Ядролық сынақ адамзат баласына аз қасірет әкелген жоқ. Семей өңіріндегі сынақтардан көптеген ауылдас, жерлестеріміз, үлкен-кіші денсаулықтарынан айырылып, кемтар балалар өмірге келгенін, талай тұрғын радиация салдарынан жастайынан қыршын кеткенін деректер мен бүгінгі тарих дәлелдеуде.
Қасіретті удың қазақ даласында сыналуы кеңестік биліктің жымысқы саясатынының бірі еді. Кең даладағы Сарыарқаның қасиетті топырағын улап, малын аздырды, елін тоздырды. Тəуелсіздік қана бұл зауалдың тамырына балта шауып, Олжас, Мұхтар секілді қайталанбас қайраткерлердің табанды күресінің арқасында ядролық сынақ тоқтады. Қолдан жасалған зауал қалпына келтіріліп, жергілікті халық денсаулығы қадағаланды. Қазір күнтізбе бетінде 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні ретінде аталады. Ал ол қасіретті сынақтың жабылғанына биыл 35 жыл (1991). Қазақстан ядролық қарусыздану жолында батыл қадам жасап, əлемдік қауіпсіздікке үлес қосқан тарихи шешім. Полигонның жабылуы қазақ халқының ұзақ жылдар бойғы қасіретіне нүкте қойып, жаһандық бейбітшілікке бағытталған жаңа кезеңнің басталуы болды. Семей полигоны – КСРО ядролық сынақ полигондарының ішіндегі ең ірі əрі аса маңызды стратегиялық объектінің бірі болып саналды. КСРО Семейден бұл сынақ полигоны үшін арнайы 18 млн га жер бөліп, Семей ядролық полигонын ашқан. Бастапқыда адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық əсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтың азабын шекті, денсаулығынан сол кезде айырылған көпшілік əлі күнге дейін соның сарқыншақ зардабын тартып отыр. Википедиялық деректер «Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық жəне термоядролық жарылысты құрағанын, олардың 116-сы ашық болғанын, яғни жер бетіндегі немесе əуе кеңістігінде жасалғанын жазады. Семей полигонында əуеде жəне жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп десті деректер. «1949 жылғы 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп, аспанға көтерілген. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарыстырар сəуле бас айналдырып жібергендей бір сəтте жер қабығының ыстық күлі мен иісі көкке тараған. Жер лыпасының өртең иісі қолқа атар түтіннің ащы иісін қолдан жасалған жел əп-сəтте жанжаққа таратты. Таяу жерлердегі сирек ауылдарда тұратын адамдар дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен қарап тұрған. Жалғыз түп шөп қалмаған, түтігіп қарайып кеткен даланың тұл жамылғысы дерсіз. Жан-тəсілім алдында жанталасқан тышқандардың, қарсақтардың, кесірткелердің өлі денесі де осы Семей жерінен табылған». Бүгінгі таңда жас ғалымдар мен бас ғалымдар бұл мəліметтердің бəрін растайды. Қарапайым көпшілік қасіреті ауыр өткен тарихқа құрметпен қарайды. Өйткені ауасы ластанған өңірде жергілікті халық əлі де өмір сүріп жатыр, сүре де береді. «Елу жылда ел жаңа» десек те, медициналық мүмкіндіктер кей кездері шындығында науқастардың емін бірден емдеп жіберуге құлықсыз. Əсіресе ол ядролық сынақтан қалған із, сызат болса. Енді қазақ даласы ешқашан мұндай эксперимент алаңына айналмасын!
Нұрберді ТАЛАСБЕКҰЛЫ, 10-сынып оқушысы АЯГӨЗ ҚАЛАСЫ АБАЙ ОБЛЫСЫ


