12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Сынбас семсер

1998 жылы сәуір айының басында Темір Әмірхановтың аяулы анасы дүние салды. Бұл қайғылы жағдай оны қатты есеңгіретіп жіберді. Марқұм анасын жерлеп, жеті күндік құран-қатымын өткізген соң, өзін-өзі қолға алып, өмірінің жаңа парағын ашу үшін Астанаға пойызбен шығып кетті. Оны вокзалдан байырғы досы Абылай Қайсенов қарсы алып, «Есіл» қонақ үйіне апарып орналастырды. Сосын екеуі іргедегі кафеге барып, өткен-кеткенді айтып, біраз отырды.

 – Ертең таңертең бастық сені күтеді, бүгін жақсылап демал, — деді Абылай Темірге. – Бізде де жұмыс көп.

 – Алматыдағыдай иық түйістіре жұмыс істейтін болармыз?

– Енді ше? Арнайы жасақтың көмегінсіз біз не бітірмекпіз?  Ақмола астана болғалы қылмыс әлемі түкпір-түкпірден ауып келіп жатыр, құдды бір бұл жақта бас беріп жатқандай, — деп мырс етті Абылай.

 – Тыным жоқ десеңші онда…

          Абылай басын изеді. Қас үлектен туған қатепті тоқтамай тартып шығатын қара нар еді бұл жігіт. Атағы алысқа кеткен Абылайды бес-алты ай бұрын жаңадан құрылған Астана қалалық Ішкі істер департаментінің тергеу басқармасына қызметке шақыртқан. Енді ол жоғарғы басшылыққа ұсыныс жасап, Темірді тартып алып отыр. Екі дос үнсіз түсіністі.

          Темір ерте тұратын әдетімен таңғы алтыда оянып алды. Спорттық киімін киіп, жүгіруге шықты. Қонақ үйден шыға бере, сол жақта Есіл ағып жатыр. Әзірге Астананы біле қоймайтын жігіт өзенді бойлай жүгірсем, адаса қоймаспын деп топшылады. Таңғы ызғар басында бойын тоңазытқанмен, сәлден кейін денесі қыза бастаған. Темір Алматыда қалған үй-ішін ойлады. «Астанаға барам» дегенде, әйелі қарсы болмағанымен, екі кішкентай ұлмен диванда отырған күйі:

– Біз не істейміз? – деген ақырын ғана. Ол органда істейтін басқа қызметкерлер сияқты күйеуінің де күндіз-түні жұмыста, үй бетін көрмейтініне үйренген. Тек жанын шүберекке түйіп, тілеуін тілейді. Құқық қорғау саласының жағдайы мәз емес, айлығы аз әрі жиі кешіктіріледі. «Ол жақтан үй береді, көшіріп алам» деп Темір ештеме айта алмады, үнсіз үйден шығып кетті.

              Соңғы жылдары қалада рэкет, бопсалау, адам ұрлығы күрт көбейген. Милиция «уазигімен» қуғын салғанға иномарка мінген қылмыскерлер жеткізе қоймайды. Тәртіп сақшылары ескі тапаншамен жүрсе, рэкеттер отты қарудың соңғы үлгілерін ұстайды. Қылмыс әлемі бірде болмаса бірде өздеріне келетін тездің барын ұмытып, құдды дүниенің құлағын өздері ұстап тұрғандай тайраңдап, әбден басқа шығып болды.

            Алматы қалалық ішкі істер басқармасы арнайы жасақ командирі лауазымына конкурс жариялағанда, Темір барлық сынақтан мүдірмей өтіп кетті. Мойнына үлкен жауапкершілік жүктелгенін жақсы түсінген ол арнайы жасақ құрамына физикалық-психологиялық тұрғыда мықты, көзінде оты бар сайдың тасындай жас жігіттерді іріктеп алды. Ол кезде Абылай да Алматыда. Жиі келіп, жігіттердің қарымын бір көріп кетеді. Ол досының жаңадан бастап жатқан ісіне жан-тәнімен жанкүйер болып жүр.

 –Рэкеттер қарапайым тәртіп сақшыларын қолдарынан дәнеңе келмейді деп менсінбейді. Шімірікпей атып та кетеді. Енді көрейік әуселелерін. Арнай жасақ жігіттері олардан екі есе мықты болуы керек.

 – Менсінбейтін жөндері бар, олар өздеріне ылғи дайындығы мықты,  спортшы жігіттерді тартады емес пе?

 – Оның рас, небір спортшылар ақша үшін, амал жоқ, өз болашақтарына балта шапты ғой.

                Темір арнайы мақсаттағы рота қызметкерлерін күн сайын он шақырым жүгіртіп, қоян-қолтық ұрыс тәсілдеріне жаттықтырады. Арнайы мақсаттағы рота қызметкері құралайды көзге атқан мерген де болуы тиіс. Әккі қарсыласпен бетпе-бет келгенде тәжірибелері аз болғанмен, бойларында байырғы ата-бабаларына тән мықты рух, жолбарысты жалаң қолмен алып жығарлықтай батылдық бар емес пе, әзірге тапсырманы орындамай қайтқан күндері болған жоқ.

