Сыбайлас жемқорлық барлық мемлекетте бар. Сондықтан, бұл дерт
халықаралық құқықтық актілерде халықаралық құқықтық тәртіпті
қамтамасыз ету саласындағы жаһандық проблемалардың бірі ретінде
айқындалады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің шетелдік тәжірибесі
өте маңызды Лауазымдық қылмыстарға сыбайлас жемқорлық, парақорлық,
қызметін теріс пайдалану, т.б. жатады. Оның ерекшелігі мұндай
қылмыстарды заңды қорғауға тиісті адамдардың жасауынан көрінеді.
Жемқорлықпен күресте әр елдің өз тәжірибесі бар.
Батыс елдерінде сыбайлас жемқорлықты болдырмауға қатаң шаралар
қарастырылған. Сыбайлас жемқорлықпен күресте ең қатаң жазалар
қолданатын елдің бірі – Қытай. Бұл елде сыбайлас жемқорлық жасағандар
барлық атқаратын лауазымдары мен атақтарынан, марапатарынан айрылады
және мүліктері тәркіленеді. Мұндай жаза қылмысқа барған адамның тек өзіне
емес, сонымен бірге жақын туысқандарына да қолданылады. Пара алғандарға
өлім жазасы қарастырылған. Сондықтан, бұл ел бүгінде сыбайлас
жемқорлықсыз қоғам құрып, экономикалық жағынан әлемдік
көшбасшылардың біріне айналды.
Қазіргі таңда Сингапур сыбайлас жемқорлықты жоя білген ең «таза»
мемлекеттердің қатарында. Сингапурда басы артық әкімшілік кедергілер
жоқ. Әр үш жыл мен жыл аралығында сыбайлас жемқорлыққа қатысты
жүргізілген шараларға сараптама жасалады. Мемлекеттік қызмет
меритократия, бейтараптық, қоғамға есеп беру, адалдық, жемқорлыққа қарсы
негізде еңбек етеді. Мұнда халықтың әрбір арыз-шағымына мұқият көңіл
бөледі. Шенеуніктер кірістерімен қоса шығыстарын да жариялайды. Бұл
ретте қызметкердің туыстары мен достары да тексеріледі. Сингапурдің
сыбайлас жемқорлықпен күрес тәжірибесі күшті саяси ерік-жігер мен жалпы
қоғам тарапынан қолдау болса, оның түп-тамырына балта шабуға болатынын
көрсетеді.
АҚШ-тың сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық стратегиясы шетелде
заңсыз жолмен табылған қаржыны жасыруға жол бермейді. Америкалықтар
арасында пара алу мен беру өте сирек кездеседі. Себебі, олар оған қарсы
қоғамдық иммунитетті бала бойына мектеп қабырғасынан қалыптастырады.
Сыбайлас жемқорлық қылмысы ең қатаң қылмыс түрімен жазаланады. Пара
үшін оның үш есе мөлшеріндегі айыппұл немесе 15 жылға дейін түрмеде
ұстау, не екеуін бірдей қолдану, ал ауырлататын мән-жайларда 20 жылға
дейін қамауда ұстау көзделген. Мұнда құқық бұзушылықты қадағалаудың
қатаң жүйесі құрылған. Сыбайлас жемқорлыкпен күресте Федералдық тергеу
бюросының алатын орны ерекше.
Жемқорлық деңгейі ең төмен үш елдің қатарына кіретін Данияда
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жиырмаға жуық заң бар.
Даниялық шенеуніктерге табыстарын ашық жариялау заңмен міндеттелген.
Салық органдары олардың шығындарын салыстырып, сәйкессіздіктерді
бақылап отырады. Ұлыбританияның Нолан комиссиясы жемқорлыққа жол бермейтін
риясыздық, сатылмастық, әділдік, есептілік, ашықтық, ар мен абыройды
сақтаушылық сынды қағидаларды қабылдаған. Осы қағидаларды қатаң
ұстану олардың экономикасын дамытып, озық елдер қатарына шығарып
отыр. Дамыған мемлекеттерде сыбайлас жемқорлық жанжалына ілінген
күдікті шенеунік жоғары лауазымға тағайындалмайды. Мұнда сыбайлас
жемқорлыққа қатысты мәліметтерді бүге-шігесіне дейін ашып жазатын,
зерттейтін тәуелсіз БАҚ-тар бар. Бұқаралық ақпарат құралдарының назарына
ілігу абырой бермейтінін мемлекеттік қызметтегілер жақсы түсінеді.
Біздің елімізде де сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары қарқынды
жүргізілуде. Жегіқұрттың алдын алу барша қазақстандықтың міндеті.
Гаухар Қасымбаева,
Алматы қаласының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы