12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Түркі интеграциясы контексіндегі түркі елдерінің «жұмсақ күші»

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі дәстүрлі «қатал күш» элементтерінен — әскери қуат, экономикалық қысым немесе саяси ықпал ету құралдарынан — біртіндеп мәдени, гуманитарлық және идеялық әсер ету тәсілдеріне қарай ауысып келеді. Мұндай бейқатал, бірақ тиімді ықпал ету механизмдері жиынтығы ғылымда «жұмсақ күш» (soft power) ұғымымен белгіленеді. Бұл түсінік ХХ ғасырдың соңында американдық саясаттанушы Джозеф Най еңбектері арқылы ғылыми айналымға енді және мемлекеттердің сыртқы саяси мақсаттарына мәжбүрлеу емес, тартымдылық, үлгі және құндылықтар арқылы жету қабілетін сипаттайды [1].

Соңғы онжылдықтарда «жұмсақ күш» тұжырымдамасы тек Батыс елдеріне ғана емес, сондай-ақ өркениеттік, мәдени және тарихи ортақтығы бар аймақтық бірлестіктерге де тән құбылысқа айналды. Солардың бірі — түркі елдерінің интеграциялық процестері. Тарихи, тілдік және рухани туыстыққа сүйенетін Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) мен оның алдындағы Түркі кеңесі форматтары қазіргі таңда тек саяси немесе экономикалық мақсаттарға ғана емес, сонымен қатар мәдени-гуманитарлық ықпал ету стратегияларына бағытталған трансұлттық жұмсақ күштің қалыптасу алаңына айналды. Түркі интеграциясының ерекшелігі — оның әскери немесе экономикалық блоктық сипатқа ұмтылмай, ортақ өркениеттік кодтар мен тарихи жадыға сүйенуі, сондықтан да «жұмсақ күш» элементі бұл бірлестіктің өзегіне айналып отыр.

Түркі әлемінің жұмсақ күші туралы айту үшін, алдымен оның мазмұнын, құралдарын және идеологиялық негіздерін айқындау қажет.

Түркі интеграциясы – бұл ең алдымен өркениеттік тұтастықты жаңғырту жобасы. Түркі тілдері, ортақ тарихи тұлғалар, мәдени рәміздер, дәстүрлі құндылықтар мен ислам өркениеті элементтері осы идеологиялық кеңістіктің діңгегін құрайды. Бұл факторлар мемлекетаралық қатынастарда прагматикалық саясаттан гөрі, рухани және мәдени тартылыс күшін қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, түркі елдерінің «жұмсақ күші» ұғымы тек дипломатиялық құрал ғана емес, сонымен бірге ұжымдық бірегейліктің символдық өрісін қалыптастырудың тетігі болып табылады [2].

Тарихи тұрғыда түркі интеграциясының бастаулары ХХ ғасырдың соңындағы геосаяси өзгерістермен тығыз байланысты. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан сияқты елдер сыртқы саяси бағыттарын айқындау барысында, ортақ тарихи және мәдени тамырларға сүйенудің әлеуетін қайта бағамдады. Түркияның белсенді мәдени дипломатиясы, түркітілдес елдермен ынтымақтастықты жандандыру бастамалары, осы кезеңнен бастап «жұмсақ күштің» институционалдық қалыптасуына алғышарт болды. 1992 жылы өткен алғашқы Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті, кейіннен Түркі кеңесінің (2010), ал 2021 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының құрылуы — осы үдерістің кезеңдік дамуының нәтижесі.

ТМҰ аясында «жұмсақ күштің» негізгі құралдары мәдениет, білім, ақпараттық саясат және қоғамдық дипломатия салаларында көрініс табады. Мысалы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Түркі академиясы және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) және 2025 жылы 8 қазанда Алматыда орналасқан «Тұран» университеті жанында халықаралық деңгейде «Түркі әлемінің ғылыми алаңы» ретінде ашылған «Тұран Академиясы» [3] сияқты институттар түркі интеграциясының мәдени және білім беру бағыттарын жүзеге асыруда орталық рөл атқарады. Енді осы жаңадан өз миссиясын бастаған академияның ашылу шарасына Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан және Иран елдерінен ғалымдар, қоғамдық және мәдени қайраткерлер, дипломатиялық миссия өкілдері қатысты. Академияның міндеті – түркі елдерінің ғалымдары мен қоғамдық белсенділерін ортақ ғылыми-мәдени кеңістікке біріктіру, түркі өркениетінің бай мұрасын зерттеу мен насихаттау. Осы бастама түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуды және жастардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруді мақсат етеді. Бұл жоба да жұмсақ күштің академиялық және мәдени арнасын кеңейте отырып, интеграциялық процестерде жаңа символдық және институционалдық табалдырық болып табылады.