             Командир болған соң, әр есікті қағып жүріп, қажетті құрал-жабдықтарын түгендеді. Оқ өткізбейтін сауытқа тапсырыс жасап, оны өзі тексеруден өткізіп алған. Қалалық әкімшілік пен ішкі істер басқармасы көмектеспейін демейді, қолдары қысқа, қаражаттары жоқ. Арнайы мақсаттағы рота күніне бес-алты рет қатарынан  тапсырмаға шығып кетеді. Ол жерде қарсы оқ атылып, суық қару қолданылып жатады. Адамның бәріне еті өліп кететіні рас екен, бара-бара жігіттер ондай ештемеден қорықпайтын болды. Алматыдағы «Пекин» мейрамханасының басшыларын үш ай бойы рэкеттен күзетіп, сол қызметтеріне сый есебінде су жаңа автобус алды.  Мейрамхана басшылары арнайы жасаққа ризашылықтарын осылай білдірді. Майор Дос Маметов асқан шебер жүргізуші болатын, жаңа автобус тақымына тиген соң тіпті құстай ұшатын болды. Әйтпесе ескі «РАФ» автобусымен қылмыскерлерді үнемі қуып жете алушы ма еді? Асқан жылдамдықпен көше-көшелердің арасымен зуылдатып отырып, айтылған жерге уақытынан бұрын жеткізетін. Мейрам, демалысқа да қарамай, дабыл соғылған кезде жанар-жағар майы уақытымен құюлы, кез келген уақытта орнынан ытқып жөнелуге дайын тұрады. Жол бойы қарақшыларын құрықтауға барған операцияны айтсаңшы. Тауар әкеле жатқан саудагердің қасында, рульде отырған Дос ақшаны алуға созылған рэкеттің қолына кісен салып үлгерді емес пе? Төбелес, атыс басталып, тауар тиелген кузовта жасырынған басқа жігіттер секіріп түсем дегенше, қара санынан оқ та тиген.

               Темір қонақ үйге келіп, жуынып-шайынып, таңғы асын ішкен соң, қалалық Ішкі істер басқармасына тартты. Басқарма бастығы генерал Ган оны кабинетінде күтіп отыр екен. Темірді жылы қабылдады. Бұл кісі 1993 жылдан бастап ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында келе жатқандықтан, өз жұмысын бес саусақтай жақсы білетін.

 – Өкініштісі сол, бейбіт халық Астанаға қалай ағылса, қылмыс әлемі де осы жаққа тартылып, ат басын бұруда. Тіпті көрші мемлекеттерден де келіп жатыр. Сол ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күрес жүргізу үшін Астанадан «Арнайы мақсаттағы бөлім» құрылатын болды. Осы бір жауапты жұмысты үлкен тәжірибесі бар деп өзіңе сеніп тапсырғымыз келеді, Темір, — деді  Виктор Петрович.

 – Мен дайынмын!

– Олай болса, сәттілік тілеймін. Бұрын балабақша болған бір ғимарат бар еді, осы жерден алыс емес. Алғашқы уақытқа сол ғимараттан бөлме дайындап қойдық, ыңғайлы орын табылғанша арнайы жасақ сонда бола тұрады, — деді генерал. Жұмыстың барысын біраз сөйлескеннен кейін:

 – Рұқсат болса, орналасып болған соң, Алматыға барып, қызметкерлеріммен сөйлесіп келейін. Арасында Астанаға келуге келісім беретіндері болса, жаңа құрамды дайындықтан өткізуде олардың тәжірибесі артық болмас еді. Алматыдағы жұмыстарымды реттестіріп келсем, — деп біраз күнге сұранды. Генерал рұқсатын берді.

            Бастықтың кабинетінен шыққан соң, «Тергеу бөлімі басшысы Қайсенов Абылай Әзімханұлы» деген жазуы бар есікті іздеп тапты. Абылай жаңа ғана жедел жиын өткізіп болған екен. Бұл кіргенде, қол астындағы қызметкерлері жүктелген тапсырмаларын алып, есіктен шығып жатты.

 – Шеф қалай қарсы алды? – деп сұрады Абылай Темірдің қолын алып.

 – Бәрі дұрыс. Алматыға барып, жігіттермен сөйлесем, келем дегендері болса, ерте келейін.

– Бұл іске тәжірибесі бар қызметкерлер ауадай қажет қой, ойың дұрыс екен, — деді Абылай.

 – Өзің жаңа қызметіңе үйрендің бе?

– Басшы деген атымыз болмаса, көбінесе қылмыс болған жерде жүреміз ғой, бәрі бұрында өзің көргендей, — деп күлді Абылай. – Рэкеттердің жасаған қылмысы көбінесе ауыр болады ғой. Операция сәтті нәтиже беруі үшін кәсіби құрама жасақтаймыз. Оның ішінде тергеушілер, «оперлар», қылмыстық тергеу қызметкерлері, МАИ қызметкерлері, т.б. кіретінін білесің. Бірақ осы құрамаға арнайы жасақ жетпей жатыр. Осы бөлімді құру сенің қолыңнан келеді, тәжірибең бар. 

 – Сенім артып, менің кандидатурамды ұсынғаның үшін рахмет, достым!

 – Оқасы жоқ. Бүгін жігіттер бір қылмыскерді сонау Ингушетиядан ұстап әкелді, — деді Абылай.

 – Не бүлдірді?

 – Осында бір кәсіпкердің отбасын түгел айуандықпен өлтіріп кеткен еді.

