Сыбайлас жемқорлық – әлем халықтарына ортақ кесел. Бұл індет өркениетті қоғамды іштен ірітеді, дамуды тежейді, азаматтардың болашаққа деген сенімін әлсіретеді. Соған орай кез келген мемлекетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес маңызды міндеттің бірі саналады. Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімге нұқсан келтіреді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді.
Дамыған, озық отыз мемлекеттің қатарына қосылуды мұрат еткен елімізде сыбайлас жемқорлық секілді зиянды әдетке орын болмауы керек. Бірақ жемқорлықтан арылу көпшіліктің ниеті мен сөзімен реттеле салмайтыны түсінікті. Бұл құбылысты жеңу үшін қоғамның күш-жігерін біріктіру маңызды. Әр азаматтың санасында жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастырып, отаншылдық, патриоттық рухты ояту өзекті. Елінің ертеңін ойлаған азамат елдің дамуына кедергі келтіретін кеселмен күресте шетте қалмайтыны даусыз.
Қазақстан да тәуелсіздік алғалы бері сыбайлас жемқорлықпен күреске айрықша маңыз беріп келеді. Еліміз Кеңес одағының шекпенінен шыққан елдер арасында бірінші болып Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңды қабылдады. Кейіннен дамыған елдердің заңдары мен тәжірибесін зерделей келеді 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы» заңды дайындап, қолданысқа енгізді. Бұл заңның мақсаты індеттің салдарымен күресуге емес, себебін айқындауға, түйткілдің алдын алуға бағытталған.
Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресті жеңген, індетті ауыздықтауда іргелі нәтижелерге жеткен елдер бізге тамаша үлгі бола алады. Олардың қатарында Сингапур, Норвегия, Швеция, Швейцария сияқты мемлекеттер бар. Осы дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, талдап, сараптаған ғалымдар мен мамандар жемқорлықты тек жазаны қатаңдату арқылы жеңудің мүмкін еместігін алға тартып отыр. Өркениетті елдер мемлекеттік қызметтердің барлығынан адами процесті азайтып, қызметтерді мейлінше қашықтан көрсетуге басымдық берген. Ашықтыққа, жариялық пен қолжетімділікке мән берген. Ал қызмет ашық болса, заң түсінікті, жасайтын қадамдар анық дәйектелсе, кезек жойылып, қосымша ақпараттар мен анықтамаларды алу қиындық тудырмаса, азаматтардың да таныс іздеп, мәселені сыбайластықпен реттеуге тырыспайтыны түсінікті. Қазір біздегі мемлекеттік қызметтердің айтарлықтай көп бөлігі электрондық форматқа ауысты. Сот қызметінде де осындай алға жылжу бар. Тек «Сот кабинеті» бірыңғай сервисінің өзі сотқа шағым беру, сұраныс жолдау, құжаттарды алу жұмыстарын жеңіл, оңтайлы, қолжетімді етті. Бүгінде мұндай қызметтер үшін арнайы сот ғимаратына келудің қажеттілігі жоқ. Тіпті, жаңа технология сот процестерін де қашықтан өткізуге мүмкіндік туғызғанын мақтанышпен айтуға болады. Ал экранның ар жағына тұрған тараптар сотпен ешқандай байланыс жасамайды, соған орай сот пен судьяларға қатысты сын, ескертпе, күмән да азаяды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының азаматтық борышы. Қазіргі әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде және үнемі жетілдірілуде. Біздің еліміз де бұл үдерістен шет қалмайды. Себебі, біз таза, ашық қоғам орнатқанда ғана озық елдер сапына қосыларымыз күмәнсіз.
Дәулет Аркинов, Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының төрағасы