TİKA агенттігі — Түркияның жұмсақ күшінің ең көрнекті элементтерінің бірі. Ол тек гуманитарлық көмек көрсетумен ғана емес, сонымен қатар мәдени ықпал мен позитивті имидж қалыптастырумен айналысады [4]. Орталық Азиядағы мектептер мен мәдени орталықтарды жаңарту, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, денсаулық сақтау және білім салаларындағы жобалар арқылы Түркия өзінің гуманитарлық және өркениеттік миссиясын айқын көрсетіп келеді. Мұндай қызмет түркі әлеміндегі мәдени және идеологиялық жақындасудың практикалық тетігіне айналды.

Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы – TÜRKSOY да аймақтық жұмсақ күшті нығайтудың маңызды платформасы. Ол ортақ мәдени мұраны дәріптеу, ұлттық мерекелер мен тарихи тұлғаларды халықаралық деңгейде таныту, өнер мен әдебиет саласында ортақ кеңістік қалыптастыру сияқты мақсаттарды көздейді. Мәселен, «Түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасы жыл сайын әрбір мүше елде өткізіліп, халықтар арасындағы мәдени байланыстарды жандандырады. Бұл іс-шаралар тек өнер мен мәдениетті насихаттап қана қоймай, түркі елдерінің әлемдік ақпараттық кеңістіктегі бейнесін нығайтады.

Түркі интеграциясы шеңберінде білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастық та «жұмсақ күштің» маңызды элементіне айналды. Түркі университеттер одағы, Халықаралық Түркі академиясы және Назарбаев университетінің, Ататүрік университетінің, Бакудегі ADA университетінің бірлескен жобалары арқылы студенттер мен ғалымдардың академиялық ұтқырлығы кеңейіп келеді. Түркі кеңесінің жастар платформалары мен стипендиялық бағдарламалары да болашақ элитаның түркілік дүниетаным негізінде қалыптасуына ықпал етеді. Осылайша, түркі елдері өздерінің білім дипломатиясын қалыптастырып, ұжымдық интеллектуалдық әлеуетті жұмсақ күш ретінде пайдаланып отыр [5].

Ақпараттық және мәдени коммуникация да бұл процестің ажырамас бөлігі. Түркі мемлекеттері ортақ ақпараттық кеңістік құру мақсатында «TRT Avaz», «Azernews», «Qazaq TV» сияқты телеарналар мен медиа жобаларды дамытуда. Мұндай медиа өнімдер түркі мәдениетінің, тілі мен дәстүрінің тартымдылығын арттырып, сыртқы аудиторияда жағымды бейне қалыптастырады. Бұл бағыттағы жұмыстың өзектілігі ақпараттық соғыстар мен жаһандану дәуірінде ел имиджін қалыптастырудың стратегиялық маңызының артуымен тікелей байланысты.

Дегенмен, түркі елдерінің жұмсақ күш стратегиясы біркелкі және үйлесімді емес. Әрбір елдің ұлттық мүдделері мен ішкі даму ерекшеліктері бұл үдерісте өзіндік рөл атқарады. Мәселен, Түркия көбіне мәдени және гуманитарлық дипломатия арқылы өз ықпалын арттыруға ұмтылса, Қазақстан интеграциялық процестерге бейтарап әрі үйлестіруші рөлде қатысады. Өзбекстан мен Әзербайжан аймақтық беделін күшейту мақсатында мәдени символика мен тарихи мұраны белсенді қолдануда. Ал Қырғызстан мен Түрікменстан дәстүрлі бағыттағы мәдени байланыстарды қолдап, саяси бастамалардан сақтықпен қатысады. Бұл айырмашылықтар түркі әлеміндегі жұмсақ күшті аймақтық көпқырлы құбылыс ретінде сипаттайды.