           Темір қасын керіп, сұраулы жүзбен Абылайға қарап қалды. Соны байқап, досы жағдайды қысқаша айтып берді:

 – Бұл жантүршігерлік оқиға «Шұбар» элиталық шағын ауданында болған. Сонда тұратын бір бай кәсіпкердің әйелі кездейсоқ өзінің сыныптасы Евлаевты кездестіріп қалады. Анау оған жағдайы жоқ екенін, жұмыссыз жүргенін айтып шағынады. Әйел оны аяп, «біздің отбасымыздың жүргізушісі бол, күйеуіме айтайын» дейді. Күйеуі Мәскеудегі үлкен кәсіпорында акциялары бар ірі кәсіпкер екен. Ол әйелінің ұсынысын қабылдап, Евлаевтың астына су жаңа «Камри-40» көлігін береді. Әлқисса, енді тыңда! Жаңағы кәсіпкердің серіктесі бар екен, сол көпқабатты үй кешенін салу үшін өте қомақты қарыз алған. Бірақ уәде еткен үйді салуға мүмкіндігі болмай, мерзімінде ақшаны қайтара алмай қалады. Кәсіпкер серіктесіне: «Ақшаны қайтар, немесе компанияны толық менің атыма жаз, қарыздан құтылған кезде үлесіңді қайтарып аласың» дейді. Анау ақшаны қайтармаудың амалын ойластырады. Осы кезде серіктесінің көзіне нашақорлыққа жақын Евлаев түседі. Оған есірткі беріп, қылмыс жасауға көндіріп, екеуі кәсіпкердің үйіне келеді де, үш, жеті және он жасар үш баласы мен әйелін тамақтарынан бауыздап өлтіріп, үйдегі ақша, алтын-күміс, басқа да қымбат заттарды алып кетеді.

– Қап-ай, ә?

 –  Осындай айуандық іс бойынша ұстау операциясы ұйымдастырылған еді. Жаңа ғана соның нәтижесін қорытындыладық. Кәсіпкердің серіктесін бірден құрықтағанбыз. Ал Евлаев болса, қашып кетіпті. Қылмысты жасап алып, түк болмағандай Астанада емін-еркін жүрген, өзің ойлап көрші?! Емханалардың біріне барып, қолының жарасын тіктірген. Қонақ үйден бөлме алып, сол жерде банкноттардағы қан іздерін жуып, кептіріп, такси жалдап Қарағандыға жетіп, Мәскеуге, одан ары қарай Грозныйға ұшып кетіпті. Қазақстанның Ресей, Шешенстан, Ингушетия елдерінің құқық қорғау органдарымен байланысып, күдіктіні Ингушетияның Нестеровка деген бекетінен ұстадық.

 – Жарайсыңдар! Абылай, сенің құрығың ұзын ғой, Ресейде де көзің мен құлағың бар. Бұл жолы да бәрін жіті ойластырып, операцияны дұрыс ұйымдастырғаның көрініп тұр.

                 Абылай құқық қорғау саласында әртүрлі басшылық қызметтерде жүргенде, «оперге» тән сұңғылалығын ешқашан жоғалтқан емес. Ол жас кезінде романтика қуып, жеті жыл әскери-теңіз флотында, сүңгуір қайықта әскери қызметін атқарған. Сондықтан ішкі істер саласына үлкен дайындықпен келді. Ол «опер мен сүңгуіршінің өзіндік ұқсастықтары жоқ емес, екеуі де үлкен жауапкершілікті, кәсіби деңгейді талап етеді» дейтін. Жанына жағатын опердің жұмысын таңдағаны да сол. Сондықтан бастықпын демей, өзі де операцияларға шығып кете беретін. Төтенше жағдайлардың алдын алу, рэкет және бопсалауға қарсы күресте қауіп-қатермен бетпе-бет келіп қалса, қаймығуды білмейтін. Бір жерде тыныш отыру оның табиғатында жоқ. Мұны Темір жақсы біледі.

 – Есіңде ме, 90-шы жылдардың басында бір қылмыскерді ұстауға Ресейге барғанымыз?

 – Е, ол да жаңағы Евлаев сияқты бір жауыз еді ғой. Тек мынау шынашақтай нашақор, анау физикалық жағдайы мықты, кәсіби спортшы болатын. Әйтеуір көп қиыншылық көріп, әрең әкелгеніміз есімде.

               Бұл оқиға христиандардың «Рождество» мерекесі қарсаңында болған. Ол кезде Абылай Алматы қалалық ІІБ тергеу бөлімінің жедел уәкілі  болатын. Қастарында Мұқан деген жігіт бар, үшеуіне Ресей территориясына қашып кеткен қылмыскерді ұстап, Қазақстанға әкелу керек деген тапсырма берілді. Абылай мен Мұқан күрестен спорт шеберінен үміткер, Темір болса, қоян-қолтық жекпе-жегінен қара белбеу иегері. Алайда бұл тапсырманы орындауда асқан сақтық танытпаса болмайтын. Қылмыскер туралы ақпаратты дәрежесі үлкен Абылай ғана біліп, қасындағыларға ол туралы тіс жармады. Қашқынның бокстан спорт шебері, әскери борышын десант бөлімінде атқарған, физикалық дайындығы мықты екенін Мұқан мен Темір Ресейге жеткен кезде бір-ақ естіді. Қаржысы мол алматылық бір кәсіпкердің жеке күзетшісі болып істеген екен. Қожайынымен жанжалдасып, ашу үстінде қолын сілтеп кетіп қалыпты. Іштей кек сақтап, түнгі бір-екілердің шамасында Фурманов пен Пастер көшелерінің қиылысында орналасқан қожайынның дүңгіршегіне барады. Сатушы оны кәсіпкердің қасынан көріп жүретін. Былғары күртеше сатып алғысы келетінін айтқан соң, сөзіне сеніп, ішке кіргізеді. Сол кезде қылмыскер әйелді жиырма екі жерден пышақтайды. Қылмыс орнынан ақша, алтын бұйымдармен бірге, сол кезде сән болған былғары күртешені де алып кетеді. Жедел топ қызметкерлерінің айтуынша көп қан жоғалтқан сатушы ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер «қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз, бірақ жағдайы өте ауыр» депті.

