Еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап сот жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сот жүйесін жетілдіруде сот ісін ұйымдастырудың халықаралық стандарттарын қамтамасыз ететін заң нормалары қабылданды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 27 желтоқсанда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Өзге өркениетті елдердегідей бүгінгі заман ағымы өмірімізге алқабилер сотын енгізуді талап етті. Біздің еліміздің 2010 – 2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында алқабилер сотын енгізу көзделген. ҚР Конституциясының 75-бабының 2-бөлігінде, заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылатыны қарастырылған.
ҚР 2019 жылдың 27 желтоқсанындағы №292-VI заңына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтар құрамдарын алқабилер қатысатын соттың қарауына жатқызу туралы ережелері 2023 жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қылмыстық процестік кодекстің 631-бабының талабына сәйкес,
- Сот:
1) төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру;
2) бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы, конституциялық құрылыстың негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар;
3) террористік және экстремистік қылмыстар;
4) соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар;
5) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар туралы істерді қоспағанда, аса ауыр қылмыстар туралы істерді алқабилердің қатысуымен қарайды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 125 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 128 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 160, 163, 164 (екінші бөлігінде), 168, 380-1 (екінші бөлігінің 6) тармағында) баптарында көзделген қылмыстарды да сот алқабилердің қатысуымен қарайды.
Алқабилер сотының ерекшелігі – ол сот төрелігін жүзеге асыруға кәсіби судьямен бірге арнайы құқықтық білімі жоқ, заңда белгіленген шектеулерден өтіп арнайы таңдап алынған қоғам өкілдерінің қатысуы.
Алқабилердің қатысуымен өткен сот процестері, алқабилердің қатысуымен қаралған істер өте жоғары деңгейде өтеді. Өйткені, алқаби құрамындағы қарапайым адамдардың көзін жеткізу үшін мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушының уәждері мен дәлелдері өте сауатты әрі нанымды болуы қажет.
Алқабилер қарапайым халықтың өкілі. Сондықтан, халық атынан сотқа қатысып отырғандықтан олардың жауапкершіліктері аса жоғары болуы шарт.
Алқабилер соты, соттың әділ өтуіне ықпалын тигізеді, бұл жүйе халықаралық стандарттарға жақын, сотқа қатысушы тұлғалар құқықтық жағынан барынша қорғалады, сотқа деген қоғамның күмәнді көзқарасы өзгереді. Сонымен қатар, бұл сот
жүйесін одан әрі жетілдіре түседі.
Қазіргі таңда қабылданған заңдарға сәйкес алқабилердің қатысуымен қаралатын істер, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткізіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауында да алқабилер сотына баса мән беріп, алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Судья алдын ала тыңдауды сотталушыларды, соның ішінде өздеріне iстi алқабилердiң қатысуымен қарау құқығы тиесілі емес сотталушыларды және олардың қорғаушыларын мiндеттi түрде қатыстыра отырып, жеке-дара өткiзедi.
Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш хат мәлімделмесе, судья сотталушыға оның осы сот отырысында тікелей мәлімделуі мүмкін екенін түсіндіреді. Сотталушының ауызша өтініш хаты сот отырысының хаттамасына енгізіледі, жазбаша өтініш хат іске қоса тігіледі. Сотталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өз өтініш хатынан бас тартуы, сондай-ақ, оның осындай өтініш хатты мәлімдегісі келмейтіні сот отырысының хаттамасында, не іске қоса тігілетін сотталушының жазбаша өтініш хатында көрсетіледі.
Егер сотталушы өз ісiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiш хатын растаса, онда судья осы өтiнiш хатты қанағаттандыру туралы шешiм қабылдайды. Бұл ретте басқа сотталушылардың пікірі ескерілмейді және мемлекеттiк айыптаушы, жәбiрленушi, сотталушы және оның қорғаушысы мәлiмдеген басқа өтiнiш хаттарды қарауға көшедi. Судьяның iстi алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы мәселе жөніндегі қаулысы түпкiлiктi болып табылады. Одан әрі қаулы сотталушының ұстанымының өзгеруіне орай қайта қаралмайды.
Егер сотталушы істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш хат мәлімдесе немесе бұл туралы бұрын мәлімделген өтініш хатты растаса, судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда iстi алқабилер қатысатын соттың қарайтынын көрсетедi және осы сот отырысына шақырылуға жататын алқабиге кандидаттар санын айқындайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиiс.
Судья істi алқабилер қатысатын соттың қарауына тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетiлген алқабиге кандидаттарды iрiктеу үшiн олардың сот отырысына келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм бередi. Хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi.
Кандидаттар ішінен алқабилердi iрiктеу Қылмыстық-процестік кодекстің 639-бабының талаптарына сай жүзеге асырылады. Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың саны жиырма бестен кем болса, не олардың кейбiрiн сот талқылауына қатысудан босатқаннан кейiн немесе төрағалық етушi судья өздiгiнен бас тартулар мен қарсылық білдірулерді қанағаттандырғаннан кейiн олар он жетiден азайып қалса, төрағалық етушi сот отырысының хатшысына, алқабиге кандидаттар құрамының жетiспейтiн санын біріңғай және қосалқы тiзiмнен толықтыру туралы өкiм бередi. Бұл жағдайда сот отырысында алқабиге біріңғай және қосалқы кандидаттарды шақыру үшiн үзiлiс жарияланады.
Ең бастысы, алқабилер қатысуымен қаралатын сот процестерінің ізгілікті және әділдікті арқау ететіні халыққа үлкен сенім ұялатады.
С.Аяпов,
Жәнібек аудандық сотының судъясы
Батыс Қазақстан облысы