12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

СЫН САҒАТТА СӨККЕНІМІЗ СӨКЕТТІК

ҚҰЗІРЕТТІ ОРГАНДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ КӨПШІЛІКТІҢ КӨҢІЛІН КӨНШІТПЕЙТІНІ БЕЛГІЛІ. ӘСІРЕСЕ, ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ АЛҒЫСТАН ГӨРІ СЫН АЙТАТЫНДАР БАСЫМ. БІРІ «ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ ӨЗДЕРІ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ БҰЗДЫ» ДЕП ҚАРАЛАЙДЫ, ЕНДІ БІРІ «САҚШЫЛАР
СЫННАН САБАҚ АЛМАЙДЫ» ДЕП СӨГЕДІ. ЖАСЫРАТЫНЫ ЖОҚ, ҚАЗІР ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ «ЖҰЛДЫЗЫНА» АЙНАЛДЫ. ОСЫ КҮНІ ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІРІНДЕГІ ОҚИҒАЛАРДЫ ДА ОРЫНСЫЗ АЙЫПТАП, ҚЫЗМЕТТЕН ТЫС ӘРЕКЕТТЕРІНЕН ДЕ ӘБЕСТІК ІЗДЕУГЕ ҮЙІРМІЗ. ӘЙТЕУІР ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНДЕ ҚАЛҒАН КЕГІМІЗ, АЛЫНБАҒАН АҚЫМЫЗ БАРДАЙ.

