Сыбайлас жемқорлықпен күресу — өзегі жайылған күрделі мәселенің бірі. Сыбайлас жемқорлық заман ағымымен бірге өсіп — өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайған, жойылмай отырған кесел.
Бұл кесел елдің даму жолын баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық сипатына кері әсерін тигізіп, тұтастай елдің даму болашағына қауіп төндіретін құбылыс.
Сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Яғни, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытындысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге немесе қате аударуға сатып алу сынды қылмыстар сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатын нақтылап, бүгінде әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналған. Сыбайлас жемқорлықтың көріністерін жою мақсатында заңнамалық актілер қабылданып, шаралар атқарылуда.
Оның айқын дәлелі, 2015 жылдың 18 қарашасында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданды. Бұл заңның мақсаты — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп – қатерден ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесу және ашу.
2019 жылдың 13 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды.
Сонымен қатар, тағы бір серпін ретінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 — 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын атап өтуге де болады. Бұл еліміздегі құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге бағытталған, жемқорлыққа қарсы әрекеттермен пайда болуының алдын – алуда жүйелі, тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді.
Президенттің жыл сайынғы халыққа жолдаған жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес назардан тыс қалған емес. Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттеу тәсілдерін, соның ішіндегі осы саладағы мемлекеттік бақылау жүйесін түбегейлі өзгерту тапсырылған болатын. Бұл осы орайда мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясатының жалғасын тауып жатқанын пайымдайды.
Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Әр тұлға адамгершілік, зияткерлік, мәдени тұрғысынан дами отыра, бойына сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудағы белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыра білсе сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге болады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес — барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білуі керек.
Сәрсенбай Айғаным Қабдулнасырқызы
Шалқар аудандық соты әкімшісінің жетекші маманы