Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін маңызды мәселелердің бірі. Ол халықтың мемлекетке деген сенімін төмендетіп, әділдік қағидаттарының бұзылуына әсер етеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып саналады.
Мемлекет Басшысының 2025 жылғы 30 маусымдағы №927 Жарлығына сәйкес, еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты үйлестіру міндеті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері Агенттігіне жүктелген.
Бүгінде Агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамда заң үстемдігін нығайту және адалдық қағидаттарын ілгерілету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бұл бастамалар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, азаматтардың құқықтық санасын арттыруға және мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін күшейтуге бағытталған.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында екі негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Оның бірі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жасау болса, екіншісі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін сыртқы талдау белгілі бір саладағы немесе мекемедегі заңбұзушылыққа себеп болуы мүмкін осал тұстарды анықтауға бағытталған. Талдау нәтижесінде кемшіліктерді жоюға арналған нақты ұсынымдар беріледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг мемлекеттік органдардағы қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заңнаманың сақталу деңгейі мен қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау көрсеткіші сараланады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда түсіндіру және ағарту жұмыстарының маңызы зор. Осы бағытта қоғам белсенділерінен құралған ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен мемлекеттік қызметшілер, жастарға және квазимемлекеттік сектор өкілдеріне арналған семинарлар, кездесулер мен акциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында олардың қатысуымен 60-тан астам іс-шара өткізілді.
Аталған кездесулер адалдық мәдениетін қалыптастыруға, мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп нормаларын сақтау мен заң талаптарын түсіндіруге бағытталған.
Сонымен қатар елімізде мемлекеттік аппаратты жетілдіру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Президенттің мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлығы аясында шешім қабылдау үдерістерін жеңілдету, артық құжат айналымын қысқарту және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының мерзімінің аяқталуына байланысты алдағы бес жылға арналған жаңа тұжырымдама жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Осыған орай мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен жаңа тұжырымдамаға ұсыныстар енгізу мақсатында бірқатар кездесулер өткізілуде.
Іс-шаралар барысында жаңа тұжырымдама жобасының негізгі басым бағыттары таныстырылып, қатысушылар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды ұсыныстарын білдірді.
Өз кезегінде, аталған стратегиялық құжатқа қатысты ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз болған жағдайда, оларды Департаментке жолдауларыңызға болады.
Бұл жұмыстар мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, ашықтық пен әділдік қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз.
Ф.Касымова, МҚІА Қарағанды облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу басқармасының басшысы