Қазіргідей сын сағатта да сақшыларды сынаушылар көбейді. Алайда қауіпті вируспен күрестің алдыңғы
шебінде жүрген полиция қызметкерлердің орынсыз сөзді ойлауға мұршасы жоқ. Мәселен, Медеу аудандық
ішкі істер бөлімінің бастығы Әсет Бегматовтың үй бетін көрмей қызмет етіп жүргеніне бір айдан асқан.
Карантин жарияланғалы бері тәуліктеп кезекке түсетін полицейдің отбасымен интернет желісі арқылы жағдай біліскені болмаса, басқа уақыты тік тұрып қызмет етуге арналған. «Кешкі сегізден таңғы сегізге дейін әкімшілік
тарапынан берілген алгоритмдік жүйемен жұмыс істеп жатырмыз. Бастапқы кезеңде қала ішіне тек ауыр жүк және азық-түлік тасымалдайтын көліктерді ғана жіберуге міндет алдық. Ал, жергілікті халықтың көлік қатынасымен жүруіне тыйым салынды. Дәл сол заңға бағынғысы келмеген жеке жүргізушілер мен әлеуметтік желідегі блогерлер түрлі арандатушылық әрекетке барып, жұмысымызға кедергісін келтірді. Құқықбұзушылық жасаған жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ, айтқаныңды құлағына қыстырғысы келмейтін, жауапкершілікке тартылғанына өзімізді жазғыратын жандар да кездеседі», – дейді Әсет Нұрбақытұлы. Бүкіл күнін блок-бекетте өткізіп, қауіпті індеттің халық арасына таралып кетпеуі үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің бөлімше бастығы, полиция капитаны Қанат Темірбеков те қырық күннен бері тәртіп бұзғандарды тезге салуға атсалысып жүр. Таңертең департаментте өтетін нұсқаулық жұмысынан кейін 25 қызметкермен бірге Қанат та бесінші Қаражар блок-бекетіне бет алады. Сол уақыттан бастап аймақтардан келетін автокөлік жүргізушілерінің құжаттарын тексеріп, ақ халаттылармен бірге ауру жұқтырмағанын анықтауға кіріседі.
«Осы уақытқа дейін жағамызға жармасып, қарсыласқандар болған емес. Алайда, құжаты толық емес, уақыты
өтіп кеткендер болса кері қайтарамыз. Қазір қоғамда айтылып жүрген пара беру жағдайы өз басымыздан өткен жоқ. Ұсынуы мүмкін де емес. Себебі, бекетте бірнеше құзырлы орынның қызметкері бар, оқиғаның барлығы бейнетіркемеде жазылады. Бізде көбінесе Қаражар ауылының тұрғындары тәртіп бұзып жатады. Ағаш отырғызу аймағындағы жазық дала арқылы қалаға өтпек болатындар көп кездеседі. Оларға да қазіргі жағдайда өзгені ғана емес, өзі мен отбасының қауіпсіздігін ойлау керектігін ескертіп, тәртіпке бағынуға шақырамыз. Ескертпені елең қылмаса, тиісті орындарға жеткіземіз», – дейді Қанат Қалматұлы. «Жолдасымның осы салада қызмет етіп жатқанына он жылдан асты, Төтенше жағдай басталғалы олардың
жұмысы тіпті қиындап кетті. Біз қала сыртында тұрамыз, ал жолдасым қазір өздеріне бөлінген жатақханада
жатыр. Әкесін айлап көрмеген ұлымыз да күн сайын жол тосып жүр. Полицияның жұмысы қиын. Түсіндіру жұмысын теріс түсінетіндер мінез көрсетіп, балағаттап, қарсы келетін кездер де болады екен. Жолдасымның жағасына жармасқандардың бірінде ауру белгісі болса ше?. Мұндай жағдайда олар коронавирус жұқтырып алуы да мүмкін. Өз басым ол жұмыстан қайтамын дегенше шыбын жанымды шүберекке түйіп, ауру жұқтырып алмай аман-есен келсе екен деп елеңдеймін. Оның үстіне қазір телефонға түсіріп, бәле іздегендер де көбейгені рас. Бірде тоқ, бірде аш жүріп, халықтың тыныштығы үшін тік тұрып қызмет етсе де, еститіні
сөгіс, алатыны қарғыс», – дейді төтенше жағдай жарияланғалы жолдасын көрмеген Мақпал Молдашева.
Күні кеше емшектегі баласымен далада қалған отбасының пәтерақысын өз қалтасынан төлеп берген ақтөбелік полицейдің парасаттылығын көрдік. Тұрғынның өтінішін орындап, анасынан жырақта жүрген баланың туған күнінде тосынсый жасап, қиын шақта көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған Алматы облыстық полицейлерінің де ісі сүйсінтті. Полицейден жаналғыш жасауға тырысатындар, осыдан кейін сақшыларға да мейірім жат емесін түсінсе игі.
Бүгінде саптағы сақшылардың міндеті ауырламаса, жеңілдеген жоқ. Мәселен, Алматы облысында тәртіп
сақшыларының карантин тәртібін сақтау бойынша жұмысы қызу жалғасып жатыр. 16 наурыздан бастап
бүгінгі күнге дейін тәртіп сақшылары төтенше жағдай кезінде карантиндік аумақты сақтау және індеттің таралуының алдын алу мақсатында қызмет етіп, қолданыстағы ӘҚбК 476-бабының талаптарын бұзудың
3521 дерегін анықтады. Осы деректердің ішінен сот шешімімен 253 құқық бұзушыға айыппұл салынса, 285 тұлға әкімшілік қамаққа алынған. 1133 тұрғынға ескерту жасалып, қалған істер соттың қарауына жіберілген.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек төтенше жағдай жарияланғалы 6 мыңға жуық полицей карантиндік іс-шараларды атқаруға атсалысып жатқанын айтады. «Алматының кіре-беріс жолдарында құрылған 27 блок-бекеттерде полицейлерден бөлек әскерилер мен дәрігерлер де
күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Біздің қызметкерлердің көбі бір жарым айдан бері жанұяларына
барған жоқ. Алдымен блок-бекеттер құрылды, одан кейін қаланың ішінде шектеулер орнатылды. Карантинді қадағалау да полиция қызметкерлеріне жүктелді. Бастапқы бір апта полицейлер халыққа тек түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ол кезде ешкімді айыптамайтын, хаттама толтырмайтын. Жеті-сегіз күннен кейін ғана тәртіпке бағынбағандарға Әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша хаттама толтырып, жауапкершілікке тарта бастадық. Өйткені, кейбіреулер ескертпені елең қылмайды. Біздің қызметкерлер карантин жарияланғалы күн-түн демей, уақытпен санаспай қызметіне адалдық танытып, міндетін мінсіз орындап, медициналық қызметкерлермен бір қатарда жұмыс істеп жатыр. Қауіпті індетті жұқтырып алғандар да бар. Бірақ, оның барлығын жариялап отырған жоқпыз. Себебі, офицерлер ел үшін, халықтың тыныштығы үшін өз денсаулығы емес, өз өмірін қиюға бар», – дейді Салтанат Әзірбек.
Ресми өкілдің айтуынша, бүгінгі күні екі мыңға жуық азамат карантин нормаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның біразы соттың шешімімен әкімшілік қамауға алынған. Бір тәуліктің өзінде ғана 34 жүргізуші қала бойынша заңсыз жүргені үшін ұсталса, оның 30-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4 жүргізушіге қатаң ескерту жасалған. Қауіпті індеттің кең таралмауы – құқық қорғау қызметкерлерінің жанкешті еңбегінің жемісі. Олар да біреудің жары, әкесі, баласы. Олардың да отбасымен бірге болғысы келеді. Бірақ, Отан алдында ант бергендер міндетке мінсіз болуды бірінші орынға қойып, Сіз бен біздің амандығымыз үшін алаңдап жүр. Ендеше, сапта жүрген сақшылар туралы бос сөзге еріп, жалған мәліметке
жол бергенше, қолдан келгенше қолдау көрсетсек, қауіпті індеттен тезірек құтыларымыз сөзсіз.
Жадыра МҮСІЛІМ

[ratings]

ЭКОНОМИКАЛЫҚ БӘСЕКЕДЕ МИНЕРАЛДЫ ШИКІЗАТТЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Жеріміз пайдалы қазбаларға толы деп мақтанамыз. Алайда, осы байлық толыққанды ел игілігіне айналмай отыр. Оның бір себебі пайдалы қазбаларды жер қойнынан алып шығудың қиындығында. Осының салдарынан құрамында минералды шикізат бар тау жыныстарының белгілі бір бөлігі басқа елдерден әкелінеді.

Астанада жылу қайта қосыла ма? Қала әкімі жауабы

Астанада жылу беру маусымы аяқталды, бірақ күн қайта суытып, 1 мамырда қар жауды.

Қырғызстанда балмұздақ тиеген жүк көлігі балаларды қағып кетті: зардап шеккендер саны көбейді

Қырғызстанда балмұздақ тиеген жүк көлігі балаларды қағып кетті. Қайғылы оқиғадан кейін зардап шеккендер саны артты.

Бүгін ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 3 мамырда елдің 12 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасады.

Қазақстандағы ірі сауда орталықтары үшін жаңа міндеттеме енгізілуі мүмкін

Ірі сауда орталықтары келушілерді сапалы Wi-Fi-мен қамтамасыз етуге міндеттелуі мүмкін. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек хабарлады.