               Қылмыскерді ұстап әкелуге аттанған үшеу бесінші қаңтар күні Алматыдан Мәскеуге ұшты. Сол күні қатты боран тұрып, ауа райы күрт бұзылған соң, ұшақ Ақтөбе әуежайына қонуға мәжбүр болған. Күн ашылғанша күтіп, Ақтөбеден Мәскеуге жеткен. Қонақ үй таппай, түн ішінде әуежай маңайындағы вагон бөлмелерден орын алып, сонда түнеп шықты. Ертесінде Мәскеуден Ульяновск қаласына ұшып барып, бірден таксимен Димитровград қаласына жол тартты. Қала іші тым-тырыс, көшеде көлік аз екен. Аппақ қар, ызғарлы суық аса өтімді, нағыз орыстың қысы. Жігіттер мән-жайды білмекке жергілікті милиция бөлімшесіне барса, «02» кезекшілерінен басқа ол жерде ешкім жоқ. Басқарма басшысына хабарласуды өтінгенде, бұлардан қай жерге тоқтайтындарын сұрап алып, өздері қоңырау шалатынын айтқан. Үш жігіт «Черемшан» қонақ үйіне тоқтаған еді. Біраздан кейін сол жерге төрт милиция қызметкері келді. Сөйлесе келе, оларға сөздері жүрмейтініне көздері жеткен. Бұрынғыдай бір мемлекеттің құрамында болмаған соң, орыстар саусағының ұшын да қимылдатқылары келмейтінін анық байқатты.

         Қызуқанды Мұқан Абылайға сыбырлап:

 – Мыналармен жігітше сөйлеспесе, басқа шығып тұр ғой, — деді.

 – Асықпа, — деді Абылай. Әріптестері оны өзара «переговорщик» деп кеткен. Небір қанқұйлы қылмыскер серкелерімен сөйлесіп, тар жерде бір мәмілеге келтіре білетін Абылай диалог құруда психологиялық тәсілдерді аса шебер меңгерген. Ол он минуттай Рождество мерекесі құрметіне ішіп жүрген жартылай мас милиционерлердің тамырын басты. Мұқанның шыдамы жетпей, сыртқа шығып кеткен. Орыстар жағы «Рождествоны атап өтейік» деп арақ сұрады. Абылай Темірге:

 – Дүкенге барып кел, — деді.

 – Ақша қайтар жолға ғана бар.

          Бұларға тапсырманы неғұрлым тезірек орындап, Қазақстанға қайту керек. Қалталарындағы қаражаттың аз екені рас, іссапар үшін төленетін ақшаны «келгеннен кейін аласыңдар» деп бермеген болатын. Абылай «айтқанды орында» деді ыммен. Темір орнынан тұрып, дүкенге кетті. Біраз уақыт өткенде қойындарында бір литр «Распутин» спирті бар, Мұқан екеуі қайта кірді. Әлгіні суға араластырғанда екі шөлмек шықты. Кішігірім дастарханды жайып жіберіп, жергіліктілермен жұмыстың мән-жайын сол жерде талқылауға кірісті.

 – Жігіттер, бізге  қылмыскер туралы неғұрлым көбірек ақпарат керек, — деді Абылай.

 – Мекенжайын, басқа қажетті ақпараттарды тауып береміз, бірақ өздерің ұстайсыңдар, біз араласпаймыз, — деді орыстар.

 –  Жақсы онда.

                 Абылай жергілікті милиционерлердің жағдайын түсінген еді. Әттең, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Қазір Қазақстан не, Ресей не, қылмыс серкелерінің дәурені жүріп тұр. Темірдей тегеуірін қарапайым милиция қызметкерлерінің алқымынан алып, босанайын деп жұлқынса, қылқындыра түседі.

                     Мереке күндері ешқандай мекеме жұмыс істемейтіні белгілі. Қылмыскер жасырынған мекенжайды анықтау үшін «паспорт үстелінде» істейтін адамды табу керек. Ол болса қала сыртындағы саяжайына кетіп қалыпты. Әйтеуір сәті түсіп, шақыртқанға келе қалды.

                    Қазақстаннан барған үш жігіт қонақ үйде қоңырау күтті. Бір кезде қылмыскердің шешесімен бірге таңғы асын ішіп отырғаны туралы мәлімет келді. Үшеуі орындарынан атып тұрып, айтылған мекенжайға жедел шығып кетті. Сол маңда қашқынның үйден шығуын күтті.

                Фотосуретінен бірден таныған: бұл бойы ұзын, сырт келбеті келіскен, тығыршықтай жігіт еді.  Ол аялдамаға қарай аяңдап барып, сол жерден такси тоқтата бастады. Артынан жетіп келген үшеуге жалтақ-жалтақ қарап, әуелде ештеме түсінбей қалған. Мұқан мен Темір екі жағынан ұстай алғанда, лезде төбелес басталып кетті. Күші көп, бұлшық еттері бұлтылдап тұр, оңайлықпен берілетін қарсылас емес. Бір кезде Мұқан оны аяғынан шалып құлатты да, қолына кісен салып үлгерді. Түрлері азиат, «гражданский» киінген біреулер орыстың жігітіне тиісіп жатқанын көрген аялдамадағылар «помогите, убивают» деп айқайға басқан. Осы кезде бұлар тапаншаларын алып шығып: «Бұл – милиция!» деп дауыс берді. Қылмыскер құрықталғанмен, жергілікті оперлар берген жигули машинасының қарасы көріне қоймаған. Орыс әріптестері: «Отыз минут қана уақыттарың бар, бұл қаладан тез кетіңдер, әйтпесе мына жігіттің прокурорлармен де байланысы жақсы, қаладағы басқа спортшылар арасында беделі өте мықты» деп ескерткен. Адамдардың назары өздеріне ауған сайын жандары шығып барады. Қылмыскер болса, тақым астында бұлқынып ол жатыр. 3-4 минут өткен кезде ескі жигулидің қарасы да көрінді-ау. Жүйткіп келіп тоқтай қалғанда, қашқынды ішіне тез салып алып, қазақстандық үш жігіт Димитровградтан Самараға асығыс тартып кетті. Ол кезде Самара мен Тольятти  рэкеттің жанып тұрған жері, бүкіл рэкетирлар «Лада» көлігімен жүретін. Жан-жақтан қаумалаған қауіп-қатерден сытылып, әуежайға жетіп келді. Бірақ қырсыққанда, Алматыға билет жоқ екен. Әуежай маңайындағы бір қонақ үйге түнеуге тура келді. Бұл кезде тамаққа ақшалары қалмаған, өздері де әбден қалжыраған. Қылмыскер түнімен ұйықтамай, тордағы арыстандай арпалысып, қашудың амалын іздеп бақты. Сондықтан оның екі қолын темір кереуетке кісендеп қоюға тура келді. Дәретханаға барғанда кісеннің бір жағын Темір өз қолына салып жүрді. Келесі күні билет табылып, аман-есен ұшаққа да отырады-ау. Бір сәт көзден таса қылмай, елге алып келген қылмыскерді Алматының Мәскеу аудандық ішкі істер бөліміне тапсырған. Жігіттер тапсырманы абыроймен орындағандарына риза болып, милиция бөлімінен шығып келе жатқанда, есік алдына үш бірдей иномарка көлігі тоқтай қалды. Ол кезде мұндай көлікті өте ауқаттылар ғана мінетін, иномарка көрсең аузың ашылып қалатын кез. Келгендер ұсталған қылмыскерді көру үшін жеткен бұрынғы қожайын екен. Бөтен ел, бөтен жер демей, рэкет қылмысы өршіп тұрған Ресейге қаймықпай барып, тапсырманы абыроймен орындап келген үш жігітті алпауыт бай, әрине, танымады. Қастарынан алшаңдай басып өте шықты. Қылмыскердің басына миллион тігілгенін бұлар артынан естіген. Бірақ ол миллион кімге бұйырғаны жұмбақ күйінде қалды.

 – Жігіттер, аман-есен оралғанымыздың өзі олжа емес пе? – деді Абылай.

 – Рас, үйге аман-есен оралғанымызға шүкір.

            Үшеуі де үй, бала-шағаны сағынғандарын сол сәтте сезді. Артынан ойлап қараса, Ресей милиционерлері заң жүзінде тапсырмамен барған үш қазаққа қол ұшын беріп, операцияны бірге атқарысулары керек еді. Бірақ ішімдіксіз істі шешкілері келмей, міндеттерін жартылай ғана орындап, қылмыскерді ұстауды өздеріне арта салған. Түрлері олардың азиат нәсілінен екенін «айқайлап айтып» тұр, көшеде біреулер жабылып, қаруларын тартып алып, өздерін атып кетуі де мүмкін еді. Сол сапарда көрген қиыншылықтарын еске алса, әлі бойлары түршігіп кететін. Бір бұл емес, талай рет оқ пен оттың астында бірге жүрді. Толарсақтан саз кешкен осындай қиын кезеңдер достардың арасын одан сайын жақындата түскен.

 –  Алматыға аман-есен барып қайт, достым, — деді Абылай. –  Ештеме уайымдама, бәрі дұрыс болады. Уақыт тауып, Есілден балық аулаймыз әлі.

 – Балық аулағанда демалатыныңды білемін ғой, — деп күлді Темір. – Міндетті түрде барамыз балыққа.

                Темір жан жарын, екі ұлын сағынып, Алматыға құстай ұшты. Оңтүстік пен солтүстіктің ауа-райы екі бөлек. Басында «Алатау баурайындағы жылы да жайлы қоныстан қысы қақаған аяз, жазы да жайсыздау солтүстікке көшуге отбасым қалай қарайды екен» деп уайымдаған. Оның үстіне, Астанада ешкім құшақ жайып күтіп отырған жоқ, пәтер қиыншылығы тағы бар. Алматыдан барған мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі осындай қолайсыздыққа шыдамай, қайта қайтып жатқанын білетін.

