Қазақстанда тұрғын үй мәселесі халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін маңызды салалардың бірі болып табылады. Сондықтан мемлекет тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырып келеді.
Еліміздің тұрғын үй саясатының негізгі мақсаты – халықтың əртүрлі əлеуметтік топтарына қолжетімді əрі сапалы тұрғын үй ұсыну. Бұл бағытта мемлекет ипотекалық бағдарламаларды дамытып, тұрғын үй құрылысын арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Соның нəтижесінде соңғы жылдары көптеген жаңа тұрғын үй кешендері салынып, азаматтардың баспаналы болуына мүмкіндік жасауда. Тұрғын үй саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың рөлі ерекше. Бұл бағыттағы негізгі жұмыстарды Қазақстан Рес публикасы Өнеркəсіп жəне құрылыс министрлігі жəне жергілікті əкімдіктер атқарады. Мемлекет тұрғын үй құрылысын көбейту, ипотекалық бағдарламаларды дамыту жəне əлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету арқылы халықты баспанамен қамтамасыз етуге тырысуда. Бұл саясаттың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатта 2026 жылы да бірқатар мемлекеттік бағдарлама жұмысын жалғастырады. Осы ретте арнайы сайттардағы мəліметтер бойынша қандай бағдарламалармен баспана алуға болатынына шолу жасасақ. Отбасы банкінің мəліметінше, «Наурыз» бағдарламасы кемінде 2031 жылға дейін жұмыс істейді. Бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлеме – 9%, ал əлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 7% болып белгіленген. Астана мен Алматыда – 36 млн теңгеге, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін. Қарыз мерзімі – 19 жыл. Өткен жылы «Наурыз» ипотекасында бір орынға төрт адам үміткер болған екен. 2026 жылға жаңа өтінімдер қабыл дау басталды. Өтінімдер 31 наурызға дейін қабылданады. Алғашқы жарна дайын пəтер үшін 20% болмақ. Несие сомасының шегі «Отбасы банкінде» 2 млн-нан кем болмауы керек дейді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Лəззат Ибрагимова. «Наурыз жұмыскер» ипотекасы да алдағы алты жыл бойы сақталады. Бағдарлама өнеркəсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика жəне су ресурстары саласында жұмыс істейтін азаматтарға арналған. Шарттары «Наурыз» ипотекасымен бірдей. Осы көктемде жаңа өтінімдер қабылданады деп күтіледі. Мемлекеттік «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы да биылғы жылы жалғасады. 5 қаңтарда көлемі 25 млрд теңге болатын жаңа транш бөлінген екен. Бағдарлама бойынша мөлшерлеме – 7%, алғашқы жарна 20%-дан бастап, несие мерзімі 25 жылға дейін деп белгіленген. Максималды қарыз сомасы өңірлерге қарай белгіленген: – Астана, Алматы жəне олардың маңындағы елді мекендерде, сондай-ақ: Ақтау, Атырау, Шымкентте – 30 млн теңге; Қарағандыда – 25 млн теңге; басқа өңірлерде – 20 млн теңге. Биыл несие лимиттері ұлғайтылған. «Ұмай» əйелдер ипотекасы 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланғанымен, басталмай қалды. Қазір бағдарлама 2026 жылы қайта іске қосылады деген болжам бар. Алайда қаржы көлемі мен нақты мерзімі əзірге жарияланған жоқ. «Жасыл ипотека» – Отбасы банкінің энергоүнемдейтін əрі экологиялық талаптарға сай тұрғын үйді сатып алуға арналған бағдарламасы. Мұндай тұрғын үйлер LEED, BREEAM, ГОСТ немесе OMIR сертификатына ие болуға тиіс. 2025 жылы бағдарлама аясында 570 несие рəсімделіп, жалпы көлемі 14,7 млрд теңгені құраған екен. 2026 жылы да бұл бағыттағы ипотека жалғасады. Бағдарлама бойынша қарыз сомасы – 50 млн теңгеге дейін, алғашқы жарна 20%-дан бастап (тұрғын үй төлемдерін алатындар үшін – 15%). Пайыздық мөлшерлемесі 12,5% болса, қарыздың 50%-ы жиналғаннан кейін пайызы 3,5–5% дейін төмендейді. «Жасыл ипотека» бойынша пəтер сатып алуға болатын тұрғын үй кешендерінің тізімі «Отбасы банкінің» ресми сайтында жарияланған. Сонымен қатар «Алматы жастары», «Əскери баспана» бағдарламасы қайта жанданатыны хабарланған. Қазақстанда тұрғын үй саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік бағдарламалар маңызды рөл атқарады. Мысалы, қолжетімді ипотекалық бағдарламалар арқылы жастарға, көпбалалы отбасыларға жəне əлеуметтік осал топтарға баспана алу мүмкіндігі берілуде. Сонымен қатар, жалдамалы тұрғын үй салу арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды қамтамасыз ету шаралары да жүргізілуде. Алайда тұрғын үй саласында əлі де шешімін қажет ететін мəселелер бар. Олардың қатарында тұрғын үй бағасының қымбаттауы, қала халқының көбеюіне байланысты сұраныстың артуы жəне инфрақұрылым мəселелері. Ал қарапайым тұрғындардың пікірлеріне келер болсақ, көптеген азаматтар тұрақты жұмысы бола тұра мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана алуға мүмкіндігі жоқ. Себебі, бағдарламалардың көбінде баспананы қажет ететін жас отбасылар алдымен мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасауы керек, əрине, бірнеше миллиондаған тұрғыны бар үлкен мегаполисте жастардың бəрі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуі мүмкін емес қой. Неше жыл қалада тұрып басқа салаларда жұмыс жасап пəтер жалдап күнелтіп жүрген жас отбасылардың нарықтағы үйлердің белгіленген тариф бо йынша 30-50 пайызын қолма-қол төлеп алуға мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, бағдарламаларға қосылу үшін қалада тұрақты тіркеуде тұруы міндеттеледі. Олардың көбі уақытша тіркеуде. Үшіншіден, кезекте тұрған мұқтаж отбасылардың өзіне де банктердегі баллдық системалар жүйесі де уақытында үйлі болуға мүмкіндік бермеуде. Дегенмен жыл сайын тұрғын үй бағасының қымбаттауы мен кезектің ұзақтығы сияқты мəселелер де бар екені белгілі. Сондықтан мемлекет бұл бағытта жаңа бағдарламалар əзірлесе. Экономист Расул Рысмамбетов тұрғын үй саясаты халықтың əлеуметтік жағдайымен тығыз байланысты екенін айтады. Оның пікірінше, соңғы жылдары мемлекет тұрғын үй құрылысының көлемін арттырып, ипотекалық бағдарламаларды көбейту арқылы азаматтардың баспана алу мүмкіндігін кеңейтуге тырысып келеді. Тұрғын үй – əрбір отбасы үшін ең маңызды əлеуметтік қажеттіліктің бірі. Сондықтан мемлекет қолжетімді ипотека, жалдамалы тұрғын үй жəне əлеуметтік бағдарламалар арқылы халыққа қолдау көрсетуі керек. Құрылыс саласының дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына жəне экономиканың өсуіне ықпал етеді, – дейді сарапшы. Қорытындылай келе, Қазақстандағы тұрғын үй саясаты халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды мемлекеттік саясаттың бірі болып табылады. Алдағы уақытта тұрғын үй құрылысының артуы жəне тиімді бағдарламалардың іске асырылуы арқылы көптеген азаматтардың баспаналы болуына мүмкіндік жасалады деп күтілуде.
Ұлбала ТІЛЕУҚЫЗЫ, журналист


