Қазіргі таңда әлем елдері үшін тұрақты даму мақсаттары тек халықаралық күн тәртібі ғана емес, қоғамның сапалы дамуын айқындайтын негізгі бағдарға айналды. Экономикалық өсім, әлеуметтік теңдік, экологиялық қауіпсіздік және құқық үстемдігі сияқты маңызды бағыттар бір-бірімен тығыз байланыста қарастырылып, кешенді түрде іске асырылуы қажет. Бұл ретте жоғары білім беру жүйесінің рөлі айрықша, себебі дәл осы ортада болашақ мамандар қалыптасып, қоғамның жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне негіз қаланады.Осы бағытта еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру жүйелі түрде жолға қойылған. Университеттің білім беру үдерісі, ғылыми зерттеулері мен қоғамдық бастамалары жаһандық күн тәртібімен үйлесім таба отырып, нақты нәтижелерге бағытталған.
Білім беру мазмұнының жаңғыруы тұрақты дамудың басты тетіктерінің бірі. Университет қабырғасында оқытылатын пәндер мен білім беру бағдарламалары тек кәсіби дағдыларды қалыптастырумен шектелмей, студенттердің экологиялық, құқықтық және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Мәселен, оқу үдерісінде тұрақты даму қағидаттарын қамтитын арнайы курстар енгізіліп, жастардың жаһандық мәселелерге деген көзқарасы кеңейтілуде.Аталған шара өз кезегінде саналы әрі жауапты азаматтарды қалыптастыруға ықпал етеді.
Ғылыми-зерттеу қызметі де тұрақты даму мақсаттарымен тығыз байланыста жүзеге асырылып келеді. Әртүрлі бағыттағы ғылыми жобалар экологияны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану, энергия үнемдеу, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелерді қамтиды. Зерттеулердің нәтижелері тек теориялық деңгейде қалмай, тәжірибеде қолданылып, қоғам игілігіне қызмет етуде. Студенттік ортада да тұрақты даму идеялары белсенді түрде насихатталуда. Жастардың бастамасымен ұйымдастырылатын экологиялық акциялар, қайырымдылық жобалар, құқықтық ағарту шаралары қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Мұндай іс-шаралар студенттердің азаматтық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырады. Университет қабырғасында қалыптасқан бұл тәжірибе кейін кәсіби қызметте де жалғасын табатыны сөзсіз.Әсіресе құқық саласында білім алып жатқан жастар үшін тұрақты даму мақсаттарының маңызы ерекше. Қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділдік қағидаттарын сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғаутұрақты дамудың негізгі шарттарының бірі. Осы тұрғыда заң факультетінде жүргізілетін оқу және тәжірибелік жұмыстардың маңызы зор. Студенттер теориялық біліммен қатар, заң клиникалары арқылы нақты азаматтарға құқықтық көмек көрсетіп, тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар, университеттің халықаралық ынтымақтастығы да тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда маңызды рөл атқарады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен жобалар, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, халықаралық конференциялар мен форумдар тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Цифрландыру үдерісі де тұрақты дамудың ажырамас бөлігіне айналып отыр. ҚазҰУ-да білім беру процесін цифрлық форматқа көшіру, электронды ресурстарды дамыту және заманауи технологияларды енгізу арқылы оқыту сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Жалпы алғанда, тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бір реттік шара емес, үздіксіз жүргізілетін кешенді жұмыс. Бұл бағытта жоғары оқу орындарының үлесі ерекше, себебі олар тек білім беріп қана қоймай, қоғамның интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал етеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қалыптасқан тәжірибе осының айқын дәлелі.Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру – болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етудің негізгі кепілі. Бұл жолда білім мен ғылымның, жауапкершілік пен жаңашылдықтың үйлесуі аса маңызды. Университет қабырғасында бастау алған игі бастамалар қоғамның барлық саласына оң әсерін тигізіп, елдің тұрақты дамуына өз үлесін қосуда.
Усеинова К.Р
Әл—Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.к.