           Үй-ішін көріп, мауқын басқан соң АМР базасына барып, қызметкерлерімен жүздесті. Барлық жағдайды түсіндіріп: «Менімен Астанаға бірге баратындарың болса, дайындалыңдар. Бір-екі күнде жолға шығамыз» деген. Алғашқы уақытта оңай болмайтынын, бірақ сол қиындықты жауынгерлік рухпен еңсеру қажет екенін айтты. Он шақты жігіт бірден суырылып шықты. Үй жоқ, жалақы аз екенін білсе де, ештемеге қарамай, отбасыларын Алматыда қалдырып, командирге еріп кетті. Темір жігіттердің бұл шешімін көзсіз ерлікке балап, іштей риза болды. Әріптестері үшін үлкен жауапкершілік сезініп, «қайтсе де жағдайларын жасаймын» деп бекінді.

            Астанаға келген соң, Темірді үлкен жұмыс күтіп тұрған. Ол жаңадан арнайы жасақ бөлімін құруға кірісті. Бес жыл бұрын Алматыда қандай қиыншылықтармен бетпе-бет келсе, мұнда да жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Өзімен еріп келген жігіттер елордаға келген соң, қауіп-қатерге толы қызметтерін жалғастырған. Қарулы қылмыскерлерді құрықтап, қылмыстық топтарды әшкерледі, есірткі сатып есіргендерге тоқтау салып, кепілге алынған азаматтарды босатты. Аса күрделі тапсырмаларды орындау,  күнделікті оқу-жаттығумен шұғылдану, әрине, оңай емес. Жаңа құраманың әуресімен жүргенде, түріне қарасаң  үріп ауызға салғандай бір ару келіп:

 – Командир сіз бе? – деп сұрады.

–Иә, құлағым сізде.

 – Мені қызметке алыңызшы.

 – Арнайы жасақ қыздардың қолы емес қой, — деп, командир таңданысын жасырмады.  

– Қылмыскерді ұстауға барған, ер-азаматтардан қалыспаймын, -деді қыз.

 –  Атың кім?

 –  Әлима.

 – Қарымың қалай екен, байқап көрейік, Әлима, — деп, командир оны жаттығу залына ертіп келді. Сол жерде өз салмағындағы жігіттермен жекпе-жекке шығарған. Қыз жеңбесе де, ұпай тең түсе берді. Сөйтсе, Әлима самбо спортынан халықаралық дәрежеде спорт шебері екен, полиция қатарында бірнеше жыл істеген тәжірибесі де бар. Темір Әлиманың қара басын ғана емес, қасындағы серігін де қорғай алатынына көзі жетіп, рапортына қол қойды. Бірақ Тимурдың аузынан «әйел қызметкерді құрамаға аламын» деген сөзді естігенде, Абылайдың көзі ұясынан шығып кете жаздаған:

 – Әй, Темір-ай, қалалық ішкі істер басқармасының төрағасы бұл шешіміңе үзілді-кесілді қарсы болады, көр де тұр! – деп қысқа қайырды ол.

– Оны көреміз, — деп Темір де өз дегенінен қайтпады. Шынында да, жоғарғы жақ командирдің сөзін тыңдағысы да келмеген. Сөйткенде Темір Әлимаға:

–  Уайымдама, жаттығудан қалмай келе бер, келесі жылы көреміз, — деді.

             Әлима бір жыл бойы оқу-жаттығудан қалмады. Жігіттермен жекпе-жекке шыққанда, есесін жібермейтін. Жаттығу кезінде жүріп бара жатқан автокөліктің үстінен секіргенде, басқалар сияқты жерге аяғы тиген соң, бір аунап түсіп, аяққа тік тұрады. Қайтсе де, қасындағы жігіттерден қалыспауға тырысады. Он екі килограмм болатын оққағар кеудешесімен аптасына үш рет алты шақырым жүгіргенде, елу қызметкердің арасында межеге бесінші болып жетеді. Күн сайын екі мезгіл күрес, көздеп ату, штанга, футбол, суға жүзуден жаттығуға барады. Ішкі істер басқармасындағылар қыздың қайсарлығын көріп, рапортына қол қойды.

            Сенбі болған соң, Алматыдан келген қызметкерлер өздері тұрып жатқан үш бөлмелі пәтерді жуып-шайып, әбден тазалады. Араларында тамақты дәмді әзірлейтін Серік деген жігіт палау пісіріп, буы бұрқыраған тамақты енді ауызға ала бергенде, үй телефоны шылдыр етті.  Хабарласқан Астана қаласының кезекші бөлімі арнайы мақсаттағы бөлімді шұғыл көтеру туралы бұйрық түскенін жеткізді. Жігіттер алдарындағы тамаққа да қарамай, тез-тез киініп, кішігірім автобусқа отыра сала, кезекші бөлімге тартып кетті. Жылдам жетіп, оққағар кеудешелерін киіп, қолдарына қару-жарағын ала сала, тергеу изоляторына келіп жеткенде, Ішкі істер басқармасы, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері, министрліктің лауазымды адамдарының барлығы да осында жүргенін байқады.

         Темір жан-жағына қарап, алыстан генерал Ганмен сөйлесіп тұрған Абылайды көрді. Қастарына барып, генералға арнайы жасақтың толығымен қаруланып, айтылған уақытта жеткенін баяндады. Осы кезде генерал:

 – Төтенше жағдай болды, өлім жазасына кесілген үшеу түрме бақылаушыларын кепілдікке алды,-деді.

