Сыбайлас жемқорлық-замана дерті, бәсекелестік пайда болған жерлерде белең алып, мемлекетіміздің дамуына кері әсерін тигізіп отырған фактор.
Сыбайлас жемқорлық белең алған мемлекетте қоғамның көбесі сөгіліп, мемлекет іштей қалжырап, жастар болашаққа нақты қадамдар жасай алмай, құлдырау басталады.
Кедергіні мүмкіндікке, тәуекелді табысқа, арманын мақсатына айналдырғысы келетін жастар сыбайлас жемқорлықтан мүлде қашық болуы тиіс.
Жалынды жастардың әрбір идеясын қолдап, қамқорлық танытып, болашаққа қарышты қадамдар жасау арқылы сыбайлас жемқорлықтың тамырына түпкілікті балта шабамыз.
Бүкіл ғаламшар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шығып, асқынған ауру ретінде қарап, жемқорлыққа қарсы іс-шаралар ұйымдастырылса қоғамда, ел экономикасында қарқынды даму басталмақ.
Жайқалған гүлдің жанынан өскен арамшөп секілді, жемқорлық қоғамдағы адамдардың санасын улайды, өміріне етене енеді, бұған түпкілікті қарсы болуымыз керек.Тамыры тереңге жайылған, күрделілігі әлемге ой саларлықтай сыбайлас жемқорлық дерті саяси даму дәрежесінде экономикасы мен экологиясы әртүрлі әлемнің барлық елдерін қамтып отырғандықтан, біз мемлекет ретінде ғасырлық өзегі мен тамыры бар сыбайлас жемқорлықтан барынша жастарды алысырақ ұстағанымыз жөн.
Бабадан балаға мирас болған ұлттық құндылықтарымызды сақтап, кемел келешектің көшбасшысы болғымыз келсе, қоғамды жемқорлық деген ауыр дерттен арылтуымыз керек. Бұл дертпен қоғам болып күреспесек, дауасын, шипасын табу қиындай түспек.
Мемлекетімізде идеологиялық және саяси шараларды сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағыттасақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет оң нәтижесін бере бастайды деген сенімдеміз. Өзіміз оң өзгерістер жасап, жастардың санасына ізгілік дәнін себе беруіміз керек.
«Ең бастысы-әрбір мемлекеттік құрылыстың жанындағы істі, лауазымды тұлғалар пайдаға батпайтындай етіп қою керек»-деп дөп басып айтқан Аристотельдің даналық ойы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған емес.
Мемлекеттің дамуында бармақ басты, көз қысты әрекетке тыйым салынуы тиіс. Әділдікті пен турашылдықты ту еткен Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріміз де туралықты, әділдікті, адалдықты насихаттап, ел іргесін бекіткен.
Кез-келген қоғамда сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі. Сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндіктен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі, осынау зұлымдықпен күресу.
Республикамыздың барлық азаматының азаматтық борышы жемқорлыққа қарсы тұрып, күресу.Зайырлы, тәуелсіз мемлекетімізде сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!
Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының сот приставы К.М Утепбеков