Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «АГРО Балтабай» ЖШС өндірістік алаңы Тұрақтандыру қоры бағдарламасы аясында аймаққа сиыр етін жеткізуді жүзеге асырып келеді. Кәсіпорын ірі қара мал өсіру, бордақылау, сою және ет өндірумен айналысады. Өндірістік база Қырбалтабай ауылдық округінде 13 гектар аумақта орналасқан. Бүгінде бордақылау алаңында қазақтың ақбас тұқымды 6 мыңнан астам ірі қара ұсталады.
«АГРО Балтабай» ЖШС мен «Қонаев» ƏКК арасындағы ынтымақтастық 2024 жылы басталды. Осы уақыт ішінде тұрақтандыру қорының тетігі арқылы Алматы облысының тұрғындарына белгіленген бағамен 342 тоннадан астам сиыр еті жеткізілді. Қазіргі таңда əлеуметтік маңызы бар сиыр етінің өндірушіден босату бағасы бір келісі үшін 2 900 теңгені құраса, серіктес сауда орындарындағы бөлшек сауда бағасы 3 335 теңгеден аспайды. Жоба «Қонаев» ƏКК» АҚ тарапынан 2027 жылдың наурызына дейінгі мерзімге берілген 500 млн теңге көлеміндегі қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылуда. «ƏКК-нің басты міндеті – тұрғындардың əлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін нарықтағы маусымдық баға ауытқуларына қарамастан əділ əрі тұрақты бағамен сатып алуына жағдай жасау. Жеңілдетілген қаржыландыру тетігі өндірушілерге өнім жеткізу көлемін тұрақты сақтауға, ал халыққа отандық сапалы өнімді белгіленген бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Біз мұндай өнімдердің облыс тұрғындарының барынша көп бөлігіне қолжетімді болуы үшін өткізу географиясын кеңейтуді жалғастырып жатырмыз», – дейді «Қонаев» ƏКК» АҚ Азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Дианна Мұқашева. Оның айтуынша, тұрақтандыру қорының негізгі мақсаты – өңір тұрғындарын қолжетімді бағамен əлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету. Бүгінде белгіленген бағамен сиыр етін Талғар ауданының Еңбекші ауылындағы «Верный-5» ауыл шаруашылығы базарынан, Қонаев қаласындағы «Жетісу» базарынан, сондай-ақ мамандандырылған сауда нүктелерінен сатып алуға болады. «ƏКК тарапынан көрсетілетін қолдау бізге өндіріс процесіне толық көңіл бөліп, қысқа мерзімді баға өзгерістеріне тəуелді болмауға мүмкіндік береді. Соның арқасында біз сапалы сиыр етін белгіленген бағамен үздіксіз жеткізіп отырамыз. Біз үшін облыс тұрғындарының отандық өндірістің жаңа əрі сапалы өнімін қолжетімді бағамен сатып алуы маңызды», – дейді «АГРО Балтабай» ЖШС басқарушы директоры Александр Пак. Оның сөзіне қарағанда, «Қонаев» ƏКК»-мен ынтымақтастық кəсіпорынға өндірісті сенімді жоспарлап, өнімді тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «Қонаев» ƏКК мамандары Қонаев қаласында əлеуметтік ет сататын қосымша сауда нүктелерін ашу мəселесін пысықтап жатыр. Мұндай жобаларды іске асыру бір мезгілде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, Алматы облысының тұрғындарын қолжетімді бағамен сапалы өніммен қамтамасыз етуге жəне өңірдің азық-түлік нарығындағы баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Əсем САТҚЫНОВА