            Жазасын өтеп жатқан қылмыскерлер басқа камералардың да есігін ашып жіберіпті. Темір арнайы жасақты үш топқа бөліп, үш жерден басып кіруге шешім қабылдады. Өзі алдыңғы топта болды. Осы кезде Абылай келіп:

 – Бұйрық берілмей тырп етпеңдер, астаналық арнайы жасақ енді ғана құрылып жатқандықтан, дайындығы кем десе керек, Ішкі істер министрлігі  бұйрық шығарып, Алматыдан арнайы мақсаттағы бөлімді шақыртыпты.  Олар шұғыл көтеріліп, әуежайға бет алса керек, — деді.

              Амал жоқ, Темір қызметкерлерін өзі белгілеген үш бағытта орналастырды да, күтуді бұйырды. Жағдай сағат сайын, минут сайын өзгерді. Кепілге алынғандардың тағдыры қыл үстінде еді, себебі, өлім жазасына кесілген қылмыскерлердің аянатын еш нәрсесі жоқ, олардан барлығын күтуге болатын.  Қалалық ішкі істер басқармасы мен ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің барлығы аяғынан тік тұрды. Абылай Темірдің қасына келіп, басын шайқап:

 – Не болса да, жедел әрекетке көшкен дұрыс, жағдай ушығып барады, — деді өңі түтігіп.

 – Бізге күтуге пәрмен берілді, басқа амал жоқ.

 –Қылмыскерлермен келіссөз жүргізе бастау керек, әйтпесе қазір кепілге алынғандарды жазым ете бастайды. Уақытты өткізіп алдық, бәрі кеш.

          Темір Абылайдың мына сөзін естігенде, біреу үстіне мұздай су құйып жібергендей болды. «Барма» деп айта алмайды. Бұйрықтың құлы болған соң, үнсіз іштен тынды.

 – Күткізіп қойғаны дұрыс болмады, өзің-ақ жігіттеріңмен бұл шаруаны тез бітірер едің. Аналар келгенше, адам шығыны болады, көр де тұр! – деп, түтігіп, басын шайқап кетіп қалды.

               Жедел қызметкерлер жағдайды зерттей келе, бесінші корпуста өлім жазасына кесілген 14 қылмыскердің отырғанын анықтаған. Мұндайлар аса қауіпті топқа жатады, тағдыры шешіліп қойған соң, ондайлар ештемеден тайынбайды. Сонымен қатар, карцерде жатқан 12 адам бар екен, олардың ішінде біреуі әйел, екіншісі кәмелетке толмаған жасөспірім. Кепілге алынғандар: аға лейтенант Баранов, кіші сержант Мұратов пен қатардағы жауынгер Азаматов болып шықты.
Барлаушылардың жұмысының арқасында корпустың ішінде не болып жатқанын білу қиын болған жоқ. Тұтқындардың өзара әңгімесінен оқиғаны ұйымдастырушылардың кім екендері анықталды. Олар өлім жазасына кесілген Ақбергенов, Мельников пен Николай Мартынов үшеуі екен.
                  Оқиға былай болған. Бір камерада отырған Ақбергенов пен Мельников бақылаушыны кепілге алуды жоспарлайды. Тергеу изоляторының камераларының ішкі есігі ағаш, сыртқысы темір тор есік болатын. Тәртіп бойынша түнгі ауысым кезінде ішкі есікті ашуға үзілді-кесілді тыйым салынған. Бірақ бақылаушылардың ішінде аға лейтенант Баранов сол талапты орындамайтын көрінеді. Ақбергенов пен Мельников соны байқапты. Кешкі асты тарататын кезде Баранов үнемі ішкі есікті ашып, тор есікке сүйеніп тұрып, қылмыскерлермен ұзағырақ сөйлесіп тұратын көрінеді. Екі сотталушы сондай бір сәтті пайдаланып қалғысы келеді. Ағаш нардың шегесін суырып алып, біздей етіп ұшын шығарып қайрайды. Есікті ашып-жапқан кезде құлыптың ысырмасы толық орнына түспей қалуы үшін ойығын нан жұмсағымен толтырады. Ауысым кезекшісі Баранов №3 камераның есігін ашып қалған кезде екеуі оны ұрып жығып, кепілге алады. Оқиғаны көзі шалып қалған ауысым контролері сержант Мұратов дәліз есігін жауып, жедел әрекетке көшкен еді. Тәртіп бойынша ол орын алған оқиға туралы жедел хабарлауы тиіс болатын. Бірақ сержант Баранов оған: «есікті аш, әйтпесе мені өлтіреді» дейді ышқынып. Әріптесінің сөзіне құлақ асып, Мұратов есікті ашқан соң, өзі де кепілге түседі. Барлық есіктердің кілті қолдарына тиген соң, Ақбергенов пен Мельников 22 камераның есігін ашып жіберіп, басқа қылмыскерлерді де бүлікті қолдауға шақырады. Алайда оларға Мартыновтан басқа ешкім қосылмаған еді. 

            Түн іші болды. Жедел уәкіл полковник Абылай Қайсенов бүлікшілермен келіссөз жүргізе бастады. Келіссөз неғұрлым ұзағырақ жүрсе, қылмыскерлер кепілге алынғандарды босату ықтималдылығы соғұрлым жоғары болатынын ол тәжірибесінен білетін. Кепілге алынғандардың жағдайы қиын екенін Қайсенов жақсы түсінді. Келіссөз барысында:

– Бізге автомат, противогаз беріңдер, — деді қылмыскерлер.

