ТӨРЕЛІК ЕТКЕН ТУРА БИ: МҰРАТ СҮЛЕЙМЕНҰЛЫНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ЖОЛЫ

Абыройлы доғарыстағы судья, сот саласының сыйлы ардагері Мұрат Жақыпбеков 70 жаста

«Ханда қырық кісінің ақылы болса,
Биде қырық кісінің ары мен иманы бар»

Қазақ халқы ежелден әділдік пен туралықты ту еткен билерді ерекше қастерлеп, олардың сөзіне тоқтаған. Сот жүйесі — мемлекеттің басты тірегі, заң үстемдігінің кепілі. Ал осы саланың дамуына, заңдылық пен құқықтық тәртіптің орнығуына өмірлік күш-жігерін сарп еткен тұлғаларды ұлықтау — ұрпақ парызы. Бүгінде абыройлы доғарыста жүрген, саналы ғұмырын заң саласына арнап, пайғамбар жасынан асқан шағында өзінің 70 жылдық асқаралы мерейтойын сот саласының сыйлы ардагері Мұрат Сүлейменұлы Жақыпбековтің есімі елге кеңінен танымал.

Данышпан Сократ: «Барлық мамандықтар адамдардан, тек үшеуі ғана Құдайдан – дәрігер, мұғалім және сот» деген екен. Бұл сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі адам тағдыры таразыға түсетін сәтте әділдіктен аттамай, заң мен ар-ұждан алдында таза болу — тек нағыз майталман мамандардың ғана қолынан келетін іс. Мұрат Сүлейменұлы сот саласындағы ширек ғасырдан астам қызметінде дәл осындай биік талаптарға сай болып, «судья» деген қасиетті атты нық ұстап өтті.

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»

Өнегелі өмір белестері мен еңбек жолы.

Мұрат Сүлейменұлы 1956 жылы қасиетті Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Жастайынан білімге, әділеттілікке құштар болған ол заңгер мамандығын жүрек қалауымен таңдап, 1978 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің (қазіргі Е.А. Бөкетов атындағы зерттеу университеті) заң факультетіне оқуға түседі. 1983 жылы аталған іргелі оқу орнын сәтті бітіріп, өзінің алғашқы еңбек жолын прокуратура саласынан бастайды.

1983-1992 жылдар аралығында Жезқазған облысы Приозерск ауданы прокурорының көмекшісі, ал 1992-1993 жылдары осы аудан прокурорының бас көмекшісі лауазымдарын абыроймен атқарады. Прокуратура қабырғасында шыңдалған заңгерлік біліктілік пен бай тәжірибе оның келесі үлкен белесіне — судьялық қызметке жол ашады.

1993 жылы Мұрат Сүлейменұлы өмірлік мақсатына айналған сот саласына түбегейлі бет бұрып, Приозерск аудандық сотының судьясы болып тағайындалады. Ал 1994 жылы Қарағанды облысы Балқаш қалалық сотының судьясы қызметіне ауысып, осы лауазымда тапжылмастан, үздіксіз 26 жылдан астам уақыт бойы мінсіз қызмет атқарады. Ол қызметті мансап емес, халықтың аманаты деп білді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 231 Жарлығымен абыройлы доғарысқа — еңбек демалысына шықты.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»

Мұрат Сүлейменұлы қызмет атқарған жылдарында даулы мәселелердің түйінін әділ шеше білуімен, сот әдебі кодексін бұлжытпай сақтауымен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленді. Оның сот жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегі мемлекет және сот қоғамдастығы тарапынан жоғары бағаланды. Оның дәлелі ретінде мынадай марапаттарын мақтанышпен атап өтуге болады:

2012 жылдың 05 желтоқсанында Жоғарғы Сот төрағасының құрмет грамотасымен, 2013 жылдың 09 қаңтарында Қарағанды облыстық сот төрағасының алғыс хатымен, 2019 жылдың 26 шілдесінде Судьялар Одағының құрмет грамотасымен, 2019 жылдың 23 тамызында Жоғарғы Соттың III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, 2022 жылдың 21 маусымында «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» медалімен, 2022 жылдың 23 қарашасында «Судьялар Одағының құрметті мүшесі» төсбелгісімен және 2024 жылдың 13 қыркүйегінде  «Үш би» құрмет белгісінің иегері.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»

Ұлы Абай айтқандай, өмірден көрген-түйгені мол Мұрат Сүлейменұлы жастарға ақыл-кеңес айтудан, білгенін үйретуден ешқашан жалыққан емес. Шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, қызмет барысында өзінің бай тәжірибесін жас судьялармен бөлісуге әрқашан дайын тұратын. Көптеген жас мамандарды тәрбиелеп, олардың сот саласында сара жол салып, білікті маман болып қалыптасуына тікелей ықпал етті. Ол тәрбиелеген шәкірттер бүгінде еліміздің әртүрлі сот сатыларында әділдік туын жоғары ұстап, ұстаз сенімін ақтап келеді.

Қызметтен тыс өмірде Мұрат ағамыз — отбасының берік тірегі, үлгілі отағасы, аяулы әке және немерелеріне өнегелі ата. Өмірлік жары екеуі ел сыйлайтын ұл-қыз тәрбиелеп өсірді, бүгінде олардың қызығына тоймай отырған жайы бар. Мерейтой иесінің кең жүрегі, кішіпейілділігі мен парасаттылығы әріптестері мен замандастары арасында үлкен құрметке ие.

Ардагер судья, парасатты ағамыз Мұрат Сүлейменұлы Жақыпбековті асқаралы 70 жасқа толған мерейлі мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Мағыналы да мәнді ғұмыр, мықты денсаулық, отбасына бақ-береке, құтты қуаныштар тілейміз. Салған әділдіктің сара жолы — өскелең ұрпаққа әрқашан өнеге болып қала бермек!

Қарағанды облысы Балқаш қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы, судья А.Х.Жандильдина

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі: құқықтық мәртебесі мен басымдылығы

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің құқықтық мәртебесі,...

Кассациялық сот – маңызды реформа

Кассациялық сот – соттардың заңды дұрыс қолдануын тексеретін жоғарғы...

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – басты міндет!

Сыбайлас жемқорлық – мәртебесі мен даму деңгейіне қарамастан барлық...

Апостиль – ресми құжаттарға қойылатын мөртаңба.

Апостиль – бұл жай ғана мөр емес. Ол –...