Түркі интеграциясы контексінде «жұмсақ күштің» тиімділігі көбіне ортақ тарихи жадыны жаңғырту мен рухани тұтастықты қалыптастыру дәрежесіне байланысты. Түркі халықтары үшін мұндай символикалық кодтардың ішінде Күлтегін жазбалары, әл-Фараби мен Ясауи мұралары, Алтын Орда дәуірінің мәдени тәжірибелері ерекше орын алады. Осыларды заманауи мәдени саясат пен білім жүйесіне енгізу түркілік дүниетанымның заманауи нұсқасын қалыптастырады. Бұл өз кезегінде түркі интеграциясының рухани негізін нығайтады және оны сыртқы аудитория үшін тартымды етеді [6].

Сонымен қатар, түркі әлемінің жұмсақ күші ислам өркениетінің ортақ құндылықтарымен де тоғысады. Түркі халықтары ислам дінін тек сенім жүйесі ретінде емес, мәдени этиканың, гуманизмнің және рухани сабақтастықтың элементі ретінде қабылдайды. Бұл сипат түркі интеграциясын діни радикализмінен ажыратып, бейбітшілік пен төзімділік идеясын алға шығарады. Осылайша, түркі елдерінің жұмсақ күші мәдени және діни синтез негізінде өркениеттік баламаны ұсыну қабілетімен ерекшеленеді.

Жаһандану жағдайында түркі елдерінің жұмсақ күші, тек ішкі тұтастық факторы ретінде ғана емес, сондай-ақ халықаралық қатынастарда өзіндік бренд ретінде қалыптасып келеді. Түркі мемлекеттері ұйымының саммиттері, мәдени форумдары, спорттық және гуманитарлық жобалары әлемдік қауымдастыққа бейбіт, өркениеттік әріптестік ұсынатын аймақ ретінде түркі кеңістігінің бейнесін қалыптастыруда. Бұл өз кезегінде, түркі елдерінің халықаралық беделін арттырып, сыртқы серіктестер алдында жаңа дипломатиялық мүмкіндіктер ашады.

Алайда, түркі интеграциясы аясындағы жұмсақ күштің әлеуеті бірқатар шектеулермен бетпе-бет келіп отыр. Ең алдымен, түркі елдерінің экономикалық даму деңгейлерінің, саяси жүйелерінің және сыртқы саяси басымдықтарының әртүрлігі интеграциялық процестердің үйлесімділігін төмендетеді. Сонымен қатар, Ресей, Қытай және Батыс елдерінің аймақтағы ықпалы да бәсекелестік туғызады. Түркі елдерінің бір бөлігі Мәскеу мен Пекинмен стратегиялық байланыстарды сақтауға мүдделі болса, басқалары Батыс институттарымен тығыз серіктестік орнатуға ұмтылады. Мұндай жағдайда жұмсақ күш құралдарын ортақ үйлестіру оңай емес.

Сондай-ақ, түркі интеграциясының идеологиялық негізі, кейде сыртқы акторлар тарапынан геосаяси амбиция немесе мәдени экспансия ретінде қабылдануы мүмкін. Сондықтан, түркі елдерінің жұмсақ күш стратегиясы өзге мәдениеттермен бәсекелестік емес, диалог пен өзара байыту қағидаттарына сүйенуі тиіс. Бұл бағытта Қазақстанның теңгерімді, көпвекторлы дипломатия тәжірибесі үлгі бола алады.

Түркі әлемінің жұмсақ күшін тиімді пайдалану үшін бірнеше бағытта жүйелі жұмыс қажет.

Біріншіден, ортақ мәдени брендтерді дамыту маңызды: түркі киносы, әдебиеті, заманауи өнері және туризм саласындағы жобалар арқылы әлемге тартымды бейне ұсыну қажет.

Екіншіден, ортақ білім беру платформаларын кеңейтіп, түркілік ғылыми журналдар мен зерттеу орталықтарының желісін қалыптастыру қажет.

Үшіншіден, цифрлық дипломатия құралдарын – әлеуметтік желілер, мультимедиялық контент, бірлескен онлайн-жобалар – белсенді пайдалану арқылы жастар арасында түркі бірлігінің жаңа үлгісін тарату керек.