           Противогаз сұрағаны, әскерилер газбен тұншықтырады деп қорықса керек. Ал енді сұраған қаруды қолдарына ұстатса, құрбандардың саны әлдеқайда көбейетіні сөзсіз. Сондықтан бұл талаптың орындалуы екіталай. Мұны Абылай жақсы түсінеді, бірақ «уақыт ұту керек» деген шешімге келді. Сондықтан:

– Сұрағандарың қазір жеткізіледі, — деп, сөзбен алдарқатып, уақытты тағы да  соза түсті. Жағдай ушыққанда, сұраған противогаздарын кіргізген. Қару берілмеген соң, жауыздар кепілге алынғандарды шыңғырта бастады. Мұратовты өтпейтін пышақпен бауыздамақ болып, әбден азаптап жатқаны білінді. Түн ортасы ауғанда, оның қансыраған денесін далаға лақтырып тастаған. Таңғы сағат төрттерде Мұратов ота үстінде жан тапсырды. «Ақылға келіңдер» деген сөзді өлім жазасына кесілгендер түсінбеді. «Бізді қалжыңдап отыр деп ойламаңдар» деп, Барановтың бұғанағын сындырды. Қатты шок алған Азаматов болса, азат етілгеннен кейін бір жұмадай өз-өзіне келе алмаған.

              Қылмыскерлер ұшақ сұрап, біраздан кейін ол ойларынан айныды. Абылай осыдан да үш қылмыскердің араларында ауызбіршілік жоқ екенін байқаған.  «Бізге сыртқа шығуға мұрсат беріңдерші, таза ауадан бір жұтайық, сосын не істеймін десеңдер өз еріктерің» деп, бір кезде автокөлік сұрады. Қылмыскерлер қалжырап, әбден шаршаған кезде жүйкелері жұқара бастағандай. Түнгі үштің кезінде журналистерді шақыруды талап еткен. «Жақсы, сұрағандарың болады» деді Абылай. Ол неғұрлым уақытты соза түсті. Әрең дегенде таңғы сағат жеті болған.  Осы кездеАлматыдан арнайы мақсаттағы бөлім де келіп жетті. Күндізгі сағат 14:00-ден бастап, таңғы сағат 07:00-ге дейін қас қақпай, кез келген тапсырманы орындауға дайын тұрған «Арланның» қызметкерлері де командир бұйрығын күткен. Қылмыскерлер іштегі адамдарды қалқан қыла ма деген қауіп басым болып, қаруды қолдану-қолданбау жөнінде біраз мәселе туды. Ақыры: «операция шиеленіскен жағдайда ғана қару қолданылсын» деген шешім қабылданды. Ғимаратқа басып кіру жоспарын пысықтап алған соң, арнайы жасақ қызметкерлері шұғыл іс-әрекетке кірісті.

 – Үшінші қабаттан секіріп, оң қапталдан кіреміз, — деген Темір Әмірхановтың бұйрығын жауынгерлері қалт жібермей орындады. Беліне сақтандыру белдігін байлаған Әлиманың арнайы жасақ сапындағы алғашқы тапсырмасы еді бұл. Қыз бастапқыда жүрексініп, сәл кідіріп қалған. Соны байқаған командир оған қатқыл дауыспен:

– Сен жауынгерсің, секір! — деді.

         Сол сөзі қамшы болып, бойындағы үрей атаулы сейіліп жүре берді де, Әлима төмен қарай секіріп кетті. Операция бір минут он жеті секундқа созылды. Кепілге алынғандар босатылып, қылмыскерлер құрықталды.  

         Арада екі-үш күн өткен. Абылай мен Темір Есіл бойында қармақ салып отыр еді.

– Бірге тапсырмаға барып, өзіңді ең алғаш көрген кезім есіме түсіріп отыр, — деді Темір. – Ол кезде құқық қорғау саласына енді келген кезің еді ғой. Өзіңе тән қырағылықты сол жолы бірден байқатқансың.

                 Оқиға былай болған. Сығандар кенті, Рысқұлов көшесіндегі жеке секторлардың бірінде «есірткі бар» деген жедел ақпарат келіп түсті. Аталған мекенжайға ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының басшысының өзі  бастап, жедел әрекет тобы мен арнайы мақсаттағы рота барған. Бір сағат бойы үй іші мен жертөлеге тінту жүргізілгенімен, ештеме таба алмай, енді кері қайтқалы жиналып жатты. Осы кезде капитан Абылай Қайсенов құмда ойнап отырған бірнеше сыған баласына назар аударды. Балалардың ұзақ уақыттан бері тапжылмай бір жерде ойнап отыруы Абылайдың күдігін тудырған еді. Тексере келгенде, құм астынан жертөле шықты. Өзіне тән иісі бар, сұрғылт түсті он мөшек есірткі сол жерге жасырылыпты.

              – Содан бері қаншама сулар ақты, бірақ екеуімізге әлі де бір тыным жоқ-ау, достым!

– Дәл солай, полковник мырза! –деді Темір күліп.

           Абылай досына қарап күлімсіреп, иығынан қақты. Осы кезде қармақты балық қапқан.

Анар Кабдуллина,

Астана қаласы

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...