Қазақстан халқын суық мезгілде отандық өндірістегі қияр мен қызанақпен толық қамтамасыз ету мүмкіндігі бар-жоғы 2027 жылдың көктемінен ерте белгілі болмайды. Ал сыртқы сауда статистикасы аталған көкөністер импортының әлі де артып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе қыс мезгілінде шетелдік өнімдерге сұраныс күшейеді. Бұл туралы BAQ.KZ energyprom.kz деректеріне сілтеме жасап хабарлады.
Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мәліметінше, суық маусымда Қазақстанның импорттық көкөністерге деген қажеттілігі жоғары деңгейде қалып отыр. Өткен қыста шетелден жеткізілген қияр көлемі қараша және желтоқсан айларында күрт өскен. Бұл үрдіс 2026 жылдың алғашқы айларында да жалғасын тапты.
Қызанақ нарығында да осындай жағдай байқалады. Қыс мезгілінде оның импорты артып, көктемде оңтүстіктегі көршілес елдерден жеткізілім көлемі одан әрі көбейген. Бұған әсер еткен факторлардың бірі – өнім бағасындағы айырмашылық.
Сонымен қатар ашық статистикалық деректер қыс мезгілінде ішкі нарықтағы жылыжайларда өсірілген қазақстандық көкөністердің нақты үлесін анықтауға мүмкіндік бермейді. Дегенмен импорт көлемінің маусымдық кезеңде айтарлықтай өсуі отандық өндірушілер әзірге тұтынушылар сұранысын толық өтей алмай отырғанын аңғартады.
Соңғы бірнеше жылдағы сыртқы сауда көрсеткіштері Қазақстанның шетелдік қияр мен қызанақ жеткізушілері үшін әлі де тартымды нарық болып отырғанын көрсетеді.
Атап айтқанда, 2025 жылдан бастап қияр мен корнишон импорты 13,6 пайызға өскен. Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасты. Қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстанға 9,2 мың тонна аталған өнім түрлері әкелінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7 пайызға көп.
Шетелден жеткізілетін қызанақ көлемі де артып келеді. Алайда оның өсімі біршама баяу. Мұндай үрдіс 2024 жылдан бері байқалады: жыл сайынғы өсім шамамен 8-9 пайызды құрайды.
Айта кету керек, келтірілген көрсеткіштер қияр мен қызанақтың өсірілу тәсіліне қарамастан, жалпы импорт көлемін қамтиды. Яғни статистикаға жылыжайда да, ашық топырақта да өсірілген көкөністер енгізілген.
Осылайша, отандық жылыжай шаруашылығы кеңейіп келе жатқанына қарамастан, Қазақстан көкөніс импортына тәуелді болып отыр. Әсіресе суық мезгілде импортқа деген қажеттілікті азайтуға отандық өндірістің қаншалықты қауқарлы екенін 2027 жылдың көктеміндегі қорытынды көрсеткіштерден бағалауға болады.