Төртіншіден, ТМҰ және оның құрылымдары елдердің мәдени саясатын үйлестіріп, әр мемлекеттің ерекшелігін сақтай отырып, ортақ құндылықтар негізінде әрекет етуі тиіс.

Бесіншіден, гуманитарлық және экологиялық жобаларға басымдық беріп, түркі елдерін орнықты даму идеясы төңірегінде біріктіру қажет. Өйткені экологиялық жауапкершілік, су және климат мәселелері түркі кеңістігінің ортақ болашағына тікелей қатысты.

Қорыта айтқанда, түркі интеграциясы контексіндегі «жұмсақ күш» ұғымы аймақтық саясатта жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Ол тек мәдени және идеологиялық құралдар жиынтығы емес, түркі елдерінің халықаралық субъектілік қабілетін күшейтудің маңызды факторы болып отыр. Егер Еуропа немесе Қытай өз ықпалын экономикалық немесе нормативтік үлгілер арқылы таратса, түркі әлемі өз жұмсақ күшін тарихи туыстық пен рухани сабақтастық негізінде дамыта алады. Осы бағыттағы табыс түркі мемлекеттерінің ішкі келісімі мен ортақ стратегиялық көзқарасына тәуелді.

Осылайша, түркі елдерінің жұмсақ күші болашақта өркениеттік диалогтың маңызды бөлігіне айналуы мүмкін. Ол өзге күш орталықтарымен бәсекелестік емес, көпқырлы мәдени алмасу мен өзара құрмет қағидаттарына сүйенген ықпалдастық моделі ретінде танылуға тиіс. Түркі интеграциясы мәдени дипломатияның жаңа форматын ұсына отырып, әлемдік саясаттағы бейбіт әрі құндылыққа негізделген баламалы даму жолының символына айнала алады.

Әдебиеттер:

1. Nye J. Soft Power: The Means to Success in World Politics. – New York: Public Affairs, 2004. – 191 p.

2. Akçalı E., & Korkut U. Geographical Metanarratives in East-Central Europe: Neo-Turanism in Hungary. // Eurasian Geography and Economics, 53(5), 596–614. https://doi.org/10.2747/1539-7216.53.5.596

3. Тұран Академиясының салтанатты ашылуы – түркі әлемінің жаңа ғылыми алаңы // https://turan.edu.kz/kz/news/60351/the-grand-opening-of-turan-academy-a-new-scientific-platform-of-the-turkic-world/

4. TIKA Annual Report. – Ankara: Turkish Cooperation and Coordination Agency, 2022.

5. Turkic Council Secretariat. Turkic States Cooperation Report 2023. – İstanbul: TMO, 2023.

6. Nourzhanov K., Peyrouse S. (eds.). Soft Power in Central Asia: The Politics of Influence and Seduction. – Lanham; Boulder; New York; London: Lexington Books, 2021. – 292 p.

Мақсат Жақауов, Абай атындағы ҚазҰПУ
Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, саясаттанушы

ЕЛ РУХЫ БІР КӨТЕРІЛІП ҚАЛДЫ

Халыққа қызмет етіңдер! З. Нұрқаділов. Кереге таулы Кеген өңірінде бұл күні...

Закон и Порядок: Спикер Сената рассказал о главном принципе правового государства

Председатель Сената Маулен Ашимбаев в программе «Бетпе-бет» телеканала 24KZ...

Заң және тәртіп: Сенат Спикері құқықтық мемлекеттің басты қағидаты туралы айтты

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев 24KZ телеарнасындағы «Бетпе-бет» бағдарламасында мемлекеттің...

Открылась школа патриотизма 

В ГОРОДЕ ШЫМКЕНТЕ РЕАЛИЗОВАНА ЕЩЕ ОДНА ИНИЦИАТИВА, НАПРАВЛЕННАЯ НА...

Борьба за экобезопасность

В ВОСТОЧНО-КАЗАХСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ СТАРТОВАЛО ОПЕРАТИВНОПРОФИЛАКТИЧЕСКОЕ МЕРОПРИЯТИЕ «БРАКОНЬЕР», ЦЕЛЬ КОТОРОГО...