығар, түсінші айналайын… жаңа көргеніңді көрдім демеші… түрмеде жатса да тірі жүрсін… онсыз да жиырма жылға кетіп тұр ғой… аһ, жүрегім… түнімен ұйықтай алмай… таң ата көшеге шығып ем… өзіңді көрдім… артыңнан барсам… айналайын, құлың болайын, көрдім демеші… көрдім десең атып тастайды ұлымды… анасымын ғой мен… атып тастаса, қалай өмір сүрем, қалай жер басып жүрем…

Бақытхан солқылдап жылап жіберген әйелге не дерін білмей, қолтығынан демей беріпті.

***

1998

 жылғы шілденің 6-сында осы іс бойынша Қызылорда облыстық соты Қазақстан Рес­публикасы атынан үкімін жариялады. Сотталушы 1975 жылы туған Талғат Мүсірепханұлы Қылмыстық кодекстің бірнешел бабы бойынша кінәлі деп табылып, өлім жазасына кесілді.

 Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ,

полиция полковнигі

Қызылорда қаласы

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...